Наурыз нақыштары: Шаңырақтағы шаттық шуағы

«Наурыз келді дегенше, көктем келді десейші» – демекші, Наурыз – көктемгі тіршілік жанданатын, адамзат баласы да жаңаруға талпынатын шақ. Табиғаттың қыр-сырын жақсы білген бабаларымыз: «Күз – дәнімен сәнді, қыс – қарымен сәнді, көктем – әрімен сәнді, жаз – барымен сәнді» –  деген екен. Сол әрлі де сәнді – Наурыз айы шынымен де, табиғатпен үндестікте өмір сүрудің үлгісін жаңғыртуда.

Шаруаға кірісіп, ізгі істер жасап, бауырмалдықты дәріптеп, ғұрыптарымызды паш етуде. Наурыз мерекесі бүгінде барша жұртшылықты біріктірудің берік рухани діңгегі ретінде орнықты. Бұған бір дәлел, «Айналайын» балаларды қолдау орталығы Наурыз мерекесін өзінің жетістіктерімен, бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкісімен, ән-жырымен қарсы алуда. Аспанда күннің нұры жарқырап, мақпалдай жердің түгі шыққан көктемнің наурыз мерекесі қарсаңында үйіміздің үлкен-кішісі қалмай ағаш егіп, қазақтың салт-дәстүрлерінен театрландырылған көріністер көрсетіп, ойын-жырымен шаттық күйге бөленді.

Үйімізде Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар алдын ала жоспарланып, дайындық үлкен жауапкершілікпен жүргізілді. Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, әз-Наурыз» онкүндігі аясында балалар кеңесінің белсендісі Хусаинова Маргарита ұйымдастырған «Бақ дарытар құт Наурыз» айдарымен сурет байқауы өткізілді. «Хабар» клубы отырысында кітапханашы К.Жексембаева кітап құмар балаларды Наурыз мейрамы туралы қызықты деректермен таныстырды. 16-наурызда үйімізде «Шежіре күні» аталып өтілді. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі тарқатылды.

Ал, 17 – наурызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Ұлы Наурыз – Әз Наурыз!» -атты театрландырған үлкен іс – шара өткізілді. Ақ түйенің қарны жарылған бұл мерекенің шымылдығы үйіміздің ұстаздары мен тәрбиеленушілердің қойған «Табиғаттың оянуы» атты музыкалық композициямен ашылды. Тойлы ауылда ұлтымыздың салт – дәстүрлері: бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той сияқты рәсімдері көрсетілді. Тойға жиналғандар Қызыр бабаның батасын алып, наурыз көжеден дәм татты.

Сондай – ақ, бұл тойда балалардың ұлттық нағыштағы қолөнер жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Тойға келген қонақтар көрмені тамашалап, балалардың өнерлеріне қайран қалды. Қазақ халқын елімізге, жерімізге келген Наурыз тойымен  құттықтай отырып бақ – береке тілейміз!  Ақ мол болсын,Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Кубира ЖЕКСЕМБАЕВА,
“Айналайын” қиын өмір жағдайындағы
балаларды қолдау орталығының кітапханашысы,
Жетісу облысының Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий