Халықаралық конференция: Қабдоловы қазақтың

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ғалым Зейнолла Қабдоловты еске алуға арналған «Зейнолла Қабдолов: әлем және қазақ әдебиеттану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Оқу аумағындағы «Тұлғалар аллеясы» алаңындағы Зейнолла Қабдолов ескерткішіне гүл қойып, тағзым етуден басталған шара атаулы дәрісхананың ашылуымен жалғасты. Замануи озық технологиялармен жабдықталған, жазушының шығармашылық мұрасына бай аудиторияның лентасын қию құрметті рәсімін Қырғыз Республикасы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жанғара Дәдебаев, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ісләмжанұлы жүзеге асырды.

Конференция аясында қаламыздағы №40 жалпы білім беретін орта мектепке университет атынан Зейнолла Қабдоловтың портреті сыйға беріліп, IV Қабдолов оқулары өткізілді. Шара барысында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Президентінің кеңесшісі, ф.ғ.д, профессор ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров оқып, табыстады. Онда мемлекет басшысы «Қазақтың Қабдоловы» атанған біртуар тұлғаның азаматтық болмысы мен адамгершілік қасиеттері әрдайым жастарға үлгі-өнеге.

Көрнекті ғалымның тағылымды өмір жолы, әдеби және ғылыми мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Бүгінгі алқалы жиында Зейнолла Қабдолов бастаған ұлт зиялыларының ел мүддесін қорғау жолындағы еңбектері туралы салмақты ойлар мен салиқалы тұжырымдар айтылады деп сенемін», – деген тілегін білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тілейді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев құттықтау хаттарын жолдады.

Айтулы шараға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан мемлекеттерінің профессор ғалымдары арнайылап келіп, тұтас ғұмырын қазақ әдебиетінің кемелденуіне арнаған әдебиет зерттеушісінің көптеген еңбектері мен шығармашылық қырларына, жазушылық, ғалымдық, ұстаздық портреті және проза жанрында, әдебиеттану ғылымында, ұстаздық жолында қалдырған мұрасы жөнінде баяндамалар жасады.

Киелі Атырау топырағында дүниеге келіп, Мұхтар Әуезов сынды ірі тұлғадан  білім алған жазушы, ғалым, ұстаз Зейнолла Қабдолов – қазақ әдебиеті ғылымын өркендетуге үлес қосқан сөз зергерлерінің бірі ғана емес, бірегейі. Ол  2000 жылдардың басында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жұмыс істеп, әдебиет теориясынан дәріс берді, журналистика мамандығының ашылуына үлкен еңбек сіңірді. Бүгінде білім ордасында З.Қабдоловтың еңбектері мен шығармашылығын зерделеуге арналған «Қабдолов оқулары» дәстүрлі ғылыми конференциялар өтеді.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, Зейнолла ағамыздың әдебиет саласын дамытуға қосқан үлесі, еліне жасаған қызметі ұшан-теңіз. Бүкіл қазақ халқына мол мұра қалдырып, елі мен туған жерінің мақтанышына айналған Қабдолов Зейнолла ағамыздың биік бітім-болмысы, бай педагогикасы, шығармашылық еңбектері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып, мәңгілік жасай бермек.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің баспасөз қызметі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий