Маңғыстау облысы: Франция мемлекетіндегі тағылымдамада

2023 жылдың наурызының соңғы онкүндігінде Париж Білім министрлігінің (Париж академиясы) шақыруымен «Заманауи кәсіптік білім беру стандарттары» тақырыбында аймақтағы білім саласы өкілдері болып 9 маман тағылымдамадан өтіп келдік. Қасымда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, «Үздік педагог-2020» атағының иегері, білім беру бағдарламаларының авторы, қатардағы мұғалімдер де болды.

Тағылымдамада Францияның білім беру жүйесінің жалпы құрылымы, өмір бойы оқыту контекстіндегі білім беру траекторияларының сабақтастығы, Франция мемлекетінің техникалық және кәсіптік білім жүйесі: реформалар және ағымдағы басымдықтар, білім беру бағдарламаларының түрлері, Эразмус бағдарламасы, ECVET кредиттік-модульдік жүйесі және оны қолдану мәселелері талқыланып, халықаралық аккредиттеу және сертификаттау жүйесі, Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықтың халықаралық әлеуеті, серіктестік және бас келісім туралы пікір алмасу жүргізілді.

Іссапар барысында Франция мемлекетінің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу процесімен және материалдық-техникалық базасымен танысты: электроника, IT құзыреттіліктері, киберқауіпсізідік, ақпараттық қауіпсіздік, технологиялық инновациялар және экодизайн, ақпараттық технологиялар (АТ) және цифрлық жүйелер, тұрақты цифрлық орта және қоршаған орта, интеллектуалды желілер, дербес және ендірілген жүйелер, цифрлық орта 4.0 – ақылды үй (тұрмыстық техника, мультимедиялық аудиовизуалды техника, үйді автоматтандыру), APTECH бағдарламалары, жаңартылатын энергия көздері, тиімділігі бойынша демонстрация және презентация, шебер-сыныптар жүргізіліп, TICE (ICT) пайдалануы, ақпарат және байланыс технологиясы көрсетілді.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 24-25 наурыз күндері Францияның Мец қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған «Abilympics» X халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты Abilympics France қауымдастығы WorldSkills France серіктестігімен 45 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылып өткен чемпионаттың жұмыс алаңдарын аралап, чемпионат шеңберінде шебер-сыныптар, конференциялар, презентацияларға қатыстық. Чемпионатқа әлемнің 27 елінен делегация келді. Қазақстан бұл халықаралық чемпионатқа алғаш рет қатысып, еліміздің құрама командасы «Dress making basic» құзыреттілігі бойынша медальонға ие болды.

Париж академиясымен ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Франциядағы Қазақстан елшісінің білім саласына жетекшілік ететін кеңесшісі Б.Өтеповпен кездесіп, алдағы уақытта білім саласында бірігіп атқарылатын іс-шараларды пысықтадық. Сонымен қатар бастамасымен Abilympics кәсіби халықаралық Чемпионатында Қазақстанның Франциядағы елшілік қызметіндегі әріптестермен жүздестім және келешекте өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында жүргізілетін шараларды жоспарладық.

Атап айтқанда, «Abilympics» халықаралық федерациясының төрағасы Шинобу Вадзимамен, Қазақстанның Страсбургтағы Бас Консулы Ә.Ахметовпен, «Abilympics Qazaqstan» басшысы Ә.Нысановпен кездесіп, Маңғыстаудың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен өзара серіктестікті жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы талқыладық. Сонымен қатар Франция мемлекетінің стандарттарына сәйкес «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша салалық аккредиттеуден өту мәселелерін ұсындым.

Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі энергетика мамандықтары бойынша Париж академиясының кәсіптік білім бойынша аға инспекторы Ред Афараш мырзамен әдістемелік құжаттау жүйесі бойынша өзара келісімге келіп, эксперимент аясында әдістемелік кешендерімен жұмыстануды бастады. Эразмус бағдарламасы аясында колледж білім алушылары мен оқытушыларына арналған тәжірибе алмасу жоспарланды. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларының модульдеріне Франция елінің оқу стандарттарының оңтайлы элементтерін ұсыну, енгізу жұмыстары жүргізілетін болады.

Тағылымдамаға қатысушыларға Францияның мемлекеттік үлгідегі сертификаты табысталды. Бұл іссапар тек халықаралық тәжірибеге көңіл аудару ғана емес, сондай-ақ еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік берді деп ойлаймын.

Динара Нағимоллақызы ЖҰМАШЕВА,
Маңғыстау облыстық білім басқармасының
басшысы, Ақтау қаласы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий