Ақпараттық сауаттылықтың сынағы
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша, биыл сәуір-мамыр айларында Қазақстанның барлық өңірлерінде ICILS-2023 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі өтеді. Оған еліміздің 17 аймағы мен республикалық маңызы бар үш қаладан 176 мектеп іріктелді.
ICILS зерттеуі-компьютерлік және ақпараттық сауаттылық саласындағы ең өзекті және маңызды халықаралық зерттеулердің бірі. Оған 4 мыңға жуық сегізінші сынып оқушысы, 2500 мұғалім, 176 мектеп директоры мен ақпараттық-коммуникациялық технология үйлестірушілері қатысады. – Зерттеу арқылы бүкіл әлем бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қатысты оқыту бағдарламалары мен әдістерін салыстыруға және еліміздегі компьютерлік және ақпараттық сауаттылық саласындағы білім беруді жақсартуға көмектесетін нақты ақпарат алуға болады.
Зерттеу қорытындысы бойынша компьютерлік және ақпараттық сауаттылықтың даму деңгейі туралы Ұлттық есеп жарияланады. ICILS нәтижелері елдерге сандық дағдыларды қалыптастыруға ықпал ететін немесе кедергі келтіретін негізгі факторларды анықтауда қажет болатын деректер жиынтығына қол жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді Комитеттің бас сарапшысы Темірлан Қайкен. ICILS 2023 барысында алынған деректер жалпы білім беретін мектептер үшін оқу бағдарламаларын, педагогтарды даярлау, біліктілікті арттыру және үздіксіз даму бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ цифрлық құзыреттіліктерді бағалаудың ұлттық әдістерін және оқушылардың цифрлық дағдыларын жақсарту үшін оқытудың жаңа әдістері дайындау кезінде пайдаланылады.