Ұлт ұстазы: Тіл білімінің атасы

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының өткен ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына былтыр 150 жыл болды.

Ахмет Байтұрсынұлының  бұл жолғы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде кеңінен аталып өтілуде, осыған байланысты арнайы комиссия құрылған болатын. Ақаңның саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа-тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы болды.

Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын.

Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей абақтысына жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды.

Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913-1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы қыры мен сыры мейлінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы.

Ол жазған мектеп оқулықтары 1914-1915 жылдан 1927-1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын А.Байтұрсынұлының «Әліпбиімен» ашып, ана тілін Байтұрсынұлының «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.В. Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген.

Сонау қылышынан қан тамған қаһарлы жылдары жазықсыз мыңдаған адамдар «Халық жауы» деген жаламен айыпталып, жер аударылып кетті. Кейбір деректерге қарағанда 6 млн. адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 900 мыңдайы атылған. Сондағы 25 мыңға жуық қазақтың ішінде  бес арысымыз Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы болған еді. 1937 жылы екінші рет ұсталып, сталиндік репрессияның тізіміне ілініп, ату жазасына кесіледі.

1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Соты Ахмет Байтұрсыновты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, оны толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, ғалымның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды.

Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қиындығы, көрген азабы, болашаққа деген үміт-арманы, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған. Ахмет Байтұрсынұлы өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек.

Медет ЖАЙЛАУБЕКОВ,
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың
Көлік техникасы және логистикалық жүйелер
кафедрасының аға оқытушысы,
Нургуль КОНУРОВА,
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың
оқытушысы, п.ғ.м, Қарағанды қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий