Алматы облысы: Заманауи мектепке – жаңашыл ұстаз
Дипломды жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, шығармашылық шеберлігін шыңдау, инновациялық белсенділіктерін дамыту, кәсіби мүмкіндіктерін жетілдіруіне жағдай жасау, оларды білім беру мекемелерінде бекіту мақсатында «Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз» атты арнайы байқау ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Білім мен біліктілік бәсекесінде бақ сынаған үкілі үміткерлердің қарымы мсн қабілетін бағамдап, нақты қорытынды жасаған әділ қазылар алқасының шешімімен үздік мамандар байқау жеңімпаздары атанды. Қарасай ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Жылқаманова Жаннур Мухитқызы жүлделі бірінші қатардан көрінсе, Қонаев қаласындағы №3 орта мектептің ұстазы Садуақас Арайлым Жомартханқызы екінші орынмен марапатталды.
Үшінші тұғырға Талғар аудандық №45 орта мектептің педагогы Бекен Аяулым Мұратқызы тұрақтаған болатын. Қарасай ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Жанашбаева Аймереке Жалгаскызына «Ізденімпаз ұстаз» аталымы табысталса, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылдық округіндегі №1 орта мектептің ұстазы Нақыб Әсем Рабатқызы «Шығармашыл ұстаз» аталымына ие болды.
Райымбек аудандық Н.Өмірзақов орта мектебінің педагогы Чайниет Ләйлә Әділқызы «Жаңашыл ұстаз» аталымымен марапатталды. Облыстық байқаудың бірінші, екінші және үшінші орын иегерлеріне республикалық деңгейдегі сайысқа қатысу жолдамасы берілді. Бұл жарысқа аймақтағы мектептерден топжарған сегіз жас маман қатысқан еді.
Загрузка...