Алматыдағы білім сапасы басты назарда

ҚР Премьер-министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ өткен аптаның жұма күнгі Алматыға кезекті жұмыс сапарының барысында қала әкімі Ерболат ДОСАЕВпен бірге тұңғыш мегаполистегі түрлі саладағы мекеме және кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, білім беру бағытындағы сапаға ерекше мән берді.

Үкімет жетекшісі салынып жатқан оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының құрылысымен танысып, туындаған мәселелер бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұл заманауи нысан мерзімінде пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қосымша білім алатын болады.

Жаңадан ұйымдастырылатын көптеген үйірмелер арқылы қатысушыларға ғылым мен техника, музыка, шығармашылық, тіл және спорт сияқты бағыттар бойынша жеке әлеуетін дамыту үшін жайлы да жақсы жағдайлар жасалмақ. Сонымен қатар бұл ғимаратта психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің тұрақты жұмыс істейтінтіндігі көзделуде.

Әлихан Асханұлы жергілікті атқарушы билікке қосымша білім саласындағы көшбасшылықты одан әрі нығайту үшін тиісті орталықтар желісін арттыру, оқушыларды тегін үйірмелермен, спорт секцияларымен және аула клубтарымен қамтуды кеңейту қажеттілігін айрықша атап айтты. ҚР Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің тапсырысы бойынша жауапкершілігі шектеулі «Hyundai Trans Auto» серіктестігінің зауытында Golden Dragon маркасының мектеп автобустары және Hyundai (H-1, H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылатындығы белгілі.

«Мектеп автобусы» пилоттық жобасы аясында қала әкімдігі мектепке оқушыларды тасымалдау үшін 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр. Осы мүмкіндіктердің нәтижесінде барлығы жиырма тоғыз білім ордасындағы оқитын 7,7 мың шәкіртті арнайы көлікпен қамтамасыз ету көзделген. Отандық көлік компаниясының жаңа үлгідегі автобустары заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған.

Бүгінгі таңда әрбір мектеп бойынша егжей-тегжейлі маршруттар белгіленіп, сонымен қатар балаларды отырғызу және түсіру үшін көліктің келу уақыты көрсетілетін арнайы аялдамалар дайындалуда. Премьер-Министр білім беру сапасын арттырудың басты факторларының бірі әрбір оқушының қажеттіліктеріне бағдарланған және олардың қауіпсіздігі басты назарға алынған жайлы мектеп ортасы екендігін еске салды.

Сондықтан бұл жобаның тиімді түрде уақытылы іске асырылуы ірі мегаполистегі маңызды мәселенің мемлекеттік тұрғыдан оңтайлы реттеудің дұрыс шешімі саналады. – “Мектеп автобусы” пилот жобасы 7700 білімгерді толық қамту үшін биыл іске қосылды. Автобус бағыттары мүмкіндігінше көп шәкіртті мектепке дейін тасымалдау үшін жасалған. Балаларды түсіру және келу-кету уақытын көрсететін арнайы аялдамалар бар.

Ол жерлерге бейнебақылау камералары орнатылған. Әр бағытта тұратын мұғалімдер жолсерік ретінде оқушыларды демеп жібереді. Жергілікті ұтқырлық басқармасы отыз мектеп автобусын наурыздың соңына дейін, ал қалған жетпіс көлікті мамыр айында жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарға қазына қаржысынан 5,2 миллиард теңге теңге қарастырылған, – деді Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

ҚР Премьер-министрі кезекті сапарының қорытындасы бойынша қала әкімдігінде мегаполистің әлеуметтік және экономикалық даму басымдықтары бойынша арнайы кеңес ұйымдастырып, жауапты тұлғалардың есебін тыңдады. Жиында қала әкімімен бірге бірнеше құзырлы министрліктің өкілдері құрамында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасап, қала әкімдігі тарапымен екі жақты қолға алынған жобалар туралы және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барысы жөніндегі ақпараттармен таныстырды.   

Ресми мәліметтерге жүгінсек тегін тамақпен қамтылған алматылық оқушылардың үлесі қырық пайызға жуықтапты. Биылғы оқу жылында 133 мың оқушы мектеп асханасында тегін тамақтана бастаған. Олардың арасында 1-4 сыныптың барлық оқушылары мен әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасыдан шыққан 5-11 сыныптың ұл-қыздары да бар.

– Үкіметтің тапсырмасы бойынша бейіндік ведомстваның қолдауымен қала әкімінің арнайы бөлген қаражаты есебінде оқушылардың мектеп асханасында тегін тамақтануы қолға алынғаны мәлім. Осыған орай құқықтық құжаттардың негізінде ас мәзірін бекіттік. Заңнамалық нұсқаулар басқарма мен білім беру ұйымдарының сайттарында көпшіліктің толық танысуы үшін орнатылды.

Қазіргі кезде асханалардағы тамақтану сапасына күнделікті мониторинг жүргізетін комиссия міндеттерін жүйелі атқаруда. Арнайы топтың құрамына медицина қызметкерлері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар бар, – дейді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий