Мектепке дейінгі тәрбие: Әлеуметтік әріптестіктің әлеуеті

Осы тақырыпқа қалам терберде ең бірінші ойыма оралғаны орыс ойшылы Антон Макаренконың осы сөздері еді: «Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді».

Тәрбиеде түтіні түзу шыққан әулеттен түлеп, балабақшада барынша жан-жақты қолдау көрген балалардың болашақта іргетасы берік, ішкі – сыртқы саясаты мықты, бітімгер, стратег болатынын ұқтым. Себебі отбасында болсын, балабақшада болсын біз бала жанының бағбанымыз! Бала жас тал секілді, бағбаны қалай баптаса, солай иіліп-бүгіліп, ертеңгі күні діңгегінің мықтылығын тағдыр дауылында дәлелдей түседі.

Ал мен Ақтөбе облысы Темір ауданы Темір қаласындағы «Гаухар» балабақшасының басшысы ретінде ол жауапкершілікті терең сезінемін. Менің өз ісіме деген өшпес сүйіспеншілік атқарып отырған басшылық қызметімде адалдыққа жетелейді. Кішкентай ғана орта дегенмен, нағыз баланың тәрбие табалдырығы балабақша. Сондықтан ондағы әр әріптестің бейнесі болашақ бір тұлғаның қалыптасуының көрінісі.

Осы орайда басшымын деп байбалам салғаннан гөрі, сабырмен бақылайтын, қарамағындағы әр қызметкерді жан дүниесімен түсіне отырып, олардан шынайы ілгері істі талап ететін, қажет жерінде даналығын, қажет жерінде әділдігін айта білетін жандардың қатарын толықтырғым келеді. Әр таңғы басталатын қауырт тірліктің бәрі осы жолға бағытталады. Әкенің қанымен, ананың сүтімен сүйекке сіңген мінезімде бос сөзден гөрі істі сүйемін. Сондықтан болар, ауданға жан-жақтан келетін құрметті қонақтарға біздің балабақшамызды үлгі етіп, жасап жатқан жұмыстарымызға оң баға беріліп келеді.

Мақтан сүйгіштік қасиетті адам аз да болса пайдалану үшін алдымен іс істеу қажет, айналаңнан абырой жинау қажет. Әр баланың баспалдағының басы саналатын балабақшаны басқару сырттай қарағанда оңай боп көрінгенмен әр жанұяның бір-бір тентегін «тезге» салып, тәрбиеге көндіріп, олардың денсаулығына, қауіпсіздігіне, тамағының дұрыстығына, ұйқысының тыныштығына жауап беру алдымен басшыға артылатын жүк.

Осы істі мінсіз атқару үшін басшы білек, ұжым салалы саусақтардай бірге қимылдағанда ғана нәтиже береді. Сондықтан әлеуметтік әріптес ретінде балабақшамыз талай жерде мақтауға лайықты деп танылса, ең алдымен ұйыған ұжымның арқасы деп білемін. Жастайымнан бас болып, жауапты істің тізгінін қолыма сеніп тапсырғандар мен мені үкілеп топқа қосқандардың сеніміне селкеу түсірмеуге тырысамын.

Және маған арқа сүйеп, әр істе қолдау танытатын үлкен ұжымды да атап өткім келеді. Әріптес болу әр адамның қолынан келеді, ал лайықты басшы болу көпке беріле бермейтін қасиет. Ертеңгі Жаңа Қазақстанның жаңа тұлғаларын тәрбиелеу бұйырсын!

Аягөз Болатқызы ПАНГЕРЕЕВА,
«Гаухар» балабақшасының меңгерушісі,
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Темір қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий