Қызылорда облысы: Жаңа мектеп ашылды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласы «Сабалақ» елді мекенінде дарынды балаларға арналған, заманауи үлгідегі жабдықтармен жарақталған 150 орындық №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ордасының ашылу рәсіміне қатысып, жерлестерін мерекемен құттықтады. Күні кеше елімізде өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауда белсенділік танытқан жұртшылыққа алғыс білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың және бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Сыр өңірінде тың жобалар жүзеге асуда. Біз адами капиталды дамыту және білім сапасын арттыру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтамыз. Өңірімізде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдай жасалуда. Өткен жылы облыста 19 балабақша мен алты мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді.

Туған жерге жанашыр меценаттар, кәсіпкерлер тоғыз миллиард теңгеден астам демеушілік қаржыға ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Нәтижесінде 80 спорт-ойын алаңы, демалыс парктері мен аллеялар ел игілігіне табысталды. Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы, Арал ауданы Тоқабай ауылында жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады. Алдағы уақытта да мемлекет, облыс басшылығы тарапынан бүлдіршіндерімізді, талантты оқушыларымызды қолдау тұрақты жүргізіледі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада ел ағасы Бекмырза Еламанов жерлестерін құттықтап, білім саласының ардагері Оразбай Сағындықұлы бата берді. Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу, тағы 1 775 орынға арналған төрт мектеп құрылысын аяқтау «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыстар тізіміне енгізілді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған құны жүз миллиард теңгеден асатын қазына қаржысына 21 мектеп салынады. Биыл он білім ордасының құрылысы басталмақ. Нәтижесінде 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешімін тауып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалады. Бұған қоса аймақтағы еңбек нарығының сұранысына сай мамандықтарды игеру үшін тұрмысы төмен отбасы балаларына облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Жүзден аса оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды.

Қызылорда облыстық білім
басқармасының баспасөз қызметі

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий