Қазақстандық IT-мамандар велосипед станцияларының орналасу алгоритмін әзірледі
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасының ғалымдары кептелістер мен географиялық орналасуын ескере отырып велосипед аялдамаларының оңтайлы орналасу алгоритмін жасап шығарды. Алгоритм Python бағдарламалау тілінде жасалған, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

– Алматы тұрғындары бұрыннан қосымшаның көмегімен велосипедтерді жалға алып жүр. Клиент көлікті сапарға дейін бірнеше сағатқа жалға алып, онымен тек бір жерде ғана жүреді. Мысалы, АҚШ-та қосымшаның көмегімен жақын маңдағы велосипед станциялары қолданылады. Яғни, велосипедті демалу үшін ғана емес, қозғалыс құралы ретінде де пайдалануға болады, – деп жауап берді цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасының аға ғылыми қызметкері Алмасбек Маулит.
«Ядролық физика» мамандығының 5 курс студенті Нұрасыл Жомартхан олардың алгоритмі бизнесмендерге велосипедті жалға беру жүйесін жақсартуға көмектесетінін айтады. Бизнесмендердің қосымшасында жақын маңдағы станцияларды орнату қазақстандықтардың велосипедке деген қызығушылықтарын арттыруға және оған жиі қолданылатын көлік құралы ретінде қарауға септігін тигізеді.