С.Аманжолов университеті: Бастауыш және орта сыныптарға арналған атластар

«Мұндай Атластар әзірге Қазақстанда жасалған жоқ», – дейді география ғылымдарының докторы, экология және география кафедрасының профессоры Анна Егорина. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті географтарының Қазақ Географиялық қоғамының Өскемен филиалымен бірлесіп бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған бірегей Атластарды әзірлеуге 20 жылдан аса уақыт кеткен екен.

Географтар бастауыш сыныптарға арналған қазақ және орыс тіліндегі «Біздің өлке – Шығыс Қазақстан» атты Атластарды әзірлеген. Ал, орта буын оқушылары үшін «Кіші Отан – Шығыс Қазақстан» атауымен дайындалған. Атлас оқушыны Шығыс Қазақстан аумағында өсетін өсімдіктер мен мекендейтін жануарлардың ғажайып әлеміне баурап алады. Анна Егорина Атластар энциклопедия ретінде жасалғанын айтады.

Әр географиялық дерекке қатысты сапалы фотосуреттер бейнеленіп, қызықты сипаттамалар жазылған. Оған қоса, оқу құралында шығысқазақстандықтардың өмір сүру сапасы, тұрмысы, негізгі экономикалық салалары туралы ақпарат берілген. Соның арқасында өзектілігі одан әрі арта түскен.

– Балалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өлкенің көлік және инфрақұрылым саласы туралы біле алады. Атлас оларға біздің аймақтың Қазақстанның басқа өңірлерін немен қамтып отырғаны және шет мемлекеттерге қандай өнім экспорттайтыны туралы да ақпарат ұсынады. Шығыстың табиғаты өсімдік пен жануарлар әлеміне қаншалықты бай екені жайлы біледі. Қазба байлықтарына толы жері, кен орындары турасында мәліметпен танысады. Атласта сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар туралы, сондай-ақ өлкенің табиғатын сақтау үшін қалай және неге қамқорлық жасау керектігі жайында жазылған, – дейді Анна Васильевна.

Орта буын оқушыларына арналған Атласта аймақтың геологиялық құрылымы және пайдалы қазбалары, климаттың рельефі мен мұздау ерекшеліктері, өзен желісі, жыл мезгілдері, ландшафттар, экономика карталары, табиғатқа антропогендік әсер, қалалардың сипаттамалары көрсетілген карталар қамтылған. Әр тақырыпта бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған карталар мен оның қысқаша сипаттамасы және тапсырмалар бар. Әзірге Қазақстанның бірде-бір облысында мұндай Атластар жоқ.

Географ бұл жұмыс шетелдік әріптестері тарапынан қолдау тапқанын және халықаралық көрмелерде бірнеше марапат алғанын атап өтті. Жақын арада Атластар Шығыс Қазақстанның бастауыш және орта мектептерінің мұғалімдеріне таныстырылады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс
Қазақстан университеті
нің баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий