Астана қаласы: Тең мүмкіндіктер аумағы
Бауыржан Момышұлы атындағы № 53 мектеп-лицейінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жаңадан жабдықталған логопед, дефектолог кабинеттері ашылды. Логопед пен дефектолог кабинеттері мектептің бірінші қабатында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан, – деп хабарлайды Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Сыныптар оқушыны зеріктірмейтін және қызығушылығын арттыратын түрлі танымдық құралдармен жабдықталған. Баланың тілін жаттықтыру мақсатында логопед кабинетіне айна қойылған. Бұл алтын ұяда төрт арнайы сынып бар, онда сөйлеу қабілеті нашар 24 оқушы оқиды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар отыз үш шәкірт білім алады. “Кәсіби шеберлік мектебі” сынақ алаңы биылғы оқу жылынан бастап жұмыс істей бастады. Басты мақсаты ерекше білім беруді қажет ететін дарынды оқушыларды әлеуметтендіру және кәсіптік бағдарлау.
– Біздің мектеп-лицейде психологиялық-педагогикалық түзеу сыныптары бар. Біз оларды арнайы сынып деп атаймыз. Осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет сөйлеу және ойлау қабілеті төмен балаларды қабылдадық. Қазір олар 6 сыныпта оқиды. Жалпы мектепте психологиялық және педагогикалық көмекті қажет ететін отыз бес білімгер бар. Олар 4 сыныпқа бөлініп оқиды. Егер бала саны бестен асса, біз арнайы сынып аша аламыз. Бірақ әр сыныпта 12 баладан аспауы қажет. Логопед пен дефектолог кабинеттері ерекше білім алушыларға жеке бағдарлама арқылы қабілетін арттыруға көмектеседі, – дейді ұстаздар ұжымының жетекшісі Замзагүл Қиянова.
Білім ордасында арнайы және инклюзивті білім беру тәжірибесін дамыту мақсатында «Мектеп-тең мүмкіндіктер аумағы» тақырыбында арнайы білім беру педагогтеріне арналған қалалық семинар ұйымдастырылып, жиын қатысушылар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды қоғамға икемдеу, оқыту үдерісі туралы шағын ашық сабақтарға қатысты.
Загрузка...