Дарындар дараланған дүбірлі дода

Шымкент қаласында наурыз айының 20-25 күндері аралығында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша тоғыз жүзге жуық үздік оқушылар бақ сынаған республикалық олимпиада ұйымдастырылып, өткен аптаның сенбісінде дүбірлі додада дараланған дарындылар мен үздік командаларға марапаттаулар табысталды. ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан КАРИНОВА білім бәйгесінің қорытынды кезеңінде барлық қатысушылар мен жеңімпаз жүйріктерге құттықтау лебізін білдіріп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулері үшін сәттілік тіледі.

 

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметтерге сүйенсек биылғы байқаудың қорытынды кезеңінде жүлделі орындардың жалпы саны 421 құраған (86-сы алтын, 127-сі күміс, 208-і қола медаль) екен. Жыл сайын тұрақты өткізілетін осы дәстүрлі зияткерлік сайысында 9-11, (12) сынып оқушылары математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерінен бәсекеге түседі. Сондықтан бұл олипиада ғылымның іргелі пәндерінде білімдері мен дағдыларын дәлелдеген мыңдаған талантты шәкірттер үшін баянды болашаққа бастайтын қызығы мен қиындығы мол даңғыл жол.

“Үздік олимпиадалық команда” аталымы бойынша биылғы бас жүлдені “Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының командасы жеңіп алса, Алматы қаласы және республикалық физика-математика мектебінің командалары жүлделі бірінші орынды иеленді. Астана қаласы, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының командаларына екінші орын бұйырса, ал Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарының командаларына жүлделі үшінші орынның арнайы дипломдары табысталған.

Сонымен қатар, “Ауылдық жердің үздік оқушысы” аталымымен Абай облысының 10 сынып оқушысы Шәукенов Әмір марапатталғанын білдік. Сондай-ақ, биылғы оқу жылының жеңімпаз түлектеріне жоғары оқу орындарына білім гранттары тағайындалды. Олар, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты (3 грант), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті (1 грант), Toraighyrov University (5 грант), Satbayev University (3 грант), IT Халықаралық университеті (1 грант), Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ (5 грант), Auezov University (5 грант), Shakarim University (6 грант), KBTU (математика, физика және информатика пәндері жеңімпаздарына грант).

Бұл осы зияткерлік салада табысқа жетуге уақыт пен күш жұмсаған барлық қатысушылар үшін керемет жетістіктер. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті марапаттау рәсімін ыңғайлы және қауіпсіз өткізуге барлық мүмкіндікті жұмылдырғанын айрықша атап айтқанымыз абзал. – Биылғы олимпиаданың барлық қатысушылары мен қазылар алқасына, жергілікті билік органдарының өкілдеріне, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уиверситетінің басшылығына, ерікті студенттеріне, Шымкент қаласының білім басқармасына, аймақтық «Шымкент дарыны» орталығына және сондай-ақ, осы үшінші мегаполисте орналасқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының кәсіби қызметкерлеріне шынайы еңбегі мен олимпиадалық қозғалысқа адалдығы үшін шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының баспасөз қызметі.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий