Оқуға құштар баланың: Шыңдаймыз биік талабын

Біз білім берудің жоғары сапасына қол жеткізу жолында алдымызға мақсат,  міндеттерді қойып, оларды  бірлескен жаңашыл форматтағы жұмыс жобасы негізінде жүзеге асыруды қолға алып келеміз. Белгіленген межеге қол жеткізу жолындағы әрбір қадам маңызды және құнды болып табылатындығы сөзсіз.

Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болмақ. Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Кітап оқу – баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттырады.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында білім алушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалыптастыруда сыныптан тыс жұмыстардың атқарар рөлі маңызды. Төртінші «ә» сынып оқушыларымен олардың кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған «Оқылған кітап жарнасы» тақырыбында сыныптан тыс іс-шара жүргіздім. Бұл сыныптан тыс іс-шара жоба әзірлеуді және таныстыруды қамтыды.

Алдын ала бөлінген топтар,  өздері дайындалып келген  көркем шығарма бойынша бірнеше тапсырмалар орындады. Алдымен оқушылар оқыған көркем шығармалары бойынша дайындап келген буклет, сюжетті суреттер салынған плакаттарымен таныстырды. Шығарма авторы жайлы ақпараттар берді. Кітап оқудан алған әсерлерімен бөлісті, шығармадан шағын үзінділер көрсетті. Соңында сыныптастарына дәл осы кітапты оқу керектігін түсіндіру мақсатында кітапқа жарнама жасады.

Нәтижесінде, білім алушылар бұл іс-шарада бірнеше шығармамен танысты, шығармалар  авторы жайлы тың ақпараттар алды. Кітапқа деген эмоционалды- құндылық қатынасы артты. Оқуға деген қызығушылық деңгейі артты. Шығарма мазмұны бойынша сурет салу кезінде,  оқығандарын ойша талдауға дағдыланып, шығарма оқиғасын елестете алды,  мазмұнын терең сезіне алды. Оқыған шығармаларынан шағын үзінді көрсету кезінде, шығармашылық қабілеттері артты, оқушылар кейіпкерлердің көңіл-күйін мінез-құлқын, әрекеттерін тани білді.

Кейбір оқушылар кейіпкерлердің дауыс ырғағын дәл келтіріп, әртістік қабілеттерін байқатты. Келесі сыныптан тыс іс-шара «Поэтикалық эстафета» тақырыбында болатындығын хабарлап, оның  өтілу  формасымен  таныстырып өттім. Дамыған елімізде ойы ұшқыр, арманы биік, талғамы жоғары баланы жан-жақты білім нәрімен сусындатуда еш қиындық жоқ. Сондықтан мұғалімнің негізгі міндеті – баланың ішкі жеке бастамаларын ояту деп білемін.

Маржан КУРМАНОВА,
№185 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий