Алаш арысы ардақталды

Кашар кентіндегі бірегей білім ордасына қазақтың кеңестік кезеңдегі көрнекті қоғам қайраткері, алаш арысы Әлихан Бөкейханның есімі берілуіне орай ұйымдастырылған маңызды шараға облыстық басқарма мен қалалық білім бөлімі басшылары тарапынан «әлихантанушы» ретінде көрші облыстан арнайы шақырылған соң жасым ұлғайса да қатысуға қуана барған болатынмын.

Еңселі ғимараттың әсем безендірілген алдыңғы залында ұлттық киімдегі мектеп мұғалімдері оркестрінің әңдері мен күйлері, сызылта тартылған аспаптар мен халық әндерін орындаушы Айгүл Әбдірахманованың әуенді үндері қатысушы қауымды қызық – қуанышқа бөлеуде. Қаз-қатар тізілген, өте жарасымды тігілген мектеп формасындағы бойшаң ұстаздардың шат көңілін танытарлық шырайлы да жалынды жүздері мектеп залын одан да әрі жарқыратуда.

Қабырғада Әлекеңнің портреті, ұлы ағартушының өмірінен көрініс берер оқушылар туындысы мен «Әлихан Бөкейханның ата-тегі» шежіресінің сызбасы түрлі – түсті көріністе көрнекті түрде жасалып, ыңғайлы орналасқан. Қала мен кент әкімдері, ардагерлер, телестудия журналисі мен операторы, мешіт имамдары, ата-аналар келіп, дәстүрлі шашу, мәре – сәре қуанышты сәттер. Той басталды. Әдемі ұлттық киімде, дауыстары ашық та айқын, сөз ырғақтары мәнерлі жүргізушілер Камила Аллияровна мен Ержан Асқарұлы шықты.

Қуаныштарына қуаныш қосушы келген қонақтарын таныстыра, Әлекеңдей ғажап тұлғаның өмір – еңбек жолына қысқаша тоқтала, жанары жарқырай, жүзі нұрланған мектеп директоры Жанар Ембергенова той – думанды ашты. Әлекеңнің «Ескерткіш тақтасының ашылу»  құрметіне ие болған білім басшысы Темірхан Жайлыбаев екеуіміз бір сәт ұлы тұлғаның жансыз бейнесіне бас ие, қол создық. Жүрегім лүпілдеп, бойымды қуаныш билеп, жиналғандарды құттықтай, алғысымды білдірдім.

Іле сөйлеген жергілікті бас ұстаз бен ардагерлер кеңесінің мүшесі ақын, жазушы Жаңбыршы Тілеуғабылов сөйлеген сөздерінде Әлихан жөнінде көп оқып, жақсы білетінін байқатты. Мектептің алғашқы басшысы Ермек Иманқұлов сол кезеңдегі  мұғалімдерінің елеулі еңбектеріне тоқтала, қазір де мектептің тамаша жетістіктерге жеткеніне, Әлекеңдей дала данышпанының атымен аталуына шаттануын сезіндірді. Сексеннен асқан ардагер, құрмет иесі Жақсылық Кәкенов пен кент әкімі Саят Ахметжанов мұражай лентасын қиды.

Мұражай іші көз тартарлықтай көркем, мазмұнды, түрлі – түсте безендірілген: «Омбы кезеңі», «Самара кезеңі», «Мәскеу кезеңі», «Алашорда үкіметі» кезеңіндегі білімі мен еңбектері көрсетіле жинақталған тарихи деректер, қиынды құжаттар, фото-суреттер. Ортада  үлкен өнер иесі Бүркіт Уайсұлының жасаған Әлиханның мүсіні. Шеберлікті, сезімталдықты қажет етерлік өнер. Әлекеңді тура қағазға салғандай айнытпай бейнелеген. Тамаша туынды! Қарсы қабырғада ұлтымыздың мақтанышы туралы қарымды қаламгерлердің шығармалары зерттеуші, ғалым, жазушы Сұлтан Хан Аққұлының тарихи тұлға турасындағы он бес томдығы да орналасқан.

