Бастауыш сынып: Қазіргі заман талабы бойынша білім беруді жаңғырту
Қазіргі таңда бастауыш сыныптарына мемлекеттік тілді оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, дамыту және жетілдіру мәселелері сөз болғаны баршамызға мәлім. Көп жайларды зерттеп, көңілге түйіп, мәселелер төңірегінде іздену әр ұстаздың міндетіне айналды.

Сондықтан ұстаздардың тәжірибесінде мынадай проблема тууы мүмкін: оқушылардың танымдық қабілеттерін, танымдық процестерін (есту, көру, қимыл және тағы да басқа) дамытуда қолданып жүрген әдіс-тәсілдердің заман талабына сай болмауы. Осы проблеманы шешу үшін тиімді жолдарды қарастыру қажет. Қазіргі заман талабы бойынша бастауыш сыныптарында білім берудің ақпараттандырудың негізгі талаптарының бірі – оқу үдерісіне мультимедиалық технологиялар мен коммуникативтік интерактивті әдістемелердің үйлесімді байланысы негізінде жасалған, оқыту және тексеру электрондық бағдарламаларды, оқулықтарды енгізу.
Интерактивті тақтаның келуіне байланысты оқытудың жаңаша әдісі пайда болды. Мұғалімдер өз сабақтарында мейлінше интерактивті тақтаны пайдалана отырып, жан-жақты ізденіп, сабақтарын қызықты, әрі тартымды, нәтижелі өткізуге тырысуда. Интерактивті тақтаның мүмкіншілігі шексіз. Өзім қызмет жасайтын мектепте жаңа ақпараттық технологияларды қолдану кеңінен қарастырылған. Әр бір бастауыш сыныптарында интерактивті тақта қойылған.
Сондықтан, бұл тақтамен әр сабақты қызықты өткізуді ойластырып, жоспарлаймын, себебі қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану арқылы оқушыларды жаңа заман технологиясымен жұмыс жасауға үйретеміз. Сабақ үстінде оқушының жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, сабақтың тақырыбына сай нақтылы міндет қоя білу – ол әрбір мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Өйткені, оқушыларды терең әрі жинақты біліммен қаруландыру, олардың шығармашылық қабілетін, қызығушылық талғамын дамыту, өз бетінше білімін толықтандыруға дағдыландыру сияқты күрделі жұмыстар сабақ барысында қалыптасады. Бұл әрбір мұғалімді ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Әрбір мұғалімнің негізгі алға қойған міндеті – шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтуге, биік адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Сабақта интерактивті тақтаны дұрыс пайдалану мазмұнды ұғымдардың қалыптасуына көмектеседі, оқушылардың логикалық ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуға, нақтылы құбылыстарды қарастыру және талдау негізінде, кейін практикада қолданылатын тұжырымдарға келулеріне көмектеседі. Сондай-ақ, оқуда интерактивті тақтаны пайдалану арқылы оқушылардың білімі жоғары болады.
Сонымен қатар интерактивті тақтамен орындалатын жаттығулар оқушылардың білімді меңгеруін жеңілдетеді, деректерді есте сақтауға ықпал жасайды. Оқушылардың көпшілігі естігенінің 10% және көргенін 15 % есте сақтайтыны белгілі. Аудио – және видеоақпаратты бір мезгілде қолдану есте сақтауды 60 % дейін арттырады. Интерактивті тақтада орындалатын тапсырмалар бір мақсатқа бағытталған, өзара байланысты әрекеттердің тұтастығын көрсетеді.
Ол әрекеттер тілдік және ой операциясының күрделенуіне байланысты болады. Сабақтың тиімді жағының бірі – ол заман талабына сай сабақты электронды оқу құралдарын, интерактивті тақтаны пайдалана отырып жүргізу. Тіл үйренушіге мәтінді электронды оқу құралдарынан компьютер көмегімен тыңдап, сұрақтарға жауап беріп, мәтін негізінде бірнеше грамматикалық тапсырмалар орындауға мүмкіндік берілген.
Ең бастысы – тапсырмалар күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттарға негізделіп берілген, яғни бұл тіл үйренушінің тілді жеңіл түсініп, тез меңгеруіне көмектеседі. Ұсынылған сабақ жоспары тиімді, кезеңдері байланыстырыла, түрлі тапсырмалармен толық түрде ұсынылған. Егер әр сабақты мұғалім аталған сабақтай жоспарлап, мүмкіншіліктерді, жаңа технологияларды толық пайдаланып жүргізсе, мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар санының өсері сөзсіз.
Майгүл ДҮРІМХАН,
Оразалы Жұмабеков атындағы тірек
мектебіңің бастауыш сынып мұғалімі,
Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы