Астана қаласы: Білім беру ұйымдары басшыларының спартакиадасы
Астана қаласындағы білім беру ұйымдарының 2022-2023 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқаулық, спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру, әскери-спорттық іс-шаралар мен жарыстардың күнтізбелік жоспарына сәйкес өткен аптаның сенбі күні елордалық Сервис және туризм колледжінің базасында жергілікті білім беру ұйымдарының басшылары арасында алғашқы спартакиада ұйымдастырылды.

Биыл алғаш рет қолға алынған маңызды іс-шараға екінші мегаполистегі орта білім беру мектептірі мен техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің басшыларынан құралған отыз адам бұқаралық спорттың бес түрінен (дартс; үстел теннисі; пневматикалық мылтық ату және дойбы мен шахмат) бойынша өзара бәсекеге түсіп, бақтарын сынады.
– Елорда әкімдігінің мақұлдауы бойынша білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің қолдауымен Астана қаласындағы Білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Алиев пен біздің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы ортақ ұстанымға сәйкес бірлескен түрде осы спарткаиаданы ұйымдастыруды қолған алған едік. Уағдаластық жасалған бойда спартакиаданың ережесі бекітіліп, сайысатын ойын түрлері анықталды. Осы алғашқы басқосудың нәтижесінде қатысушылардың ұсыныс-пікірлеріне сәйкес құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, спорттық бәсекенің шеңберін кеңейтілуі де мүмкін, – дейді осы орталықтың директоры әрі осы спорттық жарыстың бас төрешісі жауапкершілігі жүктелген Тяженов Нұрлан.

– Болашақта мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен қосымша білім беретін орталықтардың басшыларын қатарға қосып, құрамды толықтыру жоспарда бар. Ең бастысы мемлекеттік бұқаралық спортты дамыту саясатын ілгерілету үшін салауаттылық өмір салтын білім беру ұйымдарында кеңінен насихатталуына нақты үлес қосу және тағы бір маңыздысы басшылардың ортақ мүдде тұрғысында тығыз қарым-қатынас жасап, бірегей байланыс орнатуына дәнекер болу.
Нұрлан Ескендірұлының мәлімдеуінше екі жыл бұрын заман талабына сай елордасы мен республика аумағында дене шынықтыру, спорт және әскери-патриоттық тәрбиені дамыту үшін қайта құрылған орталық қызметінің мақсаты мен міндеттері жеке тұлғаның физикалық мүмкіндіктерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау, салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыруға; азаматтыққа және патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеуге; сабақтан тыс және каникул уақытында өскелең ұрпақпен жұмысты біріктіру және үйлестіру, олардың салауатты өмір салтын сақтау және дамытумен байланысты олардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.

Осыған орай ұйымшыл ұжым қалалық және республикалық деңгейдегі түрлі дүбірлі додалар мен спорттық сайыстардың бастамашысы болуда. Астана қаласы білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әлиев Батырдың айтуынша қазірге кезде орта және кәсіби білім беру ұйымдарының басшыларына жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағыттарында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
– Педагогика саласындағы жаңашылдықтардың ағымына жылдам ілесіп, күн тәртібіне шығарылған маңызды мәселелерді оңайлы реттеу үшін директорлардан үздіксіз білім мен жоғары біліктілік талап етіледі. Яғни олар ұдайы түрде жан-жақты ізденісте жүруі тиіс. Демек көшбасшылық қасиетке ие болудың маңызы зор. Ұстаздар ұжымының ұйымшылдығын ұтымды түрде үйлестіріп, қызметкерлеріне үлгі мен шәкірттерге өнеге көрсетудің ауыр жүгін көтеру кім-кімге де оңай салмақ емес, – деді қалалық кәсіподақтың көшбасшысы Батыр Әлиұлы.

– Сондықтан білім беру ұйымдарының білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырумен қатар салауатылық салтын ұстануда да бәрінің де алдыңғы сапында жүруін қалап, бірлесе қолдадық. Алғашқы кездесудің барысында жарысқа қатысушылар ұйымдастырушылар тарабына ризашылығын жеткізіп, алғыстарын білдіруде. Және көпшіліктің қызығушылықтарына қарай бұл спорттық жарыстың көкжиегін кеңейтіп, мини футбол мен волейбол және баскетбол сияқты ойын түрлерінің санын еселеу қажеттілігі жөніндегі ұтымды ұсыныстарды естідік.
Осы орайда айтылған барлық пайымды пікірлерді жинақтап, зерделеген соң сараптаулардың нәтижесінде тұрақты түрде дәстүрлі ұйымдастырудың да мүмкіндіктерін қарастыруға мүдделіміз. Сервис және туризм колледжінің директоры Басыгараева Салтанаттан естуімізше бұл арнаулы оқу орнында студенттер мен колледж қызметкерлері арасында түрлі спорттық жарыстарды өткізуге жақсы да жайлы жағдай жасалған және лайықталған залдарда қажетті құрал-жабдықтар бар.

– Алғашқы спартакиадаға қатысушылар мен жанкүйерлер қауымының көтеріңкі көңіл күймен келіп, жарыстың тартысты болуына жеке үлестерін қосқандарын көріп қуандық. Әріптестеріміздің көбі өздерінің пневматикалық мылтықтары мен үстел тенисінің шарларына қоса ракеткаларын ала келгеніе қарап, спорттық шараға қызығушылықтарын айқын аңғарасың. Біздің спорттық ойын залдары оқу кабинеттерінен бөлек бөлікте жеке орналасқан және барлық жағынан да ыңғайлы.
Арнайы салынған бассейніміз де бар. Осы орайда жарысқа қатысушылар суға жүзуден жарыс өткізуге таптырмайтын мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттілігін ұйымдастырушылардың назарына салды. Қол күресін де спорттық ойын түрлерінің қатарына қосуды сұрағандардың ұсынысы қолдауға тұрарлық, – дейді Салтанат Қайратқызы.

– Спорттық мерекеге келген құрметті қонақтарға колледж қызметкерлері мен еріктілер клубына мүше студент жастар сайыскерлердің талап-тілегіне сай қызмет көрсетіп, ауқымды шараны абыроймен атқаруға барлық күш-жігерлерін жұмсады. Жиналғандар бос уақыттары мен демалыс сәттерін тиімді пайдаланып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Мылтық ату тирі мен дойбы және шахмат үйірмелерінің қызметін көрген соң жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытывда жасалған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, тәжірибе алмасу арқылы өздерінде де осындай істерді бастауға болатындығына көздерін жеткізді.
Алғашқы спарткиаданы өткізудің базасы ретінде біздің колледжді таңдаған ұйымдастырушылар мен жарысқа қатысқан барлық әріптестерге ұжым атынан ізгі лебізімді білдіремін. Бұл арнаулы оқу орнында бүгінгі таңда сегіз мамандық бойынша 1200 студент білім алуда. Оларға жетпіс төрт педагог оқытушы түрлі пән сабақтарынан дәріс береді. Барлық мамандық елордасы мен республика аумағындағы еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетіндігімен де маңызды. Барлық кабинеттер мен шеберханаларда заманауи құрылғылар орнатылған.

Астана қаласындағы №45 орта мектептің директоры Жарылқапова Гүлназдың сөзіне сүйенсек тұңғыш спартакиада жоғары деңдейде ұйымдастырылғандығымен қатысушыдардың көңілінен шыққан. – Қазір жоғары жетістікке жеткеніміз үшін қуанып тұрмын. Себебі дартс жарысына қатысып, бірінші орынды иелендік. Қарсылыстарымыз да жақсы дайындықпен келген екен. Бәсекелестерімізден басым болу оңайға түскен жоқ. Алдағы уақытта да бұл спартакиада тұрақты түрде кеңейтілген құраммен тартысты өткізілсе, тағы да белсене қатысу арқылы бағымызды сынауға міндетті түрде келеміз, – дейді осы білім ордасының жетекшісі Гүлназ Молдаханқызы.
– Біздің мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану және салауаттылыққа бағыттау аясындағы іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі жүргізілуде. Тіпті биылдан бастап әкелер мен аналар волейболы, шахмат сынды спорттың кең тараған түрлерінен жарыс ұйымдастыруды қолға алдық. Қатысуға ниет білдірген ата-аналар тарапынан белсенділік жоғары. Сондықтан оларға қызығушылық танытқан қолдаулары үшін мың алғыс. Сайыс кезеңдері жалғасуда. Сондықтан ата-аналар арасында қалалық деңгейде спартакиада ұйымдастырылар болса, мектеп жеңімпаздарының дүбүрлі додаға қатысатындығы анық.

Таңертең басталған спартакиада түстен кейін мәресіне жетіп, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері елордалық білім беру қызметкерлері кәсіподағының медаль, диплом, кубоктармен марапатталды. Және тұңғыш топжарушылар атанған үздіктер мен барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталды.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...