География мұғалімдері туристік-өлкетану қызметінде мобильді гаж-қосымшаларын пайдаланбақ
Абай университетінің докторанты, жас ғалым Ерлан Исаков бастаған зерттеу тобы география мұғалімдерінің сыныптан тыс туристік-өлкетану қызметінде мобильді ГАЖ-қосымшаларын қолданудың тиімділігін дәлелдеді, – деп хабарлайды ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Абай университеті қаржыландырған «Болашақ география мұғалімдерінің туристік-өлкетану құзыретін қалыптастырудың құрылымдық моделін жасау арқылы өлкетану іс-әрекетін ұйымдастыру» жобасы аясында iOS, Microsoft Windows, Mac OS X (iTunes) операциялық жүйелері мен App Store және Google Play дүкендеріндегі мобильді ГАЖ-қосымшаларына зерттеу жүргізілді.
Зерттеуді Ерлан Исаков (Ш. Лайсханов және Н. Усенов) бастаған зерттеу тобы жүргізіп, туристік-өлкетану саласында жұмысты ұйымдастыру және жүргізу үшін пайдалануға болатын Google Play-ден 250-ге жуық және App Store-дан 150-ге жуық қосымшаны анықтады.
Зерттеу тобы смартфонға жүктеуге болатын мобильді ГАЖ-қосымшаларының функционалдығы мен артықшылықтарын бес топқа топтастырып, болашақ география мұғалімдерінің туристік-өлкетану құзыреттілігін қалыптастырудың өзіндік құрылымдық моделін жасақтады. Сондай-ақ, туристік-өлкетану іс-әрекеттерін ұйымдастыру және жүргізу үшін оқу бағдарламасын және оқыту технологиясын әзірлеп, оның тиімділігін дәлелдеп шықты.