Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Елорданың бір жарым мыңға жуық ұстаздары мен ата-аналары қатысуымен отбасы мен мектептің ынтымақтастығына, жанұялық тәрбиеге бағытталған бірыңғай педагогикалық кеңес TEDx Talks еркін форматында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Басқарма басшысының орынбасары Маржан Каирбаева «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты тақырыбында сөз сөйлеп, тәрбие мәселесіне тоқталды. ҚР «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, Көшбасшылық және мотивация бойынша жаттықтырушы, «Жаңа ұрпақ» республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Асхат Абжанов, «Қоғамның жаңаруы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Владимир Евдокимов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының тәрбие бөлімінің басшысы Самат Смақов, Қ.Сәтбаев атындағы «Binom school» мектеп-лицейінің директоры Құралай Байтажикова, және №37 мектеп-лицейінің педагогі Медет Біләл басқосудың спикері болды.
– Мен ең алдымен, педагог ретінде де, ата – ана ретінде де бала тәрбиесі бірінші кезектегі міндет екенін, бұл ата-аналардың да, тәрбиешілердің де өзара жауапкершілігі екенін айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты құру үшін қоғамдағы әкелер мен аналардың рөлін арттыру оларды мектеп өміріне тартуға, табысты отбасылардың тәжірибесін таратуға бағыттау үшін елорданың «Әкелер кеңесі» мен «Аналар мектебін» құрған болатынбыз. Қазіргі таңда екі ұйым да белсенді жұмыс істейді, – деді Маржан Жамбылқызы.
Жүздесу барысында балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеудің, ата-аналардың рөлінің, ересектер мен балалар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоюдың өте маңызды мәселелері көтерілді.
Загрузка...