Ұлытау облысы: Дәстүрді жаңғыртқан әжелер
Тәрбие тал бесіктен басталады. Осы бір ұғымды тұғыр етіп, ата дәстүрімізді дәріптеу мақсатында аймақтағы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына қарасты Жезқазған қалалық филиалының бастамасымен “Ал, қанекей әжелер!” сайысы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Ұлытау облыстық білім басқармасының бапасөз қызметі.

Әз-Наурыз мерекесіне орайластырылған тағлымды шарада кимешекті әжелердің өнері тамашаланып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жаңғырды, отбасылық құндылықтар насихатталды. Бірінен-бірі өткен әжелердің киім үлгісі, қазақы дастарқаны мен қолөнері көз тойдырып, сүйсінтті. Сайысқа үлкен дайындықпен келген қатысушылардың ішінен жүйрікті анықтау қазылар алқасына оңай соқпады.
Сондықтан, ұйымдастырушылар әр қатысушыны елеусіз қалдырмауды ойластырды. Осылайша, белсене қатысқан әжелер ынталандыру сыйына ие болды. “Ал, қанекей әжелер” сайысының қорытындысы бойынша Бас жүлде шипажайға тегін жолдама №11 мектептің намысын қорғаған мұғалімге бұйырды.
Жүз мың теңге тігілген бірінші орынды Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің намысын қорғаған білім саласында 18 жыл еңбек өтілі бар көркем еңбек пәнінің мұғалімі ардақты ана, төрт немеренің әжесі, Еуразиялық дизайнер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер одағының марапатын алған Молдабай Ақбөпе ұстаз иеленді. Жүлделі екінші орынды №10 орта мектебінің өкілі жеңіп алса, үшінші орын Қабден Шыңғысов атындағы №5 жалпы білім беретін білім ордасына бұйырды.
Загрузка...