Еуразия ұлттық университеті бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыруда
Еуразия ұлттық университеті өзінің 15 цифрлық сервисін қолданысқа енгізді. Жаңа технологиялық шешімдер «ЕҰУ – Digital University» бірыңғай экожүйесін қалыптастырады және ғылыми-білім беру барысын цифрландыруға, бизнес-процестерді автоматтандыруға, қызметкерлер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Цифрлық қызметтер күнделікті жұмыс үрдісін оңтайландырып, еңбек өнімділігі мен оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін арттырды. Мәселен, қағазсыз құжат айналымы жүйесі жылына 20 млн теңгені үнемдеуге жол ашты. Электрондық сервис 1 миллионнан астам баспа бетін сақтауға, картридждер шығынын, принтерлердің тозуын және силлабустар мен оқу-әдістемелік кешендерге жыл сайын қағаз жүзінде қол қоюға кететін қызметкерлердің еңбек шығындарын азайтты.
ЕҰУ-дың тағы бір бірегей цифрлық жүйесі «Ғылыми-зерттеу институттарының жоспарлары мен есептері». Ол жұмыс жоспарларын, ғылыми-зерттеу институттарының тоқсандық есептерін бекітуге, ғылыми-зерттеу институттарының қызметіне байланысты мәліметтерді жан-жақты талдауға және тапсырмалардың орындалуын онлайн тәртіпте бақылауға мүмкіндік береді.
Диссертациялық кеңестердің онлайн дауыс беру жүйесі криптографиялық алгоритмдер негізінде жасырын дауыс беруді өткізуге арналған және университет докторанттарының диссертацияларын қорғауда қолданылады. Ол дауыс берудің анонимділігін, рәсімнің ашықтығын және есеп беруді автоматтандыруды қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге университет өзінің платформасы негізінде онлайн-білім беруді белсенді түрде дамытуда және сертификаттау жүйесін әзірлеуді қолға алды. Бүгінгі таңда білім беру ресурсына 132 пән бойынша 2000 дәріс жүктелген. Екі жыл ішінде 40 мыңға жуық адам бейнематериалдарды тыңдады.