ҚАЗҰУ докторанты Гарвардқа шақырту алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының докторанты Арыстанбек Ақылбай Гарвард университетіне шақырту алды. Қазіргі таңда ол АҚШ-та мемлекет дамуындағы меритократия принциптерін зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Жас ғалым шетел тәжірибесінің Қазақстан үшін пайдалы боларына сенімді, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

– Гарвардта біліктілік арттыру менің арманым болды. Ол үшін жеті-сегіз ай бойы дайындалдым. Алты ай ішінде Гарвард қызметкерлерінен жауап келді. Нәтижесінде шетелден шақырылған ғылыми қызметкер мәртебесін ұсынды, – дейді жас ғалым. Арыстанбек бүгінде АҚШ-та «Сингапур мемлекеттілігінің қалыптасу эволюциясы: меритократия және жаңғырту (Қазақстанға арналған тәжірибе)» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жалғастыруда.
Гарвард университеттің материалдық базасын және Widener Library сирек материалдар кітапханасын, оқу орнының аффилиациясын, Гарвардтың электрондық пошта мекенжайын, спорт орталықтарын толық пайдалану мүмкіндігін берді және АҚШ-та визалық қолдау көрсетеді.
Университет әкімшілігі сонымен қатар Гарвардтың үкіметтік және халықаралық зерттеулер орталығында орналасқан Дэвис орталығының жалпы кеңсесінде жұмыс орнын ұсынып отыр. Сондай-ақ жас ғалым халықаралық конференцияларға атсалысып, таңдау бойынша дәрістерге, төрт ғылыми орталықта: Еуразия, Қытай, Азияны зерттеу орталығы және Кеннеди Мемлекеттік басқару мектебінің семинарына қатыса алады.