Төрде керегесі керілген, шаңырағынан шуақ төгілер, ішінде мұғлімдері мен оқушылардың қол өнерін көрсетерлік домбыра, аң терілері, түскиіз ілінген, сырмақ төселіп, әбдірелер, дөңгелек үстел қойылған қазақтың киіз үйі орналасқан. Киіз үйге қарама-қарсы бұрыштағы «Алтын адам» осы көрініске қызыға қарап, жарқырай құптап тұрғандай. Қуаныш жиын залында жалғасты. Сахнада жоғары сынып оқушылары Әлихан Бөкейханның рухының мықтылығын, ұлты үшін өмірін қияр ерлігін, жазықсыз жазаланған ұлт көсемінің есте қаларлық сынды да тарихи сәттерін көрсетіп көрермендерін ойлантса, өте жарасымды қызыл – ала, көгілдір-ақ түсті, бойларына шақ формадағы төменгі және орта буын оқушыларының топтық та ұлттық билері мен хорлары жиналғандардың жанын жадырата, рухын асқақтатты.

Осы қуанышқа қатысқан қалалық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Жанат Қазбекқызы, колледж басшылары: Аманжол Нәбиұлы, Жомарт Қоңырбайұлы, Қайсар Сейтқасымұлы және Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназия директоры Қымбат Бірманова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің директоры Гүлжазира Смағұлова Әлекеңдей ұлы тұлғаның атын алу мектепке үлкен мақтаныш та аманаты мол жүк екендігін, қазір де Жанар Қожақұлқызы бастаған мектеп ұжымының Алаш арыстарының аманатын орындай талай жетістіктерге жететініне сенімдерін, осы шараға үлкен ризашылықтарын білдірді.

Мектептің ардагер ұстаздары Люся Майданова, Марзия Асқарова және Қашар кентінің әкімі, білім бөлімі мен мектеп басшылары келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, марапаттау ырымын, сый – сияпат жасады.  Баян, домбыра аспаптарында сүйемелдеуші, той жүргізуші АӘД пәні мұғалімі Махаббат Серкебаев, зейнеткер де танымал әнші Жақсылық Кәкенұлы және мектеп мұғалімдері осындай қуанышты тойға әндерімен шашу шашты. Басқосудың соңында алаш арыстарының аруағына дұға бағышталып, азаттықты аңсаған алыптардың ұлтжандылық, адамгершілік қасиеттерін келешек ұрпақтың бойына дарытудағы атқарыла бастаған жүйелі жұмыстардың жемісті болуы үшін бата тіленді.

Мен мамандығым бойынша математика – физика мұғалімімін. Жасым сексен екідегі аға буын өкілімін. Білім беру ұйымдарында бес жыл мұғалім, 15 жыл директор болдым. Қарағанды облысының білім басқару саласында (21 жыл облМБЖИ математика кабинетінің меңгерушісі,  12 жыл облбілім бөлімінде (басқармасында)) отыз үш жыл еңбек еттім. Түрлі тақырыптағы жиырма бір кітабым (әдістемелік, ақындық, тарихи-ғұмырнамалық) баспадан шықты.

Бес жүз сексенге жуық ұлағатты ұстазға, тағы басқа азаматтарға, оның ішінде тарихи да ұлы тұлғаларға (Әнет баба, Абылай хан, Абай, Әлихан Бөкейхан, Патрис Лумумба, Ю.Гагарин, Т.Әубәкіров, В.Терешкова, О.Жәутіков, В.Шаталов) арнайы зеерттеулердің нәтижесіндегі шығармашылық еңбектер жазыппын. Құрметті еңбек демалысында жүрсем де отандық педагогика саласын ілгері дамытуға қосқан үлесім мен ғылыми бағыттағы зерттеулерімді жоғары бағалап, ұлт көсемін ұлықтауға арналған жергілікті жиынынына арнайы шақырған қостанайлықтарға рахмет.

Мәртебелі мейман ретінде сый құрмет көрсеткен облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің басшылығына мектеп директоры Жанар Қожақұлқызына аталық алғысымды айтып, барша қауымға «Білімді ел-Образованная страна» республикалық апталығы арқылы ризашылығымды жеткіземін.

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,
ардагер – ұстаз, Қазақстан  Журналистер
одағының  мүшесі, Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі, Қарағанды облыстық білім
саласына еңбегі сіңген қызметкер, Қостанай
облысының Рудный
қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий