Табысты ұстаз: Талаптың мініп тұлпарын…

Кезінде қазақтың Ахмет, Ыбырай сынды біртуарлары меңзеген мұғалімдер қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып, өңірлердегі білімді жастардың артуына үлес қосып жатыр. Олардың бірі – республикалық «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы Айзада ЗҰЛҚАШЕВА. Талай түлекті түлеткен ұстаз газеттің осы санында кәсіби тәжірибесіндегі сан түрлі соқпақты сұхбат барысында баяндады.

Тілші: – Кез келген жан мамандықты жүрек қалауымен таңдауы тиіс. Өйткені, әр адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Айзада Дүйсенбайқызы, сіз педагог мамандығын қалай таңдадыңыз?

– Мен 1985 жылы күз айында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем Дүйсенбай Зұлқашұлы мұнайшы, ал анам Тойған Сапарова сол кезде колхоздың бас маманы қызметін атқарды. Олар үш баласын қатардан қалдырмай, тәрбиелеп өсірді, өндірді. Қазір екеуі де зейнеткер. Ағам мен інім әкемнің жолын қуып, мұнай саласында қызмет етіп жүр. Жанұяда мұғалім мамандығын алғашқы болып таңдаған мен. Әкем мен анам менің осы жолды таңдауыма үлкен үлес қосты. «Мұғалім – жақсы мамандық, білім беру, баланы жақсы тәрбиелеу деген сауапты іс», – деп үнемі айтып отыратын.

Тілші: – Өзіңіздің алғашқы ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз. Олар сіздің мұғалім болуыңызға түрткі болды ма? – Бұл жолға келуіме маған сабақ берген әр ұстаздың еңбегі бар деп ойлаймын. Мәселен, Сәлима Майлыбаева, Ұлмекен Бисенғалиева сынды ұлағатты ұстаздардың тәрбиесімен, білім нәрімен сусындатқан мықты педагогтердің еңбегі. Одан қала берді бастауышта алғаш жазуды үйреткен, әріп танытқан Сәденова Баян Өміржанқызы деген ұстазым болды. Бізге көрші тұрды.

Сол үйге ойнап барғанда дәптер тексеріп отырғанын көріп қызығатынмын. Ол кезде қызыл сиямен қатені түзегенде ақ парақтың беті қаламның қып-қызыл түсіне боялатын. Мектепте оқушы кезімде қазақ тілінен түрлі олимпиадаларға қатысушы едім. Марқұм Тауым ағай эссе жазуды үйреткен еді, ауданнан екінші және үшінші орындарды алып жүрдім. 8-сыныпта оқып жүргенде химия пәніне қатты қызықтым, реакция теңдеулерін жазып, оны теңестіруді ұнататын едім.

Осылайша химия пәнінің мұғалімі болам деген арманыммен Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына «Жаратылыстану» факультетіне оқуға тапсырып, «Химия және биология» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Студент кезде тек химия пәні бойынша жарыстарға қатысып, курстық, дипломдық жұмысты да химия пәнінен жаздым. Білім ордасында төрт жыл оқып, аталған оқу орнын 2006 жылы «Химия және биология пәндерінің мұғалімі» квалификациясы бойынша бітіріп шықтым.

Қолыма диплом алған бойда үйге бармастан Атырау қаласына келіп, әрі қарай оқуымды жалғастырамын деген оймен Атырау мұнай және газ институтына «Химиялық технология» мамандығы бойынша магистратураға тапсырдым. Құжаттарымды өткізіп үйіме бардым, барлық емтиханнан кедергісіз өтіп, оқуға қабылдандым. Сол уақытта Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия химия және биология пәні бойынша маман іздеп жатқанын естіп, бағымды сынап көруге бекіндім.

Нұрлыбек Ғилажұлы Ақтөбе қаласынан үздік бітіргенімді естіп, қызығушылық танытып, жұмысқа қабылдады. Алғаш еңбек жолымды осы аталған білім ордасынан бастадым. Содан, міне, 16 жыл үзіліссіз осы ұлттық гимназияда биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келемін. Өзімнің қалай биологияға ауысып кеткенімді білмеймін, қазір өз пәнімді сүйемін. Гимназия – менің ұстаз ретінде өз мүмкіндіктерімді жанжақты көрсетуіме, шыңдалуыма мүмкіндік берді.

Тілші: – Сіз мұғалім ретінде миссияңызды толық орындап жүрмін деп ойлайсыз ба? – Әрине, мен мұғалімдікпен қатар келіндік, аналық миссиямды қатар алып келе жатырмын. Қазір төрт баланың анасымын. «Ұстазын ұлықтай білген елдің келешегі де жарқын болады» демекші, ең бірінші жаныңдағы жарыңнан қолдау табуың керек. Сонда ғана жұмысың алға басары сөзсіз. Менің жолдасым әрдайым қолдау білдіріп, басқа қалаларға курс, семинар, сайыстарға жібергенде балаларды өзі қарап: «Бізге алаңдама», – деп жіберіп отырады.

Отағасының осындай қолдауы әлі талай биік белесті бағындыруыма, елімнің білімді жастарын көбейтуге бір септігін тигізері анық. Жалпы адам үшін кәсіби қызметтің мәні мен мазмұны оның қоғамдық құндылығымен анықталады, қаншалықты ол қоғамға қажет және ол оған не бере алады. Мұғалімнің жоғары әлеуметтік миссиясы ол – өсіп келе жатқан ұрпаққа тәрбие мен білім беру. Дұрыс тәлім-тәрбие беру, жан-жақты білім беріп қана қоймай, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес.

Ол кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру жолында бар білімі мен уақытын сарп ету, олармен сырласа отырып, жан дүниесін ұғыну тек білікті ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Шындығында, мұғалімдер – барлық мамандық иесін оқытып, тәрбиелейтін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Біздің міндетіміз – жас өреннен жан-жақты жетілген тұлға дайындау болса, әрбір шәкірт – ол ертеңгі қоғам мүшесі, болашақ маман.

Сондықтан әрбір шәкіртіңді аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанаты талмайтындай етіп ұшырып жіберсең, ертеңгі күні ол шәкіртің өз орнын тауып, Абайша айтқанда «кірпіш болып қаланғаннан» кейін саған алдыңа келіп амандасып, алғысын білдіруі, міне, сол – бақыт, сол – менің миссиямның орындалғаны. Осыдан кейін қалай өз мамандығымды сүймеймін деп айта аламын.

Тілші: – Осынау таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайтын ұстаздық ғұмырыңызда жеткен жетістіктеріңізді қалың оқырманмен бөліссеңіз. – «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап…», – деп Абай атамыз айтқандай, мұғалімдік ізденіс әрқашан өз жемісін береді. Педагогтің шығармашылық ізденісі, кәсіби біліктілігі сынға түсетін түрлі байқаулар мен конкурстарға қатысу. Атап айтсам, 2008 жылдан бастап жыл сайын облыстық және республикалық сайыстардың жүлдегері атанып жүрмін.

Облыстық педагогикалық оқулардан І орын; Облыстық «Үздік сынып жетекші» байқауынан І орын; Облыстық «Ең үздік авторлық бағдарлама» сайысынан І орын; Облыстық «Жыл мұғалімі-2015» байқауы «Жаңашыл мұғалім» номинациясын; Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» сайысынан ІІ орын; «Ғылым және Өмір» атты ғылыми-теориялық ұстаздар конференциясынан ІІ орын; BIIMLand BILIM MEDIA GROUP ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім-2017» байқауынан Алғыс хат алдым.

Олардың ішінде ең ерекше жетістігім деп 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен «Үздік педагог-2018» конкурсының жеңімпазы атанып, төсбелгі және 2 млн 450 мың 650 теңге ақшалай сыйақымен марапатталғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын. Ұстаздың еңбегін көрсететін шәкірті. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт ұстаз үшін еңбегінің зая кетпегені. Жыл сайын бабы мен бағы келіскен бірнеше шәкірттерім облыстық, республикалық және халықаралық білім бәйгелеріне қатысып, бақ сынайды. Олардың ішінде жүлдегер атанған оқушыларым аз емес.

«Менің бастауым – менің Отаным үшін» республикалық шығармашылық жобалар байқауында Нұрсейт Нұрсұлтан «Туған қалаға – игілікті істер» секциясы бойынша І орын иеленді. Республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарынан әр жылдарда Амангелдиева Айдана, Сергейқызы Назерке, Жолдас Динара, Смағұлова Ақсәуле, Шораева Айназ, Абзалқызы Гүлназ, Болатова Данагүл, Болат Айкен сынды шәкірттерім жүлдегерлер атанып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ студент атанды.

Анығында, шәкіртім Төлеміс Ғанимұрат 2016 жылы Корея Республикасының Тэджон қаласында өткен халықаралық ғылыми жоба байқауынан күміс медаль иеленді. Байқоңыр қаласында өткен Халықаралық ғылыми жоба байқауында оқушыларым бақ сынап, жоғары нәтиже көрсетті. Елеубаева Мадина ІІ, Амангелдиева Нұрайна ІІ, Бисенбай Алтынай мен Аманкелді Айшат І орындарды жеңіп алды. Прагада Prague Language Institute ұйымдастыруымен өткен Халықаралық онлайн олимпиадаларда Қырықбай Мөлдір, Шораева Айназ, Абзалқызы Гүлназ І және ІІ орындарды қанжығаларына байлады. Бұл тізім, айта берсем, жалғаса береді. Осы жылға дейін облыстың өзінен ғылыми жобалар байқауы бойынша 16 оқушым және пәндік олимпиада бойынша 19 оқушым І, ІІ және ІІІ орындарды иеленді.

Тілші: – Айзада Дүйсенбайқызы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін құрасақ, ұстаздық мамандығыңыздағы ендігі желкен қайда бағыт алмақ? – Менің алға қойған мақсатым – педагогикалық шеберлігімді әрі қарай шыңдап, шәкірттерімді білім биігінен көру жолында еңбек етіп, еліміздің көк байрағын өзге елде мақтанышпен көтеретіндей дарынды шәкірттерді даярлау. Әрине, жеңіс оңайлықпен келмейді, бұл бағытта әлі көп іздену, еңбектену қажет. Ол үшін, ең алдымен, өзіміздің білімімізді үнемі жетілдіріп отыруымыз керек.

Осы орайда білім саласында көшбасшы атанған Сингапур, Корея Республикасы, Жапония және тағы да басқа елдердің тәжірибелерімен танысқым келеді. Мүмкіндігінше, өз тәжірибемізде пайдалануымызға болады ғой. Содан кейін халықаралық конференция немесе семинарларға қатысып, тәжірибе алмассам деймін. Өн бойымдағы талабым мен талантымды тәуелсіз елімнің болашағы үшін арнағым келеді.

Зейін ЕРҒАЛИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий