Жаңару мен даму: Жаңа онжылдықтағы мүмкіндіктер       

Бүгінде үздіксіз білім беру кеңістігінде республикалық маңызы бар Алматы қаласы Алатау ауданындағы физика-математика бағытындағы №178 мамандандырылған  лицейі  10 жылдық  мерейтойы атап өтілуде. Үздіксіз он жылда жаңа серпілістің лебі ғана сезіліп, көшбасшылық басқарудың ізі жалғасқан озық лицей бүгінде әлемдік трендтерді жүзеге асыратын, бәсекеге қабілетті зияткер ұрпақты оқытатын іргелі білім беру ұйымына айналды. Мерейлі он жылдықта лицей  «Үздік 10 нәтижені»  айқын   басымдылығы ретінде көрсете білді.

Үздік ұйым. 2020 жылы Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Алматы қаласының орта білім беретін үздік ұйымы» байқауында лицейіміз жеңімпаз атанып, 34 000 000 теңгелік грант сертификатына ие болды. Бейіндік ведомстваның қолдауымен өткен “Республиканың үздік мектебі” байқауына қатысып, еліміздің орта білім беретін ұйымдар арасында «Қазақстан Республикасының үздік лицей» номинациясы бойынша І-орынды иеленді.   2020 жылдың 14 желтоқсандағы Алматы қаласының әкімінің №4/370 қаулысы негізінде Алматы қаласы Білім басқармасының «№178 лицей» КММ «мамандандырылған лицей» мәртебесіне қол жеткізді.

Үздік педагогикалық ұжым. Алғашқы бағдарлы жұмысын лицей 2012-2013 оқу жылының 3-ші тоқсанында 795 оқушы  мен 74  пән мұғалімімен бастаған. Араға 3 жыл салып, лицей жоғары жетістіктерінің нәтижесінде 2016 жылы Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік педагогикалық ұжым» байқауында жеңімпаз атанды. Бүгінгі күні лицейде 146 мұғалім қызмет атқарады. Мұғалімдердің сапалық көрсеткіші жыл сайын өсуде. Жоғары білікті педагог-шебер және педагог-зерттеушілердің пайыздық үлесі алпыс пайыз. Екі мұғалім – «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі», 3 мұғалім – «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері»,төрт педагог «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 3 мұғалім -«Үздік педагог» төсбелгісінің иегері.

Үздік педагог. Лицей педагогтің кәсіби жетістігінің шыңы саналатын республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарын қатарынан үш жыл шығарды. 2019 жылы лицейіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Қайырбай Қанат Сатыбалдыұлы; 2021 жылы физика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Слямгалиева Гульнар Нәбиқызы; 2022 жылы  математика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Сағиолданов Талант Бақытұлы республиканың «Үздік педагогы» атанды. Педагогтардың кәсіби жетістіктерінің нәтижесін сандармен сөйлетсек, Халықаралық деңгейдегі байқауларда – 55; республикалық сайыстарда – 76  мұғалім жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрінді.

Үздіктер шеруін қалалық  байқаулардың 250 жеңімпазы жалғастырып келеді. Онжылдық қарсаңында Алматы  қаласы Әкімінің грант иегері, математика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Сағиолданов Талант Бақытұлы; Digital ustaz Аlmaty – байқауының 10 супер финалисінің бірі, биология пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Айдарова Айдана Берікқызы; «Алматы ұстазы – 2022» байқауының жүлдегері атанып, Финляндиядан тағылымдамадан өтуге жолдама алған математика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Амалбек Лунара Еркінқызы.

Үздік сапалық көрсеткіш. Тәуелсіз сыртқы бақылаудың бірі болып табылатын еліміздің Ұлттық Тестілеу орталығы 10 жылда лицей түлектерінің сапалық көрсеткішін сараптап келеді. Бақылау нәтижесі нақты көрсеткіштерімен қуантуда. 2022 жылғы лицейді бітіруші түлектердің нәтижесі республикадағы «100 үздік мектеп» қатарынан көрінді.  2012 жылдан бастап 10 жылдық кезеңде лицей 356 «Алтын белгі» иегерлерін, 354 «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлерін қанаттандырып, жаңа өмірдің даңғыл жолына жолдама берді. Әр жылғы сапалық өсімнің нәтижесінде лицейіміз алдыңғы орыннан көрініп жүр.

Үздік авторлық жобалар мен бағдарламалар. Алматы қаласы Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы сараптаған қазақ тілі, математика, физика, химия, информатика, тарих, география, биология пәндеріне қосымша оқу құралдары лицей атынан ұсынылды. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім беру академиясының сараптамалық кеңесі мақұлдаған қазақ әдебиеті оқулықтары Қайырбай Қанат Сатыбалдыұлының авторлық бағдарламасымен жарияланды. Лицейде шығармашыл ұстаздардың республика және қала көлемінде таратылған оқулықтары – 32. Сексенге жуық авторлық әзірлемелері, 27 авторлық бағдарламалары, екі жүзден аса халықаралық деңгейде таратылған тезистер мен мақалалары әдістемелік  жинақтарға басылған.

