Ойлы жасқа: “Үш анық” – ізгілік жолы
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анығы» – адам, жаратылыс сыры жайындағы құнды мұра. Шәкәрім адам жанын мазалаған сансыз сауалдардың жауабын іздеуге, дүние хақиқатын тануға тырысты. 1912 жылғы «Айқап» журналының 4-санында «Білімділерге бес сауал» қойып, шешімін сұрады. Әлем ойшылдарымен сыр ақтарысты, ой бөлісті.

Қазіргі таңда «Үш анықты» оқудың басты қажеттіліктері: ХХІ ғасырда адамзат жаңа технология жасаудың шырқау шегіне жетті. Сонымен қатар бүгінгі таңда дін мәселесі қоғамның ең өткір мәселесіне айналды. Ата-бабамыздан келе жатқан сенімге селкеу түсіп, діни ала-құлалық пайда болуда. Не істеу керек? Кімге сену керек? Ақиқаты неде?
Шәкәрімге жүгінсек: «Неге десең адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ, біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса, бұл екеуін қалай тексереміз? Оны тексерушінің әртүрлі діндер жайынан, әртүрлі ғылым жайынан, әрбір білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабары болуы керек.
Және қатты керек бір шарты – өзінің тұтқан діні, оқыған – ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып, сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек. Әйтпесе, адам әдет, құмар нанымынан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады», – дейді.
Сау ақыл – ақиқатты тануға бастайтын таным. Өз-өзіңді сау ақылға сынатсаң алуан түрлі діндердің ықпалына түспейсің. Шәкәрімнің «Таза ақылмен таппаған дін, Шын дін емес жындылық» немесе «Айнымайтын ақ жүрек пен, Таза ақылды адамның, Таппасы жоқ бұл өмірде, Осыны ұқ балам» деуінің астарында адамзат баласын «таза ақылға» үндейді. Қазіргі заман – білім мен ғылым ғасыры. Тіптен бүгінгі жаһандану заманында ғылым бәсекелестікке айналып отыр.
Дана Шәкәрім «Ғылымнан көзілдірік кимеген ел, Туралап көре алмас күннің көзін»,– деп тереңнен ой қозғайды. Ғылым көзілдірігі деген не? Жауапты ақынның өзінен іздеп көрелік «ғылымның түп атасы – таза ақылмен ойлану». Адамды бақытқа жеткізетін жол іздеген данышпан Шәкәрім «ақылға сынат әр істі» деп ақиқатты танудағы ақылдың орнын айқындап береді.
Таза ақылмен келген еңбек – байлық, ал сол байлықты барша адамзат баласының игілігіне жарату керек. Ақынның ойы Абай айтқан «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген танымымен үндес. Адамның ары – ақылдың безбені. Ойшыл «Жайнар көңіл, қайнар өмір, Ар білімі оқылса» деп баршаны «Ар біліміне» шақырады.
Ар, ол – Ұждан, «ұждан – екі өмірдің азығы». Ақыл көзі мен ұжданы үндескен жан мейірімді, қайырымды, адал болады. Ұждандыны мақтайды тамам адам,
Мейлi ғалым болса да, мейлi надан.
Ар, нысаппен iс қылып, азап тартып,
Ақ жолында өледi бiрталай жан, – деген жолдарда да адамның адамдық қасиеті ұжданға негізделетінін баса көрсетеді. Ар біліміне жол ашады.
Түйіндей айтқанда, «Үш анықта» сенім ақиқаты, ғылым ақиқаты, жан ақиқаты терең философиялық тұрғыда түсіндірілген. Сенім ақиқаты – Сау ақылға сынату, ғылым ақиқаты – Ар білімі, ал жан ақиқаты – Ұждан. Яғни «Үш анық» – адамзат баласының өзін-өзі жетілдірудің салтанат құруына арналған басты құрал. Құрметті Шәкәрім шаңырағының жастары, әріптестер! Шәкәрімнің «Үш анығын» бірігіп оқиық, данышпанның даналық бұлағына ден қойып, «әр ісімізді ақылға сынатайық».
Динара Сайрановна ДАУЛЕТЧИНА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі