Ел ертеңі: Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Өскелең жастар тәрбиесіндегі құндылықтарды негізге алған біздің балабақша ұжымы жиырма бірінші ғасырдағы заманауи тұлғаның бойында ұлттық сананы қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Педагог қызметкерлер білім беру мен ұлттық тәрбие жүйесін дамытуда отбасы мен қоғамды жұмылдырып, жеткіншектерді рухани және адамгершілік тұрғысында халықтық салт-дәстүрге сай тәрбиелеуге мүдделі.

Тәрбиенің бастауы отбасынан, ананың сүті мен әкенің қанымен берілетіні сөзсіз. Дегенмен балабақшамыз  осы кішкентай шығармашыл бейненің бүршіктей ашылуына көмек ететін, отбасындағы  тәрбиемен қоғамдық тәрбиені ұштастыратын бірден бір мекеме. Руханияттың кәусар бастауына апаратын жолды іздеу бүгінгі таңда баршамыздың міндетіміз. Бала тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімдікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға көңіл бөлу, халықтың тәлімдік мұрасын бүгінгі күнмен сабақтастандыру болып табылады.

Ерен еңбек  нәтижелері балабақшаның жылдық жоспарына байланысты, яғни мектеп жасына дейінгі бала бойында рухани әрі адамгершілік қасиеттерін халқымыздың салт-дәстүрі арқылы  қалыптастыру  деп алып, сол бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар, оқу іс-әрекеттерінен, мерекелерден көрініс тауып жатыр. Бұл жасалып жатқан еңбектерді мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы тұрғысынан талдайтын болсақ: білімділік негізде қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, ұлттық ойындары, ұлттық қолөнері туралы кең көлемде мағлұмат беру; тәрбиелік бағытта жан-жақты білімді болуға, салт-дәстүрді құрметтеуге, сақтауға, қонақжайлылыққа, әдептілікке  баулу.

Дамытушылық бойынша ой-өрісін  кеңейту, дүниетанымын, эстетикалық талғамдарын, ойлау қабілеттерін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту; күтілетін нәтижеге келсек әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап қуаттандырып,  жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адал, елін, жерін, тілін сүйетін нағыз патриот – азамат  етіп тәрбиелеу. Ата-аналар мен педагогтар бірлесіп ұйымдастырылатын қазақ халқының қол өнер бұйымдары көрмесі, халқымыздың белгілі және ұмытылып қалған дәстүрлерін жаңартып көрсетіліген оқу-іс әрекеттері, салт-дәстүрлерімізді айғақтайтын ертеңгіліктер бүлдіршіндердің өз халқына деген махаббаттарының ерте жастан қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз.

Сонымен қатар балабақша педагогтары халқымыздың  салт-дәстүрін педагогикадағы озық жаңа технологиялармен ұштастырып бүлдіршіндер бойына сіңіруде. Егерде балалардың ұсақ қол моторикасын дамытуда жаңа технологиялар элементтерімен үйрететін болсақ, ата-баба дәстүрімен жас ерекшеліктеріне  сай  қыздарға  ұлттық оюдың элементтерін ою, сырмақ сыру, текемет басу деп алып, ұл балаларға  зергерлік бұйымдарды әшекейлеу, қамшы өру, қайыс қию, қайысты өрнектеуден бастауға болады.

Олар оюлардың атын атап, түрлерінің өсімдіктерге, жануарларға қатысты екенін  танып қана қоймай қандай ою қандай бұйымдарды әшекейлеуге лайықты  екенін біледі. Енді бір сабақтардан бүлдіршіндеріміз зергерлік бұйымдары, киіз  үйдің  жасаулары, қазақ халқының ұлттық киімдері, сияқты атадан қалған асыл мұра жәдігерлерімізді танып өссе. Ертеңгілік, мерекелік іс-шаралардан  қуанышты хабарды жеткізу үшін сүйінші сұрайтын, той басталғанда шашу шашылатынын, қазақ баласы бес-алты жастан бастап атқа мініп шауып қозы-лақ қайырып үйренген, осыған байланысты «Ашамайға отырғызу», «Атқа мінгізу» атты салт-дәстүрлеріміз туындағанын таниды.

Мектеп жасына дейінгі балалармен әңгімелесу,тілдерін дамыту сабақтарында баланың жеті атасын білуі, жеті атасының атын біліп қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, ел-жұрты үшін еткен еңбегі, өнегелі істері жайлы әңгімелер айтылады. Сонымен қатар дастарханға қойылатын күнделікті өмірде қолданылатын ас-тағамдарының атауларын, әдет-ғұрыптарын танып, ұғынып бойына сіңіріп отырған бүлдіршіндер ұрпақтан – ұрпаққа мұра етіп жеткізе беретініне кәміл сенеміз.

Халқымыздың ұлы перзенті, ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің еңбектерінде «бала тәрбиесі оның табиғи ортасы мен халқының салт-дәстүрі рухында тәрбиеленетін болса, оның сана-сезімінің дамып жетілуі де ұлты мен халқына қызмет ететін көкірегі ояу, салауатты азаматтар болып өседі», – деп айтылған ой толғауын балабақша тәрбиешілері болашақ ұрпақтың тәрбиесіне қолданып,  жалғастырып отыр. Тағылымдылыққа тәрбиелеген ұрпағымыз ата-баба салтын сақтап, иманды, инабатты, өнерлі де өнегелі, рухани бай болып өссе, бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын болары сөзсіз.

Светлана Кажкеновна СМАГУЛОВА,
Құрама үлгідегі №1 ясли-бақшасының меңгерушісі,
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий