Алар асуымыз алда
Жергілікті өңірдегі білім беру ұйымдарының саны жиырма алты. Яғни 14-жалпы орта білім беретін мектеп, тоғыз негізгі орта білім беретін мектеп, 3-бастауыш мектеп жұмыс жасайды. 2022-2023 оқу жылының басында жалпы оқушылар саны – 2192 болса, қазіргі таңда 2180 шәкірт білім алуда. Бүгінгі күні ауданда 22 мектепке дейіңгі білім беру ұйымдарының желісі жұмыс жасайды (үш балабақша және 19 шағын орталық).

Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар саны: 1 жастан 6 жасқа дейін-470 бала, ол 93,6 пайызды құрайды. Ресми түрде есепке алынған үш жастан 6 жасқа дейінгі балалар толық жүз пайыз қамтылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 51 педагогикалық қызметкер жұмыс атқарса, олардың арасындағы жиырма педагогикалық қызметкердің арнайы «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бар.
Барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды (6 жасқа дейін) кезекке қою» 100 пайыз автоматты қызметке қосылған. Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің мақсаты – бейімделу деңгейі жоғары жас адамның шығармашылық әлеуетін іске асыруға бағытталған түйінді құзыреттерге ие бәсекеге қабілетті тұлғаны даярлау. Білім беру үдерісі нәтижелері арасында оқушылардың білімі маңызды орын алады.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аудандағы білім сапасы, облыстық көрсеткішпен бірдей 58% көрсетті. Дәлірек айтсақ, 1-11 сыныпта оқитын 2204 шәкірттердің 358 оқу озаты атанды. Оқу екпінділерінің саны 843-ке жетіп, жалпы үлгерім жүз пайызды құраған болатын. 11 сыныпты 98 түлек аяқтап, он бітіруші «Алтын белгі» иесі атанды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысқан салтанатты шара барысында оларға Балалар жылының аясында 100 мың теңгені құрайтын арнайы сыйлық табысталған болатын.
Грантқа қол жеткізген 34 шәкірттің отыз екісіне отандық жоғары оқу орындарында тегін білім алуға жолдама берілсе, екі оқушы бауырлас Түркия мемлекетінің университеттеріне таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түсті. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатындағы ортақ мақсатқа жұмылған жергілікті білім беру ұйымдарында 546 мұғалім (педагог – шебер – 2, педагог-зерттеуші- 64, педагог-сарапшы – 154, педагог – модератор – 130; жоғары категориямен – 17, бірінші категориямен – 26, екінші категориямен – 26, біліктілік санатынсыз -127 мұғалім) қызмет атқаруда.

Ауданның 26 мектебінде әлеуметтік жағдайы бойынша мемлекеттің қолдауы мен көмегіне мұқтаж отбасында тәрбиеленетін 618 бала тегін ыстық тамақпен қамтылып, бюджет есебінен бірінші сыныптың 238 оқушысына толық жүз пайыз тегін ыстық тамақ берілуде. Жергілікті атқарушы билік құрылымдарының қолдауымен шалғайда орналасқан елді мекендерден тасымалданатын оқушылар үшін жайлы жағдайлар жасалып, сегіз арнайы автокөлік жұмылдырылған.
Облыстық білім басқармасы тарапынан лизинг бойынша сатып алынған төрт жаңа автобустың екеуі былтыр бізге бұйырған еді. 2020 жылы Үлгі ауылының жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратына барлығы 258.378 мың теңгеге, 2021 жылы Абай атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебіне сомасы 217.003 мың теңгеге, 2022 оқу жылында Еңбекшілдер ауылының жалпы орта білім беретін мектебіне 89.008 мың теңгеге күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Степняк қаласының №1 ЖОББМ жөңдеу жұмыстарын жүргізу биылға жоспарланып, бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар білім беру ошақтарындың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жаңартылған кабинеттер сатып алынуда. Білімгерлердің оқуға деген құштарлығын арттырып, әлеуетін көтеру мақсатында ауданның төрт мектебінде кітапхана қорына жаңарту жұмыстары жүргізілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеті мектепте турникеттер орнатылып, жөндеу жұмыстары жасалған бірнеше жылу қазандықтары мерзімінде іске қосылды.
Шәкірттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытындағы түрлі сайыстар мен байқауларды тиімді ұйымдастыру дәстүрге айналған. Барлық сайыстарға белсене қатысып, жетістіктерге қол жеткізетін оқушылар мен мұғалімдердің саны уақыт ұзаған сайын көбейіп келеді. «Экоөмір» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің облыстық форумында Бұланды орта мектебінің оқушылары «Zhasyl el» номинациясы бойынша үшінші қатардан көрінсе, «Экотеатр» аталымына сәйкес жүлделі бірінші орынмен марапатталған болатын.

«Менің шағын Отаным» аталатын 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың Ү республикалық интеллектуалдық байқауының облыстық кезеңінде екінші орынды «Кішкентай Отанымның символы» аталымынің негізінде Тасшалқар ауылындағы мектептің 9-сынып оқушысы Кеңес Нұрсая иеленді. Қуанатын бір жағдай – оқушыларымыз ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстардың облыстық байқауында (Макинка ауылындағы білім ордасынан Чжао Алина мен Ақсу ауылында оқитын Жетен Мадина үшінші орын, Бұланды ауылының ЖОББМ оқушысы Сайланова Айдана екінші орын) биік белестерді бағындыра білді.
Облыстық оқушылар арасындағы пікірсайыс турнирінде ауданнан құрама қазақ лигасы қатысып, Кабжанова Айнұр үздік спикер атанды. 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» облыстық ғылыми жобалар байқауында бақ сынаған төрт үміткеріміз жүлдемен оралды. Балалар жылына арналған «Ғылымның жаңа толқыны» тақырыбы бойынша 1-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар байқауына Еңбекшілдер ауылындағы мектептің мұғалімі С. Сыздыкова жетекшілік жасаған озық оқушы Айдархан Олжас «Адам өміріндегі вакцина СОВИД-19 рөлі» тақырыбындағы ғылыми жұмысын сәтті қорғап, үшінші тұғырға көтерілді.
Жергілікті ұстаздар қауымының да жемісті жетістіктері қомақты. «Туған жер, тұңған тарих» атты облыстық сырттай байқауында Макинка ауылындағы білім шағырағының география пәні мұғалімі Абдрахманова Бибигуль Койшеновна бірінші орынды иеленіп, Бұланды ауылындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Оспанова Гульжамиля Ертаевна сертификатпен марапатталды. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» олимпиадасының облыстық кезеңінде Бірсуат ауылының мектеп мұғалімі Жақсыбергенова Алма Қайратовна мен Құдықағаш ауылының Р.Елебаев атындағы білім ордасының ұстазы Хамзина Алмагул Өмиртаевнаға жүлделі үшінші орын табысталды.
Биылғы оқу жылында ұстаздар ұжымы шәкірттердің шығармашылығын дамыту барысында біліктіліктерін арттыру арқылы жоғары жетістіктерге жететіндігіне толық сенім бар. Демек алатын асуларымыз әлі де алда.

Ақкенже Төлеубайқызы АҚШАЛОВА,
Біржан сал аудандық білім бөлімінің
басшысы, Ақмола облысы