Алматылық педагогтер “Математикалық регата” олимпиадасында жеңімпаз атанды
Наурыз айының 27-29 аралығында математика пәні мұғалімдеріне арналған «Математикалық регата» республикалық олимпиадасы өтті. Нәтижесінде алты үздік команда анықталды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше олимпиадаға еліміздің әр өңіріндегі білім беру ұйымдарынан 23 үздік команда қатысты, – деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Олар математикалық анализ негіздері, алгебра, геометрия және логикалық, комбинаторлық тапсырмалар орындап, сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы қаласының командасы жеңіп алды. Шығыс Қазақстан облысы мен Жетісу облысының математиктері екінші орынды иеленсе, үшінші орынды Алматы, Ақтөбе облысы және Назарбаев зияткерлік мектептер желісінің педагогтері алды.