“Сенің сәтің”: Атыраудағы республикалық студенттер форумы

«Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!», – деп ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын жастардың басын қосып, сенімдеріне қанат білдірген, өзекті мәселелерін ортаға салып, серпілткен алқалы жиын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 3-4 наурыз күндері өткізілді. «Сенің сәтің» республикалық студенттер форумына Қазақстанның 54 жоғары оқу орнынан 150-ден астам студент қатысты.

Форумға арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сапарын алдымен аталған оқу орнына қарасты апаттық деп танылған №2 жатақхананың жағдайымен танысудан бастады. Қазіргі уақытта студенттер облысымыздағы басқа да оқу орындарының жатақханасына орналастырылып, аталған орындармен жыл аяғына дейін келісім-шарт жасалған. Мамандар ғимараттың жағдайын сараптамалық тексеруден өткізу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, Саясат Нұрбек Атырау университеті жанынан құрылған ер балаларға арналған «Ұстаз» мектеп интернатының оқушыларымен жүздесіп, болашақ мұғалімдердің жай-күйін біліп, оқушыларға дәріс оқыды. Мектепте аудандардан жиналған 100-ге жуық 10-11 сынып оқушылары тегін білім алуда. Айта кетейік, «Ұстаз» келешекте педагогика мамандығын игеріп, білім жүйесіндегі ер мұғалімдердің тапшылығын азайтуға үлес қосуды мақсат еткен, еліміз бойынша баламасы жоқ бірегей жоба.

Бұдан кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездескен министр ғылым және білім саласындағы өзгерістер мен алда атқарылатын мақсат-жоспарлармен бөлісті. – Қазіргі таңда ғылым және жоғары білім саласын дамытуға орай жеті жылдық тұжырымдама дайындалуда. Соның аясында жоғары білім саласына 7,5 млрд доллар бөлінетін болады. Бұл қаражат жаңа оқу ғимараты мен жатақханалардың бой көтеруіне, лаборториялық орындардың ашылуына және инфрақұрылымдардың дамуына негіз болады. Сондай-ақ, басымдылық өңірлердегі жоғары оқу орындарына бөлінеді, – деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, қолға алынған тың идеялардың бірі «Курсера» курсы жөнінде сөз қозғаған министр «Айта кету керек, бізді қазақ тілді контенттер өте аз. Ал бұл курс өзге тілден қазақ тіліне аударылып жатырған соң, шетелдегі білімді бізге түсінікті тілде алуға мүмкіндік береді. Сондықтан да студенттердің осы курсты оқып, білуі міндетті жұмыстардың бірі», – деді. «Сенің сәтің» республикалық форумы аясында Саясат Нұрбек ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы студенттік кеңестің отырысына қатысты.

Әр аймақтан жиналған белсенді студенттердің басын қосқан шарада министр ғылым, білім жолындағы маңызды ақпараттармен бөлісіп, белсенді студенттердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өз кезегінде жастар аса белсенділік танытып, айтарын бүкпей, еркін жеткізіп отырды. Мәселен, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының жастар ісі жөніндегі комиеттің төрайымы Әйгерім Қанатқызы өндірістік практика студенттің жұмыс өтілімі ретінде есептелсе деген пікірін білдірсе, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттік парламенті ұйымының вице-президенті Нұрмұхан Абдоллаұлы грантта оқитын студенттердің төлем ақы алу мәселесін алға тартты.
Яғни, құжаттар тапсыру міндетін алып тастап, автоматты түрде студенттерге жылына екі рет қаржы түсіп тұрса ой болар еді. Ал Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті Айсезім Оңдасынова «Мұндай шаралар біздің дамытумызға бағытталған алғашқы баспалдақтар. Форумның атынан көрініп тұрғандай, бұл – біздің әрбіріміздің жарқырап шығатын, көрінетін, күш-жігерімізді, білім-білігімізді көрсететін сәтіміз. Болашақта осындай бас қосулардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймыз», – деген жүрекжарды лебізін білдірді.

Сонымен қатар, екі күн қатарынан думандатып өткен форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі – студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова жастардың саяси көшбасшылығы турасында ақпараттар беріп, студенттермен еркін форматта әңгімелесті. Саяхатшы, мотиватор, психолог, “Өмірге шексіз ғашық” кітабының авторы Динара Болат «қоғамдағы қыздардың рөлі» тақырыбында қыздар қауымына тренинг өткізіп, білім мен ізденістің, еңбек пен талапшылдықтың арқасында табысқа жетудің бағыттарын, тұлғалық даму мен отбасы, саяхат тақырыптарында өзінің ой-тәжірибесімен бөлісті.
Жастар форумына қатысушы ұл балдарға ”Batu Han” дәстүрлі садақ ату федерациясының төрағасы және бас бапкері Марат Бексұлтанұлы қазақтың рухын оятатын ұлттық құндылықтың бірі бұл бес қару екенідігін атап өтіп, садақ ату өнерінің адамға физикалық жағынан пайдасымен бөлісті. Журналист, медиаменеджер Әйгерім Есенәлі «Сөзің өтімді болсын» тақырыбында тренинг өткізді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің баспасөз қызметі