Тілді дамыту: Бастауыш сынып оқушыларының ой өрісі
Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту күн тәртібінен ешқашан түсіп көрген емес. Әдебиеттік оқу сабақтарында тіл дамыту жұмыстарына жеке бөлім берілмейді, бірақ мәтінді оқығанда сөз тіркестері мен сөйлеммен жүргізілетін жұмыстарға назар аударылады, оқушылардың жазба тілі мен ой-өрісін дамыту мақсатында нақты жұмыстар жүргізіледі.

Оқушылардың ақыл-ойын, сөздік қорын дамыту, жаңа сөздермен таныстырып, ойын дұрыс, жүйелі айтып беруге, сөйлей білуге үйрету маңызды іс. Бастауыш мектеп бағдарламасында балалардың жас ерекшелігіне байланысты тапсырмалар, жаттығу жұмыстары берілген. Сол сияқты тіл дамыту жұмыстары мәтіндерді оқу оны мазмұндап айту, сұрақтарға жауап беру және шығарма, мазмұндама жаздыру арқылы жүзеге асырылады.
Тіл дамытудың тиімді құралдарының бірі жаңылтпаш, жұмбақ айтқызып, оның шешімін тапқызу. Балаға жаңылтпаш үйретіп, оны айтқызу баланы тапқырлыққа үйретіп, ойлау қабілетін мен тілін ұштайды. Жұмбақты айтқызу арқылы сөздік байлығымызды меңгертіп қана қоймай, қоршаған орта туралы түсінікті қалыптастырамыз. Оқушылардың ауызекі сөйлеу мен жауаптарындағы кемшіліктерін байқап, болдырмаудың жолдары үздіксіз жұмыс нәтижесінде жүзеге асады.
Оқыған әдеби кітаптары мен көрген киноларын, тағы басқа оқиғаны өз тілімен айтуға дағдыландыру – тіл дамыту тәсілдерінің бірі. Халқымыз қашанда қанатты сөздерді қазынам деп, өнегені өрісім деп таныған. Қанатты сөздер оқыту, оның мағынасын түсіндіру жақсы әдетке үйретіп, жаман қылықтардан жирендіреді.
Қорыта айтқанда, бала тілін дамытып, жан-жақты қалыптастыруда қазақ халқының ауызекі шығармалары жұмбақ, жаңылтпаштарға, санамақ, ойын, өлеңдерге, мақал-мәтелдерге өте бай. Осы бай мұраның қай түрін алсақта бала тілін дамытуға, байланыстырып сөйлеуге, тілінің грамматикалық құрылымын қалыптастыруда, дыбыстық қателіктерді жоюда баға жетпес құрал болып табылады.
Орал Ғаниматқызы ЖУНУСОВА,
Құланөтпес негізгі орта мектебінің
педагог-сарапшысы, Қарағанды облысы, Нұра ауданы
Загрузка...