Фототерапияның бала психологиясына әсері

Қазіргі таңда жастар өзін көрсеткенді, түрлі көркем-бейнелік образдар арқылы жан дүниесінің айнасын жұртшылыққа паш еткенді жақсы көреді. Осынау заманауи сәнге айналып отырған құбылыстардың бірі суретке түсу және түсіру. Бұл құбылыстың дамуына да әлеуметтік желілердің қосып отырған үлесі мол. Суретке түсу мен түсірудің тек көркемдік әсері ғана емес, психологиялық факторында қарастыруға болады.

Ал мұндай бөлім психологиядағы психотерапиялық бағыттардың бірі арт-терапияның – фототерапия бөлімі. Фотосурет 1822 жылы пайда болды. Ол ұзақ уақыттар бойы адам қызметінің әртүрлі салаларында сәулеттен бастап қолданылып келеді. Енді ғана ол емдеу және түзету, психология саласында қолданыс тауып келеді. Қазіргі уақытта психологиялық тәжірибеде адамның шығармашылық мүмкіндіктерін пайдаланатын әдістер бар. Олардың көпшілігі арт-терапияда қолданыс тапты.

1975 жылы канадалық психолог, арт-терапевт әрі фотограф Джуди Вайзер фотосуретті жеке терапия ретінде қолдана бастады. Оның бірегей қасиеттері фотосуретті арт-терапия саласынан алып шығып, емдеу және түзету саласындағы жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бұл әдіс – фототерапия деп аталады. Фототерапия – терапия сеансы кезінде фотосуреттерді пайдалана отырып қатысушылардың эмоционалдық реакциясын тудыратын, өзара байланысты психотерапиялық әдістердің жиынтығы.

Фототерапия арқылы қандай мәселелерді шешуге болады: стресс; депрессия; себепсіз агрессия; суицидтің алдын-алу; қорқыныш; апатия; тұйықтық; шағын әлеуметтік топта өзара түсіністік орнатудағы қиындықтар; ұйқының бұзылуы; невротикалық күй; психотравма; сенімсіздік; өзін төмен бағалау; жеке тұлғааралық қатынастар. Процедура қалай жүзеге асады? Фототерапияның әсері психолог клиентті шығармашылық процеске тарта білген кезде байқалады.

Фототерапияның әсеріне қол жеткізу үшін маман сабаққа қатысушыларға қолайлы жағдай туғызуы керек. Фотосурет арқылы адамның жағымды немесе жағымсыз тәжірибесі айқындалады. Ал бұл өз кезегінде есте қалған естелікті қайта жаңғыртуға, эмоцияларын талдауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс технологиясын 4 жастан асқан балалардан бастап, ересектерменде өткізуге болады. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу кезінде, олардың балалық шақтағы жарқын жағымды эмоцияларды көрсететін фотосуреттерді қолданған дұрыс.

Бұл баланың жеке ресурсын құрайды. Жасөспірімдермен сеанста терапевт қатысушының өміріндегі кезеңдердің біріндей фотосуреттер сериясын пайдалана алады. Маман маңызды сұрақтардың көмегімен жасөспірімнің санасында өткен бейнелерді өзекті етеді, ұлдар мен қыздардың құндылық бағдарларын қалыптастырады. Психолог үшін қатысушының белгілі бір суретке қатынасын түсіну маңызды.

Қатысушының ескертулері оның фотосуреттер сериясына негізделген әңгімесі психологқа адамның эмоционалдық саласындағы проблемаларының себептерін түсінуге, оларды жою жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді. Психологтың жетекшілігімен сабақта фотосуреттермен жұмыс істеу нәтижесі қатысушының үш тұлғалық құрылымына сәйкес келсе: нақты мен, идеалды және айнадағы мен онда, жұмыс нәтижелі болды, психологиялық түзету мақсатына қол жеткізілді.

Фототерапия түрлері: автопортрет. Фототерапияның бұл түрі метафоралық ассоциативтік карталарын және адамның шынайы портреттік фотосуретін пайдалануды талап етеді. Парақтың ортасына нақты сурет қойылады, ал оның айналасына ассоциативті карталар орналастырылады. Психолог топ мүшелерінің жұмысын топпен ұйымдастырады. Олар шынайы фотосурет пен ассоциативті бейнелердің метафоралық ұқсастығын талқылайды.

Коллаж жасау. Фототерапияның бұл түрі қатысушылардың дайын кескіндермен жұмысын қамтиды. Олар қатысушынікі болуы мүмкін. Сондай-ақ, психолог жұмыс үшін журналдардан кесілген суреттердің тақырыптық сериясын ұсына алады. Коллаждың жалпы тақырыбы «Өткен, бүгін және болашақ». Бұл тақырып қатысушылардың рефлексиялық қабілеттерін ынталандырады. Олардың мақсаттарына жету үшін ресурс табуға көмектеседі.

Авторлық фотосуреттерді жасау. Бұл жағдайда психолог тақырыпты белгілейді, айтылған мәселені топта алдын-ала талқылауды ұйымдастырады. Содан кейін қатысушыларға тапсырма береді (бұл мәселені өмірде бейнелейтін суретке түсіру). Фоторепартаж. Әдістеме қатысушының әңгіме құрайтын фотосуреттер сериясын жасауды қамтиды. Қатысушының суреттері мен сөздік шығармашылығын талдай отырып, тұлғалық қырларын ашады. Бұл әдіс өзін-өзі көрсетуге және өзін-өзі қабылдауға ықпал етеді.

Сахналық фотосессия. Фототерапияның бұл түрі- қатысушының өзін жақсы түсінуі, жағымсыз тәжірибелермен жұмыс істеу үшін қолданылады. Жанама әсерлердің алдын-алу мақсатында қатысуға қосымша гипноз сеанстары ұсынылады. Отбасылық фото. Әдістеме бала-ата-ана және неке қарым-қатынасын түзетуде қолданылады. Отбасындағы әлеуметтік-психологиялық климатты үйлестіруге ықпал етеді.

Спонтанды фото. Фототерапияның бұл түрі адамнан ақыл-ойды басқаруды өшіруді талап етеді. Адамдарды, жануарларды, табиғатты кездейсоқ суретке түсіруге шақырады. Одан кейін фототүсірілімдерді психолог талдайды. Бейнелерді талқылау барысында қатысушының өзіне тән жеке қасиеттерін бөліп көрсетуге, түзету бағытын анықтауға болады.

Өмір жолы. Әдістеме қатысушының өмірінің әртүрлі кезеңіндегі оның қатысуымен түсірілген фотосуреттер негізінде өмір жолының хронологиясын құруды қамтиды. Бұл технология қарт адамдармен жұмыс істеуге қолайлы. Ол адамның өз маңыздылығын сезінуіне, оның тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге деген құштарлығын оятуға, туыстық байланысты нығайтуға, шығармашылықпен айналысуға деген ынтасын молайтуға көмектеседі.

Психолог жұмысындағы фототерапия жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқын түзетуге, қатысушылардың өмірінің мәнін табуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, отбасылық қарым-қатынастарды үйлестіруге бағытталған тиімді құрал болып табылады.  

Гульден Сагиндиховна ХОДАНОВА,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық

колледжінің педагогика және психология
пәнінің мұғалімі, Атырау облысы, Атырау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий