Еңбекке баулу мектептегі ең қызықты сабақ…

Еңбек сабағы оқушылардың іс-әректі ретінде негізгі нысаны болып табылады. Еңбек процесі кезінде баланың ойлау қабілетіне тікелей әсер ететін саусақтарының ұсақ моторикалары мен қозғалыс аппараты жетіліп,икемге келеді. Жалпы, еңбек іс-әрекеті — бала бойындағы сенімділік, жігер, жауапкершілік, дұрыс ойлау, еңбексүйгіштік, мақсатқа жету, тұрақтылық сияқты   қасиеттерін қалыптастыратыны хақ…

Биыл жомарт жаздың аяқталғанын күздің ақырын аяңдап басып кіргенінен байқадық. Жаздың жасыл жапырақтарын сарғайтып, табиғатқа түрлі-түсті рең берген күз – өзінің әсем сұлулығымен, салқын самал желімен «мен келдім» деп  ескерткендей болды. Иә,  күздің келгені  тағы да бір   жаңа оқу жылының  басталғаны екені айтпасада түсінікті. Бұл оқу жылы да түрлі  өзіндік өзгерістері  мен   қызыққа толы  жаңалығымен тарихта қалатыны сөзсіз…

Күз айларының адамзатқа берері мол. Мәселен, шаруаның малы семіріп, қысқа дайындығы басталса, егіншінің егіні пісіп,қамбасы астыққа толады. Ал, жаңа оқу жылында ұстаздар оқушыларымен қайта қауышып, бақыт құшағына бөленері рас. Сөйтіп, мектепте көзге көрінбейтін өмірдің қоғалыс заңдылықтары орнап ,белгілі бір ырғақпен әрі қарай алға жылжи береді. Сол сияқты, көркем еңбек пәні мұғалімдеріне де алуан түрлі күз бояулары әсер етпей қоймады.

Бірінші тоқсан осы бейнелеу өнеріне, яғни, сурет салуға арналған. Мектебін сағынған оқушылар да құралдарын түгендеп, «еңбек сабағына не әкелеміз, биыл не жасаймыз?..» деген тосын сұрақтардың астынан алуда. Алғашқы сабағымызда әдеттегідей техника қауіпсіздік ережесін еске түсірдік. Әрі қарай бейнелеу өнерінің әдіс тәсілдерімен танысып, сурет салудан бастап кеттік. Дұрыс ұйымдастырылған  еңбек сабағының ықпалы өте  көп. Оқушылардың нерв жүйкелерін тиыштандырып қана қоймай, өз әлеміне саяхат жасауға есігін ашады…

Салған суретіне қарап, бала ойының ұшқырлығы шексіз екенін байқайсың. Жақсы шәкірт мұғалімге шабыт береді, өзі көп нәрсеге үйренеді және деңгейі өседі. Тіпті, оқушылар  еңбек сабағында қалыптасып қана қоймайды, дұрыс мамандық таңдауға да септігін тигізеді.   Себебі, олар өзіне ұнайтын, өмірге керекті  жақсы  игі-іспен ғана айналысады. Былтырғы қыркүйек айының 16-да өткен қалалық  қала күніне арналған  іс-шарасына қатысып, «Күз келбеті» атты көрме шығардық. Оқушылардың көрмесінде 7 сынып оқушыларының салған суреттері көрме төрінен орын алды.

Мың бояулы күз реңін бояумен келтірген суреттер көпшіліктің көңілінен шыққандай болды. Өтіп бара жатқан адамдар көрмені суретке түсіріп, өздері қасында тұрып суретке түсіп жатты. Әсіресе, жүнмен салынған суреттер, былғарыдан жасалған гүл компазициялары, моншақпен өрілген гүлдер адамдарды еріксіз өзіне тартты. Күз мезгілі адамзатқа шабыт беріп қана қоймайды, «жинақтал, қысқа қамдан, шығармашылықпен айналыс» деп ескертетіндей.

Осы орайда жетінші сынып оқушылары әртүрлі дәнектермен гүлдер жасап, күзгі жапырақтармен күз келбетін салды. Бұл шығармашылық жұмыстары өте сәтті шықты. Джаспенова Лаураның салған суретінің түс үйлесімділігі өте жоғары деңгейде бағаланды. Бесінші сынып оқушыларымен жұмыс жасаған өте қызықты және маған ұнайды. Олар «Мүсін» тақырыбын өте жақсы меңгерді. Шәкірттер өздерінің сүйікті жануарлары мен аңдарының мүсін қаңқасын темірмен жасап алып, оны әрі қарай арнайы ермек сазбен жабыстыру арқылы сомдады.

Әсіресе, Қонысбай  Бекдиярдың динозавры, Рахат Мұңсыздың аюы, Алпысбаева Аянаның керігі көзге ерекше түседі. Сөйтіп, алдымызда отырған оқушылардың арасында ерекше дарынды балалар  іріктелінгені байқалды. Бала қолымен жасалған бірнеше керіктер мен ат, түйелер, аю, мысық, ит аңдары мен жануарлар дүниеге келіп, сыныптағы арнайы сөрелерден орын алды. Әр сабақ сайын оқушылардың жетістіктері мадақталынып, мотивация беріліп отырады. Алтыншы сынып оқушылары да басқа сыныптардан  кем түспеді.

«Анимация. Қозғалатын элементтер (ермексазды  анимация, көлеңкелі театр, саусақты және таяқшалы қуыршақтар)» тақырыбына шағын фильмдер түсірілді. Оқушылар алдымен ермек сазбен өздеріне керекті кейіпкерлерді жасап алып, сонан кейін сценарий жазды. Таңдаған тақырыпқа байланысты декарация дайындады. Ұялы телефондағы пайдалы қосымшаларын (приложенияны) дұрыс пайдалану арқылы түсірілген көріністерді кесуді, кейіпкерлерді қозғау механизмдерін және дыбыс қосуды жақсы меңгерді.

Мәселен, Қайрат Аружан мен Батыр Айшаның «Дос болайык», Қумай Гүлсифат, Руфатқызы Аяла мен Рабильда Ақнұрдың «Бұзық қыз» Мадина мен Жаннұрдың «Көжек» атты шағын фильмдері «өте жақсы» деген қатардан қатардан көрінді. Тоқсанның соңғы «Көрме ұйымдастыру» сабағында осы оқушылардың шығармашылығын интербелсенді тақта арқылы тамашалап,өздерінің бағаларын берді. Кейбір оқушылар жіберген қателеріне сыни көзбен қарап, айтылған пікірлерді дұрыс қабылдай білді.

Соңғы сабағымыз тіпті қызықты өткен сияқты. Оқушы мен мұғалім арасында қалыпты байланыс орнап, оқушы шығармашылығын шыңдағандай болды. Ал, шығармашылықпен айналысқан баланың миы тынығып, санасы тазарады. Жалпы, еңбек сабағын қызықты ұйымдастыру – әркім өз жұмысын жеке (топпен) дер кезінде орындауға, бір-біріне көмектесуге, уақыт ресурсын дұрыс пайдалануға, отырған орнын таза ұстауға бағыт пен бағдар береді. Баланы өзіндік болуға баулиды.

Айдаржан Муратхановна ИМАНГАЗИНА,
Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп
гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі,
педагог-зерттеуші, Алматы қаласы, Әуезов ауданы                   

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий