Ақтөбедегі Зияткерлік мектепке – 10 жыл

Ақтөбе қаласы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің он жылдық тарихы «Қожаның NIS-тегі хикаялары» театрландырылған концертінде көрініс тапты. Мерекелік концерт алдында шара меймандары дарынды жеткіншектердің ғылыми жобалары мен қолөнер бұйымдарымен танысып, шағын музейдің тұсаукесеріне қатысты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, облыстық білім басқармасының басшысы Нұргүл Бертлеуова, мәслихат депутаттары, білім беру ісінің ардагерлері, қала мектептерінің басшылары, ата-аналар, мектеп ұжымы, оқушылар қатысты.

– Маған кіреберісте ұсынылған мектеп туралы өлеңдер жинағын парақтап,  сүйсініп отырмын. Кез келген ұстаздың еңбегінің жемісі оқушының алғысы мен жеңісімен бағаланады. Сол себепті заманауи, еркін ойлай алатын шәкірттердің тілектерінен артық ілтипат жоқ шығар. Зияткерлік мектептің он жылдық жарқын белесі көз алдымызда бейнефильм арқылы өте шықты. Мектеп ашыларда қобалжу болғаны рас, алайда бүгін зияткерлер  болашағына үлкен сенім және мақтанышпен қараймыз, –     деді облыс әкімдігінің атынан ризашылығын білдіген Бұлбұл Елеусінова.

Балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы желісінде ұйымдастырылған мерекелік концертті мектеп оқушыларының «Qmovie» дубляж клубы аталған фильмдегідей дыбыстады. Шара бойы жалғасқан ән мен би және түрлі қойылымдарда Қожаның NIS-тегі қызыққа толы өмірі әрі оның әлеуметтік жобалар мен ғылыми зерттеулердің арқасында үлгілі шәкіртке айналғаны баяндалды.

Көлеңкелі театрдың әсерлі қойылымы,  ата-аналар, түлектер, ардагер ұстаздар мен бұрынғы әріптестердің ән шашуы, үйірме қатысушыларының спорттық-хореографиялық композициясы, «Нұр-шашу» үлгілі би тобының, домбырашылар оркестрі, фольклорлық, вокалдық  ансамбльдердің өнерлері зал толы көрерменді елітіп әкетті. Мерейтойлық шара барысында Ақтөбедегі NIS дамуына қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін бірқатар ұстаздар марапатталды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий