Жетістікке жетелейтін жоба
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай КӨЛГІНОВ аймақ басшысы Ералы Тоғжанов бастамашылық еткен «Білім All» өңірлік жобасына жоғары бағасын беріп, Оқу-ағарту министрлігіне жобаны бүкіл ел аумағында оқу процесіне енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл жаңа жоба шағын жинақты ауылдық мектептерді қолдауға, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 2025 жылға дейін жиырма білім ордасы халық игілігіне берілуінің нәтижесінде апатты және үшауысымды мектептер мәселесін шешу жоспарланған.
Алтай Сейдірұлы сапар барысында Хромтау ауданындағы тау-кен техникалық жоғары колледжінің тыныс тіршілігімен танысып, батыс өңірінде тау-кен металлургия саласы үшін мамандар даярлайтын жалғыз оқу орнының мүмкіндіктерін зерделеді. Мыңнан астам студент оқитын колледж бен Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіпорны арасында тамыры терең байланыс орнатылған және білім беру бағдарламаларында дуалды оқыту жүйесі қолданылады.
Жыл сайын түлектердің жүз пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. «Жас маман» жобасы бойынша бұл оқу орнына 323,2 миллион теңге бөлініп, «Жаңа кәсіптер атласы», «Колледждерге арналған ERG», «Экожүйе» және тағы да басқа жобалар жүзеге асырылуда. Колледждің әлеуметтік серіктестермен жұмыс тәжірибесі еліміздегі оң тәжірибелердің бірі ретінде танылады.
Загрузка...