Үздік моделді кітапхана. Он жылдық кәсіби өсім жылдарында кітапхана қоры мен модернизация құрылымы заманауи жетіліп отырды. 2021 жылы «Алматының үздік мектеп кітапханасы» конкурсында «Кітапхана – ақпараттық технологиялар орталығы» номинациясының жеңімпазы атанды. «Оқуға құштар – мектеп, оқуға құштар – ұлт» жобасы аясында өткен қалалық «Үздік кітапхана – 2022» байқауында І орынды иеленді.

Үздік дарын. Халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері – 157 оқушы; республикалық оқулар мен байқаулардың жүлдегерлері – 329 оқушы; аймақаралық кезеңде – 370 оқушы жүлдегер атанған. Жас дарындар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Елбасы» медалі байқауында топ жарып, жиырма жеті оқушы – қола медаль иегері, 3 оқушы – күміс медаль иегері атанып, жоғары оқу орындарына гранттық  жолдама алды. 2019-2022 жылдар аралығында республикалық жас өнертапқыштар байқауында он екі оқушы робототехника, компьютерлік модельдеу, ақпараттық қауіпсіздік бойынша жеңімпаз атанып, патентік құқыққа ие болды. «Дарын» ҒПО-ның ұйымдастыруымен өткен «Ұлы өнертабыстар» республикалық байқауында 10 оқушы жүлдегер атанып, патенттік әзірлемелерге авторлық құқықтарын алды.

Үздік өзін-өзі басқару ұйымы. Лицейдің өзін-өзі басқару ұйымы оқу мен тәрбие, ғылым мен кәсіби қоғамдастық жұмыстарда оза шығып, Алматы қаласының көшбасшы өзін-өзі басқару ұйымдарының бірі атанды. «Мен көшбасшымын!» қалалық байқауында бас жүлде иеленіп, табысты тәжірибелерін көрсетті. Лицей парламенті – «ЖасStar» 8 фракцияны құрып, қалаға танылған «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубы, «Елжастары» ұйымы, «Тарих»,  «Эко», «Театр», «Кітап», «Шахмат», «Тілшілер», «Сарапшылар», «Еріктілер» клубтары заман ағымдарына сәйкес білімдері мен тәжірибелерін көрсетіп келеді. «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубы үш жыл қатарынан қазақ тілі мен ағылшын тілі бойынша Алматы қаласында үздік танылып, жеңімпаз атануда.

Үздік зерттеу ұйым. Ұстаздық пен ғылым шыңын сабақтастырып жүрген педагог-оқытушылар қызмет етуде. Бір мұғалім – экономика ғылымдарының кандидаты; 4 мұғалім – PhD докторы, 52 мұғалім – педагогика ғылымдарының магистрі. Шет елдік жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдарымен байланыс халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда көрсетіліп келеді. Он жылдық кезеңде лицей жетекшілігімен халықаралық – 2; республикалық жеті, аймақаралық – 10 ғылыми-әдістемелік, тәжірибе алмасу конференциялары өткізілді.   

Лицей жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту пилоттық жобасы өз нәтижесін беріп, қолданысқа енгізіліп жатыр. Пилоттық жоба аясында 210 оқушы білім алуда. Сонымен қатар «Білім-аналитика» ақпараттық-сандық орталығының талдамасына пилоттық жүйеде білім алып жатқан оқушыларымыздың таным қызығушылығын анықтайтын деңгейлік зерттеулер жүргізілуде. Лицей Алатау ауданының 8 серіктес мектебіне және Алматы облысы, Іле ауданы №42 жалпы білім беретін мектебіне жетекшілік етеді.

Үздік инновациялық көшбасшы мектеп. 2021-2022ж. аралығында ТМД елдерінде алғаш рет Қазақстанда HP және ИНТЕЛ компаниялары ұйымдастырған «Тың инновация және тәжірибе – Халықаралық Идея бағдарламасы» атты халықаралық жоба өткізді. Осы жобаға белсенді қатысқан лицейге «Тың идеялы мектеп» – инновациялық көшбасшы мектеп атауы берілді.   Цифрлық мектеп аясында «Лицей әкімшілігінің автоматтандырылған жұмыс сайты», қазақ тілі мен әдебиеті, математика, физика-информатика, қоғамдық-гуманитарлық кафедрасы өз жұмыстарын электронды жасақтап, арнаулы қолданыстағы электронды платформаны құрастырды.

№178 мамандандырылған лицей – республиканың жетекші білім беру ұйымы. Жаңа онжылдық – жаңару мен дамуға жетелер, жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асырар таңдамалы уақыт. Қазіргі білім – жаңалыққа бейім білім. Сондықтан өзіміздің кәсіби саламыз білім беруде жаңалықтың жаршысы болайық. Үздік аталған 10 биік нәтижеден, шыққан тұғырымыздан түспесін! 

Қайратбек Хамзаханович ШАДИЕВ,
№178 мамандандырылған лицейдің директоры,
«Қазақстан Республикасының Білім беру
ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің
иегері, педагог-шебер, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий