Зияткер ұрпақ тәрбиелеудегі нақты қадамдар

Саннан сапаға, сөзден іске, жоспардан әрекетке көшіп, көптеген жетістікке қол жеткізген жергілікті білім бөлімі – облыс аудандарының ішінде өзіндік орны бар мемлекеттік  саналады. Биік абырой – жыл бойы атқарылып келе жатқан ауқымды жұмыстардың, ерен еңбектің нәтижесі. Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады.  Оның біріншісі  ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт баптау, үшіншісі  ілім мен білім жинап, қоғамға қызмет ету. 

Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу мен білім – ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым – бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ», – деген сөзі еске түседі. Осы бір ұлағатты ұғым – біз үшін әрқашан басты ұстаным.

Өскелең ұрпақтың тағылымға толы тәлім мен тәрбие алуына өзек болатын, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым – қатынасы қалыптасатын кезеңі мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде екенін әсте естен шығармақ емеспіз. Қазіргі таңда аудан бойынша жұмыс жасайтын 60 мектепке дейінгі білім беру ұйымында мемлекеттік балабақша, жеке балабақша және толық күндік шағын орталық бар. Бүлдіршіндердің күміс күлкісіне бөленген осынау мекемелерде қызмет ететін педагогтер түрлі кәсіби біліктілік санатына ие.

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білімді игеру үшін үшін тынбай іздену, тыңғылықты үйрену қажет. Аудандағы 49 мектепте білім алып жатқан оқушыларға жаңартылған білім мазмұнын игеріп, заманауи технологиямен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып сабақ беріп жүрген барлық педагог аянбай еңбек етіп келеді. Жаңалыққа жандары құмар олар заман талабына сай кәсіби шеберліктерін арттыруды тоқтатқан емес.  Қазіргі таңда мемлекет білім саласына жан-жақты қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Бұл солай болуы да тиіс.

Себебі ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат – қайтарымы мол, қайырымы кең ең ізгі шара екені белгілі. Осыған сай жергілікті білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы уақыт ұзаған сайын нығайып келеді. Былтыр бірнеше білім ордалары пәндік кабинеттермен, бейнебақылаумен жабдықталып, инклюзивтік кабинеттер ашылса, балабақшаларда логопедиялық кабинеттер қызметін бастады. Ұстаз үшін барлық бала бірдей. Денсаулығына байланысты үйінен білім алатын шәкірттер де компенсаторлық құрылғылармен қамтамасыз етілді.

Биылғы оқу жылында аудан орталығындағы № 71 орта мектептің ғимараты қолданысқа берілді. Жаңа, әдемі мектеп табалдырығын аттаған ұл-қыздардың қуанышында шек жоқ. Білім ұясының жанында интернат бар. Ауылдық жерден қатынап оқитын білімгерлердің алаңсыз сабақ оқып, демалуына барлық жағдай жасалған. Арал қаласындағы №64 орта мектептің кәріз жүйесі  ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданымызда үш ауы”сымдық мектептердің жоқтығы көңіл қуантады.

Ел болашағы үшін жасалып жатқан игі істер тоқтамақ емес. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде алдағы кезде төрт мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда. Арал қаласында 300 орындық екі мектеп, Жақсықылыш кентінен 300 орындық, Сексеуіл кентінен 600 орындық мектептер салынбақшы. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Біз осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадымыздан шығармаймыз. Шәкірттеріміз де ізденімпаздықтары мен білуге деген талпыныстары арқылы білім шыңынан көрінуде.

Өткен оқу жылында мектепті бітірген 933 оқушымыздың 651-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл сексен бірді құрады. Оның ішінде, мемлекеттік грантқа құжат тапсырған бес жүз отыз екі түлектің 410-ы беделді жоғары оқу орындарының және алты үздігіміз облыс әкімінің грант иегері атанды. Ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысқан 3 оқушының біреуі үшінші орынмен, енді бірі Алғыс хатпен марапатталды. Биыл 12 оқушы облыстық кезеңнен жүлдегер атанып, топжарған төртеуі республикалық олимпиадада аймақтың намысын қорғамақшы.

Олимпиаданың облыстық кезеңінің нәтижесімен №14 мектеп-лицейі 2021 жылы “Үздік қала мектебі-2021”, биыл “Үздік аудан мектебі – 2023” аталымдарын иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 2021 жылы алты оқушы, 2022 жылы он екі оқушы, 2023 жылы жиырма үш оқушы жүлдегер атанды. 2-7 сыныптар аралығында “Зерде” ғылыми жобалар конкурсы бойынша жеті шәкіртіміз екінші қатардан көрінсе, алты оқушы үшінші орынға тұрақтаған болатын.

2021 жылы Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстарының ХІ Халықаралық байқауында №262 мектеп-гимназияның оқушысы Бұзаубаев Сұлтанай математикадан екінші орын алса, биылғы халықаралық ғылыми жобалар бәйгесінде №14 мектеп-лицей оқушысы Жеңіс Әселге қолданбалы математикадан үшінші орыннның жүлдесі табысталды. Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиадасынан №220 мектептің бір оқушысы екінші орынмен, №13 мектептің екі шәкірті екінші және үшінші марапатталды.  

“Innofest Qyzylorda” облыстық инновациялық жобалар фестивалінің «Smart city» секциясында Ұ.Қараманов атындағы 262 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Аралбек Жанысбековтің ұшқыр ойлы жаңашыл идеясымен жасалған “Күн көлігі” жобасы жүлделі бірінші орынға лайық деп танылып, 500 мың теңге қаржылай сыйақы қоса берілді. Басқа да көптеген оқушыларымыз республикалық, облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұйымдастыратын шығармашылық байқауларға қатысып, жүлдемен оралуда.

Білім сайыстарымен бірге шәкірттер спорт пен өнер байқауларына да белсене қатысады. «Мерген ару-2023» әскери-қолданбалы спорт түрлерінен Арал ауданы құрама командасы мен өнер мектебінің «Хор» ұжымы жас музыканттар байқауының облыстық кезеңінен жүлделі бірінші орындары арқылы жеңіпаз атанды.  Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы облыстағы білім беру ұйымдары арасындағы «Үздік білім ордасы» байқауының қорытындысы бойынша 34 миллион теңге грантқа қол жеткізді.   

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп жүзеге асыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» қайырымдылық  жобасы  аясында Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейіне 250 миллион теңге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық жаңарту жүргізілумен қоса жаңа білім беру технологиялары енгізілді. Білім ордасының барлық оқу кабинеттері, асхана, спортзал, шеберхана бөлмелері  заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталып, кітапхана мен оқырмандар залы әдеби кітаптар қорымен толықтырылды.

Аудандағы 1-10 сынып аралығындағы оқушылар сауықтырумен, мектепішілік, мектептен тыс лагерьлермен, үйірмелермен, экскурсиялар және көгалдандандыру ісімен тұрақты қамтылып келеді. Барлық білім беру мекемелерінде «Оқуға құштар мектеп жобасы», «Мектеп театры», «Ұшқыр ой алаңы», «Мектеп Парламенті» жобалары аясында жүйелі түрде  жұмыстар атқарылуда. Тәрбие бағытында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен лотақ мақсаттағы «Әке – отбасының алтын діңгегі» атты аудандық әкелер форумы жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, әдістемелік кабинеттегі әдіскерлердің, аудан ұстаздарының, білім беру ұйымдарының оқу – әдістемелік жұмыстары, іс – тәжірибелері білім бөлімінің және мектептердің, балабақшалардың әлеуметтік жеке парақшаларында күнделікті жарияланып отыр. Демек қолға алынып, жүзеге асырылған тың жоба, серпінді бағдарлама, ілкімді істердің барлығын – зияткер ұрпақ тәрбиелеудегі нақты қадамдар деуге толық негіз бар.

Санира Нұрқожақызы ЖАННАЗАРОВА,
Арал аудандық білім бөлімінің басшысы,
Қызылорда облысы, Арал қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий