Қостанай облысы: Ауыл мектептерінің автокөліктері
Наурыз мейрамына орай өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов он үш ауданға қарасты шалғай ауылдардың балаларын мектепке тасымалдауды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттің қолдауымен шетелдік танымал зауыттармен бірлесе құрастырған отандық қуатты кәсіпорындардан арнайы сатып алынған жаңа үлгідегі автобустардың кілтін білім бөлімінің басшыларына салтанатты түрде табыстады. Облыстың 2,5 мыңнан астам оқушысы күн сайын мектептерге, үш жүзден астам шәкірт апта сайын шалғайдан қатынап оқиды.

Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылдың алғашқы айларында бөлінген жалпы сомасы 1,089 миллиард теңгеге қажетті жиырма сегіз автобус әкелінген болатын. Құмар Іргебайұлы жиналған жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде жаңа көліктердің жылдамдықты тежейтін шектегіштермен, қауіпсіздік белдіктерімен, ауаны баптау жүйесімен жабдықталғанын айрықша атап айтты.
Олар ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға бейімделген: автобустарда пандустар мен жүргізушіні шақыру түймелері бар. Автопаркті бірден 28 автобуспен толықтыру оқушыларды тасымалдауды ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді. Облыстағы білім беру ұйымдарының автопаркі жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отырады. Соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен 322 миллион теңгеден астам сомаға тоғыз үдкен автобус және 12 шағын көліктер сатып алынған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 407 ауылдық мектепті қайта жаңғырту жоспарланған. Биыл сексен бірінде осы бағыттағы жұмыстар жүргізілетін болады. 2021-2022 жылдары 12,9 миллиард теңгені құрайтын қазына қаржысына 193 білім беру нысандарына жөндеу жүргізілсе, 2023 жылы бір жүз отыз сегіз ғимаратты жаңғыртуға 5,3 миллиарт теңге көзделіп отыр.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 7500 орындық тоғыз заманауи білім ордасының құрылысы қолға алынады. Бұл тәуелсіз еліміздің барлық аймағында бұрын болмаған жаңа үлгідегі жайлы мектептер болатындығы даусыз. Мемлекеттің қолдауымен бастау алған заманауи ғимараттар қалалық және ауылдық жерлерде салынатын болады. Жыл сайын облыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қомақты қаражат бөлініп келеді.
Атап айтсақ соңғы екі жылда осы мақсатта 3,9 миллиард теңге жұмсалса, биыл бұл бағытта 1,6 миллиард теңге көзделген. Сонымен қатар еңбек нарығына қажетті мамандықтарды таңдаған жастарды бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру үшін жайлы жағдайлар жасау барысында студенттік жиһаз, спорттық жабдықтар мен компьютерлік техниканы жаңартуға да мемлекеттің қаржылық қолдауы мен қажетті көмегі күшейіп келеді. Облыстық әкімдіктің қамқорлығы нәтижесінде ауылдық мектептерге 10 заманауи пәндік кабинет және 9 робототехника кабинетіндігі жоспарланған. Бұл дегеніміз, 44 мың ауыл оқушысы жайлы жағдайда сапалы білім алуына жасалатын мол мүмкіндіктің бірі ғана.
Қостанай облыстық білім
басқармасының баспасөз қызметі