Республикалық конференция: Білімді жас – елдің дәулеті

1994 жылы біздің білім шаңырағы сол кездегі ауыл әкімі Абыхан Аманбайұлының бастамасымен елу оқушыға сабақ беретін сегіз ұстазбен алғаш рет Түрген ауылындағы қазақ мектебі ретінде құрылды. Алтын ұямызды ел тәуелсіздігінің алғашқы  жемісі деп атайтыны да сондықтан. ҚР Үкіметінің (25. 01. 2015  ж, №54) қаулысымен Түрген қазақ орта мектебіне Абыхан Жексембековтың аты берілді. Осы уақыт аралығында екі үздік түлек «Алтын белгі» алса, отызға жуық білімгер «Үздік аттестат» иегері атанды.

Әрбір мемлекеттің болашағы ол жастардың қолында. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар – бүгінгі жастар. «Ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында» деген ұғым жарқын істерге апарар жолды меңзеп тұрғандай. Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті емес пе? Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуы ел дамуындағы аса маңызды фактор.

Осы орайда адамдықты ту еткен, өлмейтін істер қалдырған, ел ағаларын дәріптеу, үлгі тұтып, жас буынға насихаттау мақсатында жылдағы дәстүр бойынша жуырда мектебіміздің ашылуына дәнекер болған  танымал тұлғаның туылғанына 86 жыл толуына орай «Білімді жас–елдің дәулеті» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Іс шарамыз келген қонақтар мен оқушылардың мектеп алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, түлектер арасында волейболдан А.Жексембековты еске алу турнирін ашумен басталды.

Конференцияға Түрген ауылдық округінің әкімі Карибаев Ержан Серікұлы; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шәркүл Таубаева; ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, ауданымыздың «Құрметті азаматы», облыстық әйелдер кенесінің төрайымы Жошибаева Гүлнар; аудандық емхананың директоры Абеуова Жамиля Санаковна; ТүргенАгро Фирмасының басшысы Жексембекова Мәншүк Абыханқызы; жеке кәсіпкер  Жексембеков Берік Абыханұлы; Ломоносов атындағы орта мектептің директоры Мусина Гулнара Байзулаевна қатысты.

Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының  болашағына жол ашады демекші, жыл сайынғы ақпан айының басында біз ата-аналар, ауыл тұрғындарына, қонақтарымызға мектебіміздің жұмысына есеп  беруді дәстүрге айналдырдық. Сондықтан жергілікті ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі ретінде мен «Біз бағындырған белестер» тақырыбындағы баяндамамда білім ордасының жетістіктеріне тоқталдым. Педагогикалық қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін ілгері дамыту мақсатында аудан мен облыс аумағында қолға алынған семинар мен көрмелерде, байқауларға қоса түрлі жарыстарға әріптестеріміз белсене қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр.

«Ұшқыр ой» тақырыбындағы облыстық идеялар алаңында бақ сынаған бастауыш сынып мұғалімі Жұлдыз Кодекова тағылымды тәжірибесімен бөліскен болатын. Дарынды шәкірттердің қарымы мен қабілетін шыңдау бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстарымыз жемісін беруде. “Дарын республикалық ғылыми – практикалық орталығы тарапынан Алматы қаласындағы Смағұлов атындағы лицей-интернатында 9-10  сынып білім алушыларының арасында ұйымдастырылған “Менің кіші Отаным” атты Ү республикалық интелектуалдық сайысының аудандық кезеңде үздік атанған білімгерлеріміз Манап Назерке мен Манап Назым облыс бойынша жүлделі екінші орынды иеленуі арқылы мектебіміздің мәртебесін асырды.

«Тәуелсіздік тұғырым» атты жасөспірімдер арасындағы халықаралық байқауда алтыншы сынып оқушысы Мади Уринбетовке «көркем сөз» аталымына сәйкес бас жүлде табысталса, Қонаев қаласында қазақ тілі пәнінен 5-6 сыныптар бойынша қйымдастырылған облыстық пән олимпиадасында 5-сынып оқушысы Кәкім Айша екінші орынмен марапатталды. Әбіш Кекілбаев есімін ұлықтауға арналған аудандық байқауда 9 сынып оқушысы Қажын Әдемі үшінші орын және аудандық пән олимпиадасында тарих пәнінен 11 сынып оқушысы Ералиева Гулбану екінші орын, 10 сынып оқушысы Мұратбай Әсел үшінші орын, информатика пәнінен 10 сынып оқушысы Сабурова Улзия ұшінші орын алған еді.

Венера Абыханқызының ықпалымен халыққа қызмет етіп жүрген ел ағаларының еңбектерін насихаттау, үлгі-өнеге ету, оқушыларға  патриоттық тәрбие беру мақсатында жыл сайын мектебімізде көптеген келелі шаралардың атқарылуы дәстүрге айналған. Сәт Бесимбайұлы елордадан мектеп кітапханасының қорына сыйға кітаптар тарту етіп тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында бұл сыйлықтар оқушыларымыздың игілігіне пайдаланылуда.

Қазіргі уақытта мектебімізде алты жүз оқушы білім алып, 64 ұстаз еңбек етуде. Екі педагог отандық білім саласының үздігі, бес тәлімгер жоғары санатты. Жиырма сегіз оқытушы педагог сарапшы және он бес ұстаз педагог модератор. Шәркүл Таубайқызы «Білім берудің мақсаттарын жүзеге асыру жүйесі» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындауға бағытталғанын айрықша атап айтты. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз ұстаздың шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. 

Педагог атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр пән оқтушысының басты борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам ретінде ерекшеленуі тиіс. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, ауданының «Құрметті азаматы», әйелдер кенесінің төрайымы Гүлнар Сағатқызы сөйлеген сөзінде «Тау алыстаған сайын, биіктігі байқалады» — демекші, атамыздың ерен еңбегі күн өткен сайын біліне бастағандай деп естеліктерімен бөлісіп, Абыхан Аманбайұлының бастамасын жалғастырып жатқан ұл-қыздарына алғыс білдірді.

Екінші бөлімде «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» ұранымен мектебіміздің жас ұстаздары жетістіктерін жариялап, жүргізіліп жатқан жұмыстарымен бөлісті. “Amazing English” театрының қатысушылары жиналғандардың назарына арнайы әзірлеленген сахналық көрініс ұсынды. “Арнайы жасақ сарбаздары” қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен қойылым көрсетіп, “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясындағы шараларға талдау жасалды және “Буккроссинг” бағыты бойынша «Білім алушылардың оқу құзіреттілігін дамыту» тақырыбындағы баяндама оқылды.

Біздің білім ордасынан түлеп ұшып, таңдаған мамандығының негізінде еліміздің барлық аймағында түрлі саладағы қажырлы қызметімен дараланған абыройлы азаматтардың қатары қалыңдап келеді. Сол жанашыр жандардың бейнежазба арқылы жан-жақтан жолдаған жылы құттықтау лебіздері мен ізгі алғыстарын мәртебелі меймандармен бірге тыңдадық. Абыхан Аманбайұлының туған күніне орай биылғы қаңтар айының екінші жартысында «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» тақырыбымен онкүндік ұйымдастырылған болатын.

Құрметті қонақтар сол шара барысында жүлделі орынды иеленген оқушыларды мақтау қағаздармен марапаттап, алдағы кездегі шығармашылық ізденістеріне табыс тіледі. Болашақта еліміздің мәртебесін биікке көтеру арқылы ұлттық экономиканы жан-жақты дамыту бойынша мемлекетіміздің қуатын әлемге танытатын бүгінгі жастарымыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде республиканың барлық мектебі мен ұстаздар қауымы тынымсыз еңбек етуде.

Бірегей басқосуымыз білім шаңырағындағы шығармашылық тобының дайындаған шағын концерттік бағдарламасымен тиянақталды. Абыхан Жексембековтің ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінгені даусыз. Баланы – өмір жалғасы ретінде ерекше бағалаған танымал тұлға жас ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесіне көңіл бөлген. Ол тәуелсіз еліміздің тірегі – бәсекеге қабілетті маман қажеттілігін батыл бағамдай білді.

Шағын ауылдан қазақша мектептің ашылуына да дәнекер болуының себебі де осы болса керек. Абыхан Аманбайұлының батыл бастамасын биік бағалау арқылы жемісті жолын жалғастыратын кейінгі буын өкілдері ерен еңбегі мен есімін ұмытпайды! Жас ұрпағымыздың даралар мен даналар салған игілікті ізді заман талабына сай қайта жаңғырта беруін тілейміз!

Гүлбақыт Бекбосынқызы ҚАСЫМЖАНОВА,
А.Жексембеков атындағы орта мектебінің
директоры, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ
ауданы, Түрген ауылы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий