Жаңа кітап: Түркі ағартушысының дүниетанымы

Ұлттық кітапханада өткен аптаның сәрсенбі күні «Көкжиек-Горизонт» баспасының қолдауымен белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, Тұран-Астана университетінің профессоры Әбуов Айдардың «Қожа Ахмет Ясауидің дүниетанымы» және «Духовное наследия Ясауи» кітаптарының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.

Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар ҚМДБ-ның өкілдері және студенттер қатысты.  Кітапта, қазіргі қазақ халқымен қатар бауырлас түркі халықтарының өзіндік санасының тарихи және рухани тамырларын зерттеу бойынша зерттеулер жүргізілген. Еңбекте әр халықтың ата-баба тамырын, рухани кодын түсінуге және сол арқылы өзіндік ұлттық сана-сезімін нығайтуға бағытталған тарихи оқиғалар баяндалады. Ұсынылған кітапта ұлы Түркі ағартушысы, Ислам дәуірінің ақыны,ойшылы Қожа Ахмет Ясауи рухани мұрасының негізгі ережелері ашылған.

Автор ортағасырлық Түркістан дәуірінің суретін және ислам мәдениетін уағыздаушылар түркі мектебінің көрнекті негізін қалаушы тұлғасының рөлін қайта жасайды. Кітапта біз Исламға дейінгі идеялар мен мифтерден жаңа дүниетаным мен ортағасырлық философияға дейінгі рухани өзіндік сананы қалыптастыру процесі қалай жүзеге асырылғанын көреміз.

Бұл трансформациядағы шешуші рөлді дайындаған мұғалім – тәлімгерлердің жаңа тұжырымдамасы мен мектебін құрған Ахмет Ясауи атқарғандығы баяндалады. Ғасырлар бойы Ясауи тұжырымдаған тұжырымдама негізінде Тұран кеңістігінде исламның таралуына ықпал еткені айтылады. Кітап Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен еңбектеріне және қазақ халқының рухани мұрасы мен танымына қызығушылық танытқан барша оқырмандарға арналған.

– Еліміздің руханият дүниесі, ғылыми-танымдық бағыттағы әдебиет қоры бүгін тұсауы кесіліп, ойлы оқырмандармен қауышқан екі зерттеу еңбегімен толықты. Әлемге танымал тұлға – заманында пассионарлық миссияны атқарған түркі ағартушысы, ислам дәуірінің ғұламасы, ойшылы әрі ақыны Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын зерттеуге ден қойған белгілі ғалым бұрын елеусіз болып келген мәліметтерді пайдалана отырып, тың тұжырымдар жасаған, – деді жиналғандар алдында ізгі лебізін білдірген қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым зерттеуші, ҚР Парламенті Мәжілісінің жетінші шақырылымда сайланған депутаты Дархан Мыңбай.

– Атап айтқанда,  Қожа Ахмет Ясауи мен оның ізін қуушылар ислам мүддесіне қарама-қарсы келмейтін, түркі халықтары салт-дәстүрлерімен бірге жасарып, жаңғырып отыратын жаңа идеологиялық модельді дүниеге әкелді; сопы классиктерінің практикалық тәсілдері мен ритуалдары жергілікті дәстүрдің ұғымымен үйлестіріліп отырды; жергілікті дәстүрдің ықпалымен сопылықтың жаңа классикалық нұсқасы-парадигма пайда болды. Сондай-ақ, “жетілген тұлға” (Абай айтқан “толық адам” соның жалғасындай) деңгейіне жетудің қыры мен сыры да айқындалады.

Дархан Қамзабекұлының айтуынша ортағасырлық деректі жазба – “Насабнамада” қызық мағлұмат бар екен. Қожа Ахметтің 12 мың муриті мен қырық қылуетханасы болды дегенді айтады. Ысқақ баб тұсында Сайрамнан Яссыға (қазіргі Түркістанға) дейінгі 12 канал суын жалға беру арқылы кірісті толықтырып отырған. Қарапайым халық өкілдерін де жиі қабылдап отырғаны жөнінде Сығнаки былай жазыпты: Ахмет әңгімелесіп, жүздесу үшін екі мың муфтиді, 60 мың сеийдті, он мың Хорезм имамдарын, 9 мың ғұламаны, тоқсан мың әулиені, 8 мың абдалды, он екі мың аңшыны қабылдаған.

Ал оның “Диуани хикмет” кітабы шығыс мұсылмандары үшін бейресми Кодекске (Түзікке) айналғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Олар түркі жырлары мәнерінде, ұғымға қонымды әрі есте қалатындай түсінікті етіп жазылған екен. Бұл үрдіс жекелеген қазақ ақындарының поэтикалық туындыларында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқандығы да ақиқат.

– Қалың оқырманның ұғымы мен талғамына сай келетін, иландыру арқылы өскелең рухымызға әсер ететін, сана-сезімді өзгертудің дәстүрін, тарихын баяндайтын бұл ғылыми еңбектердің әділетті қоғам құруды қолға алған еліміз үшін құндылығы ерекше екендігін айрыққша атап айта аламыз.  Қожа Ахмет Ясауи “диқан болсаң, қолыңа кетпен ал да халқыңа нан бер, Ғалым болсаң, қолыңа қалам алып ал да халқыңа мән бер”, – деген екен. Қос кітапты жазуда көз майын тауысып, іргелі ізденістер жүргізген авторы мен баспаханадан дер кезінде жарық көруіне қолдау көрсеткен барлық жанашыр жандарға ризашылығымыз шексіз, – деді Дархан Мыңбай.

– Қожа Ахмет Яссауи – ұлы ойшыл, ғұлама, ақын. 11-12 ғасырда ислам енді тарала бастаған діни ілім болатын. Құндылықтары тек кең қазақ даласының Сайрам, Яссы, Тараз жерінде танылып тұрған кезі еді. Зороастризм, манихей, буддист, тәңір табынушыларымен шатысып жүрген топтардың алауыздығы басым болды. Сенім қайшылығындағы қарсылықтар, жауагершіліктің соғысы үдеген ааласапыран заман. Сырттан қара қытай келіп, жаңа дінді жойып жіберуге әрекеттенеді. Қазіргідей имамдар мен молда жоқтың қасы. Білім мен ілімге негізделген кітаптар таралмаған. Араб тіліндегі ұғынықсыз ұғымдарды сауатты түсіндіретін адамдар санаулы еді, – дейді қос кітаптың авторы Айдардың Парқұлұлы.

– Жас Яссауи Бұхарадан ізгілікті ілім үйренген соң бүгінгі тілмен айтқанда сол кездегі университет басшылығынан бас тартып, Түркістанға келгеннен кейін қалың еліне ағартушылық бағыттағы білім ұясын ашуға шешім қабылдайды. Нәтижесінде ол түркі дәстүрімен, сопылық сарыны бар ана тілінде өлең, жыр түріндегі алғашқы “Дивани Хикмет” аталатын құнды шығармасын жазды. Яссауи рухани мектебінде зайырлы ілімдер – тіл, есеп, география, астрономиямен қатар әдеп, мәдениет, адамгершілік, мейірімділік, сабырлық, енбек ету, құрмет жасау сияқты үлгілі өнегелер қалыптасты.

Яссауидың тарихи тағылымдық тұлғасы қасиетті Құран мағынасын бүкіл түрік замандастарына ана тілінде жеткізуімен ерекшеленіп, даналығы ұрпақтарымызға сабақтасуда. Сөзімнің соңында баспахана басшылығы мен кітапхана ұжымына, ғалым әріптестеріммен барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін.

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий