Елорда білімі: Дарынымен дараланған дарабоздар

Кез келген ел өзінің болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Қазақстан Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлты­мыз­дың  болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді» деп жастарға зор сенім мен үміт артты. Сол сенім мен үмітті  ақтайтын білімді де дарынды жастардың әлеуеті мен шығармашылық қабілеттерін анықтауға Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы да зор үлес қосып, ойы мен дербестігін қалыптастыратын шығармашылық тұлғаның дамуына негіз болатын әртүрлі интеллектуалды іс – шараларды жүзеге асырып келеді.

Психологтердің пікірі бойынша, баланың мектепке дейінгі жаста шығармашылық қабілеті, дарындылығы, жеке басының психикалық қасиеттері ерекше байқалады. Бұл жастағы балаға жоғары танымдық белсенділік, әсершілдік, ақыл – ойын дамыту қажеттілігі тән. Балалардың  осы жас ерекшеліктерін ескере отырып, біздің орталық мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорт жарысы, «Әдебиет әліппесі» оқулары, 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» қалалық зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалар конкурсы, 2-4 сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадаларын дәстүрлі түрде ұйымдастырады.

Сонымен қатар дарынды балалармен жұмыс жүйесін ой елегінен өткізе отырып, олардың шығармашылығы мен белсенділігімен танылуына  мүмкіндік жасау мақсатында жыл сайын: орта буын оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық жасөспірімдер олимпиадасын, «National Geographic Қазақстан» ғылыми-көпшілік географиялық журналымен бірлесіп география пәнінен Ұлттық олимпиада, химия және биология және тағы да басқа пәндер бойынша республикалық пән олимпиадаларын және қалалық «Құтты білік» оқуларын; жоғары сынып оқушылары үшін республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық  Абай оқулары, Ақселеу оқулары, Қадыр оқулары, «Мәуелі мұра» оқулары, «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Менің Отаныма – менің бастамам», халықаралық STEM олимпиадасы, робототехника бойынша «Robotek Grand Tournament» республикалық турнир және білім бәсекелерінде бақ сынайиын үміткерлерге қолдау мен көмек көрсетуде.

 

Орталықтың жас дарындардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған үйлесімді жұмыстарының арқасында олимпиада қозғалысына қатысушылар саны да, сапасы да жыл сайын артып келеді. Мектеп оқушыларының олимпиадалық қозғалысы – көлемі жағынан республиканың білім кеңістігіндегі ең ауқымды құбылыстардың бірі. Пәндік олимпиадаларға қатысу оқушылардың тұлғалық өсуі мен дамуына көп мүмкіндіктер береді. Бұл – өмірде жетістікке жету үшін қажетті жаңа білімді меңгеру және мамандық таңдау, емтиханға дайындалу, өз қабілеті мен қызығушылығын анықтау.

Қазіргі кезде елордалық оқушылар арасында олимпиадалық қозғалысқа қызығушылық айтарлықтай жоғары, балалар бірнеше олимпиадаларға қатысып, бағын сынай алады. Былтыр республикалық олимпиадалар мен жарыстарға шаһардан 849 шәкірт қатысып, оның үш жүз сексен үші жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Оқушыларымыз 104 алтын, бір жүз он тоғыз күміс және 160 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, өткен жылы елорданың олимпиадалық құрамасы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада рекордтық нәтиже көрсетіп, жалпы саны тоқсан үш медаль (24 алтын, 29 күміс және 40 қола) иеленді.

Астана құрамасы жыл сайын «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады. Республикалық олимпиаданың өткен оқу жылындағы көрсеткіші бойынша елорданың 11 мектебі еліміздегі үздік жүз олимпиадалық білім ордасының қатарына енді. Олар: дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі, «Nurorda» мектеп-лицейі, №46 балабақша-мектеп-гимназия кешені, №17 мектеп-гимназия, дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі, №5 гимназия. Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және жоғары нәтиже көрсету үшін орталық демалыс кезінде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.

Оқу-жаттығу жиындарын өткізуге өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз үлестерін қосады. Елордалық білім беру мекемелерінің оқушылары Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Болгария, Венгрия, Кипр, АҚШ, Бразилия, Португалия, Колумбия және тағы да басқа шет елдерде өткен халықаралық интеллектуалдық олимпиадаларда табысты өнер көрсетті. Атап айтсақ, 273 оқушы халықаралық рейтингтік және ғылыми олимпиадаларға қатысып, бір жүз отыз тоғыз медалмен (26 алтын, 37 күміс, 76 қола) жеңімпаз атанды.

Мектеп түлектері мен олардың ата-аналары үшін әрқашан өзекті мәселе – болашақ мамандықты  дұрыс таңдау,  өйткені қазіргі еңбек нарығында кәсіптің сан алуан түрі бар. Сол себепті түлектердің талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін мамандық және оқу орнын таңдауға екі жыл бұрын орталықта ашылған «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі бөлімі көмектеседі. «Qаbilet» қызметі балалардың зияткерлік қабілеттерін анықтау, кәсіби кеңес беру және басты үш бағыт бойынша кәсіби маңызды құзыреттерді меңгеру мақсатында диагностика жүргізеді: ақыл-ой қабілеттерінің диагностикасы – 7-11 сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттері мен мүмкіндіктерін бағалауға арналған сынақтар кешені.

Мамандық таңдау – кәсіптік бағдар беруді кешенді диагностикалау мақсатында 9-11 сынып оқушыларына, түлектер мен талапкерлерге арналған  сынақтар кешені. Кәсіптік бағдар беру – қызығушылықтар мен бейімділіктерді, қабілеттерді бағалауды, мамандықты дұрыс таңдауды ескеретін кәсіптік бағдар беруге арналған сынақтар кешені. Қазіргі кезде табысты адам практикалық ойлау, шығармашылық пайымдау, топта жұмыс істей білуі тиіс.

«Астана дарыны» орталығының «Qabilet» қызметі өткен жылы онлайн-платформада 10-11 жас аралығындағы балалардың қабілеттерін анықтаудың «4K» (шығармашылық, сыни ойлау, ынтымақтастық, қарым-қатынас) диагностикасын ұйымдастырып, жүргізді. Оқушылардың қабілетін бағалау тестілері зияткерлік, коммуникативті және шығармашылық әлеуеті дамыған, сондай-ақ жоғары академиялық жетістіктері бар балаларды одан әрі білім беруде қолдау және кәсіби бағыт беру мақсатына арналған.

Бүгінгі күнге дейін қала бойынша 10-11 жас аралығындағы балалардың қабілет диагностикасы бойынша 18448 оқушы тіркелген. Оның он бес мың алты жүз он екісі диагностикадан өтіп, мамандардың кеңесін алды. Жыл өткен сайын елімізде дарынды балалармен жұмыс істеуге, оларды қолдауға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Республикалық және халықаралық рейтингтік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне республиканың жоғары оқу орындарында оқу үшін білім гранттары беріледі.

«Астана дарыны» орталығы республикалық олимпиадалар мен жарыстардың сйыстарға қоса түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін көтермелеу және ынталандыру үшін жыл сайын маусым айының 1-індегі Балаларды қорғау күні қарсаңында елорда әкімінің дарынды балалармен кездесуін ұйымдастырады. Жергілікті ұжымның жүйелі және жемісті жұмысының арқасында астаналық мектеп оқушыларының есімдері халықаралық интеллектуалдық ареналарда жиі естіліп жүр.  

Алдағы уақытта екінші мегаполистегі дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау мен мемлекеттік тұрғыдан қолдау үшін бұрыннан қалыптасқан игі істердің көкжиегін кеңейту арқылы, ілгері дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Жанар Маулетхановна БЕЙСЕНБАЕВА,
«Астана дарыны» дарынды балалар
мен талантты жастарды анықтау және
қолдау орталығы директорының
міндетін атқарушы, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий