Тіл білімі: Жазылым дағдысын жетілдірудің маңызы
Жаңартылған оқу бағдарламасы «Қазақ тілі» пәні бойынша оқушыға төрт тілдік дағдыны меңгертуді көздейді. Төрт тілдік дағдының ішінде оқушының шығармашылығын танытатын дағды – жазылым дағдысы. Жазылым әрекеттері күнделікті өмірімізде жүзеге асып жатады. Ойымызды сауатты жеткізу үшін жазылым дағдысын дамытудың маңызы зор.
Сабақ барысында оқушылардың жазылым дағдыларын тіл білімі салалары арқылы жетілдірген жөн, себебі жазылым барысында әр оқушы орфографиялық, орфоэпиялық нормаларды, лексикалық, грамматикалық, пунктуациялық нормаларды жетік біліп, қолдана алуы керек.
Негізгі орта білім беру деңгейінің 5–9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасында 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пәнінің базалық білім мазмұны бойынша «Жазылым» бөлімінде мәтін бөлімдеріне (кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды) жоспар құру, хат, хабарлама, жарнаманы жанрлық ерекшеліктеріне сәйкес жазу, сюжетті суреттер негізінде әңгіме жазу, эссенің бөлімдерін меңгеру (кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды), таныс адамды, мекен мен оқиғаны сипаттайтын не суреттейтін эссе жазу сияқты жұмыс түрлері қамтылған.
«Әдеби тіл нормалары» бөлімінде орфографиялық норма: қазақ тілінің дыбыстар жүйесі, үндестік заңы, емле заңдылықтары; орфоэпиялық норма: ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпал; лексикалық норма: сөздердің тура және ауыспалы мағынасы, көп мағыналы сөздер, синоним, омоним, антоним; грамматикалық норма: туынды сөздер, күрделі сөздер, зат есімнің мағыналық түрлері, сын есім, шырай категориясы, сан есім, мағыналық түрлері, төл сөз бен төлеу сөз, автор сөзі; пунктуациялық норма: төл сөз, төлеу сөз, автор сөзінің тыныс белгілерін дұрыс қолдану сияқты тақырыптар қамтылған.
Әдеби тіл нормаларына арналған оқу мақсаттары Блум таксономиясының қолдану деңгейіне сәйкес келеді. Оқушы біліп, түсініп қана қоймай, оны жазылым тапсырмаларында қолдана алады. Күнтізбелік-тақырыптық жоспарлауда жазылымға байланысты оқу мақсаттарын әдеби тіл нормасы мақсаттарымен біріктіре отырып жоспарлаймын. Мысалы, «5.3.6.1 мәтіндегі орфографиялық қателерді сөздіктерге сүйене отырып, түзету және редакциялау; 5.4.5.5 төл сөз, төлеу сөз, автор сөзінің тыныс белгілерін дұрыс қолдану» деген оқу мақсаттарына төмендегідей тапсырмаларды ұсынуға болады.
«WhatsApp желісінде жазған мәтіндердегі орфографиялық қателерді сөздіктерге (Қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы https://emle.kz/) сүйене отырып, түзетіңіздер және редакциялаңыздар. Түзету парағын толтырыңыздар. Түзеткен сөздерді қатыстырып, төл сөзді сөйлем құраңыз. Төл сөз бен автор сөзінің тыныс белгілерін дұрыс қолданыңыз. Жұпта жұмыстарыңызды алмасып, өзара бағалау жүргізіңіздер, дұрыс нұсқасымен салыстырыңыздар».
Міне, осы үлгідегі күнделікті өмірмен байланысты тапсырмаларды орындатса, оқушы қызығушылықпен орындайды. Қорыта келе, мұғалім әр сабағында жазылым дағдысын дамытатын тапсырмаларды тіл білімі салаларымен байланыстыра оқытса, оқушының сауаттылық деңгейі артары сөзсіз.
Жадыра Сабыржановна КАРЖАУОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық
дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернатының қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Солтүстік Қазақстан
облысы, Петропавл қаласы