Рухани жаңғыру: Туған жерге тағзым
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» бастамасы мен «Жомарт түлек» жобасы аясында туған жеріне танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, мектеп оқушыларымен пікірлесу, болашақ мамандық таңдауға жол сілтеу мақсатында Жайсан орта мектебінде 10-сынып жетекшісі А.Оңалбаеваның бастамасымен «Туған жер – бақыт ордасы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның қонағы осы білім ордасының 2004 жылғы түлегі Диханбаев Әділ Асқарханұлы. Ол қазіргі таңда ауданымыздың «Қорағаты» ауылдық округында әкім қызметін атқаруда. Кейіпкермен кездесудің расында мәні терең, маңызы бөлек. Өйткені, елдің өркендеуі мен дамуы жолына ерекше атсалысып жүрген түлектеріміздің жетістіктері – туған жердің топырағымен тамырлас. Әр адамның жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік пен сағыныш кернеп тұрады.
Сөз тізгінін алған түлегіміз алғашқы мұғалімдерін еске түсіріп, оқушы кездеріндегі жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар бүгінгі күні мемлекет тарапынан жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың бар екендігі туралы айтылып, тек білім алу қажеттігін жеткізді. Бұдан өзге мамандық таңдау туралы өзінің кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша артынан ерген іні-қарындастарына ақылын айтқан түлегіміз бастысы жан-жақты болуға шақырды.
Түлекпен кездесу кешінде мектеп директоры Ерлан Абуев құттықтау сөз сөйлеп, «Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым» дейтін жомарт жандар үшін «Жомарт түлек» жобасы игі бастама екенін айрықша атап айтты. Және бүгінгі күні мектебімізден қаншама түлектер өз орындарын тауып, әр салада қызмет істеп жүрген, білікті мамандар болғанын қуанышпен жеткізді.
Кездесуге қатысқан 9-11 сынып білім алушылары түлекке түрлі сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды. Сондай-ақ өздерінің өнерлерін ортаға салып, кешке қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Алдағы уақыттада елімізде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектерімізді жас ұрпаққа үлгі ете отырып, туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тартуда әлеуметтік маңызы бар «Туған жерге тағзым», «Мектепке тағзым» сияқты жобаларды әрі қарай жүзеге асыру біздің мақсатымыз болып қала бермек.
Сауле Сүйебайқызы УМБЕТОВА,
Жайсан орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жайсан ауылы
Загрузка...