Дуальды оқыту: Сапалы білім – жоғары білікті маманның кепілі

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжі республикадағы тағылымды тарихы терең және елімізге танымал іргелі жоғары оқу орнының құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Біздің арнаулы оқу орны ресми қызметін “техникалық мамандықтар” және “ақпараттық технологиялар“орта кәсіптік білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқыту құқығын беретін мемлекеттік лицензия алған 2016 жылдан бастады.

Бүгінгі таңда колледж бәсекеге қабілетті еңбек нарығында сұранысқа ие 20 мамандық бойынша кәсіби мамандарды дайындауда. Ұйымшыл ұстаздар ұжымында жоғары білімі бар және ұдайы біліктілігін жетілдіруге мүдделі майталман мамандар топтасқан. Студент жастарға ғылым кандидаттары мен докторлары, педагог-шеберлер, сондай-ақ қаламыздың түрлі мекемелері мен ұйымдарының заманауи білім беру әдістемелері мен технологияларын меңгерген кәсіби-практиктер сабақ береді.

Колледж директоры Әлібек Сейдехан тарих ғылымдарының докторы, профессор, отандық білім мен ғылым саласының ілгері дамуына еңбек сіңірген құрметті қызметкері атағы бар көптеген жемісті жетістіктері үшін жоғары марапаттарымен мәртебелі. Сейдехан Нұрмаханұлының пікірінше, студенттер колледждің университеттің құрылымдық бөлімшесі болып табылатындығына байланысты бірқатар артықшылықтарға ие.

Себебі пән сабақтарын жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы жүргізеді. Сонымен қатар білімгерлеріміз университеттің барлық дәстүрлі іс-шараларына белсенді қатысуға толық жағдай жасалған. Колледждің университетте орналасуы білім алушылар үшін басты мүмкіндіктердің бірі болып табылады. Өйткені бұл қадамдар әрбір талапты жасқа университет студенттерінің қоғамдық өміріне терең үңілуге, оқуға тез бейімделуге және болашақ мамандығын таңдауына өте жақсы серпін береді.

Бүгінгі таңда колледж нарықтың заманауи қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын жоғары білікті орта буын мамандарын даярлауды қамтамасыз ету үшін әзірленген миссия мен стратегияға сәйкес білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша одан әрі биік мақсаттар мен нақты міндеттерді белгілеп, жауапты жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Ұзақ мерзімді жоспарды табысты іске асыру үшін колледжде оқытушылар құрамының, әкімшілік-басқарушы қызметкерлердің және білім алушылардың талабы мен тілегін толық көлемде қамтамасыз ететін барлық қажетті ақпараттық-коммуникациялық, және материалдық ресурстардың жиынтығы бар.

Біздің колледждің негізгі басым бағыты дуальды (тәжірибеге бағытталған) оқыту жүйесіне көшу.  Бұл жаңа жүйе сапалы және кәсіби мамандарды даярлаудың неғұрлым кең таралған және тиімді нысаны ретінде 2019 жылдан бастап оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында енгізілген еді. Дуальды оқытудың басты ұстанымы оқу процесінде студенттердің теориялық дайындығы мен кәсіби дағдыларын үйлестіруді көздейтіндігімен құнды. Төрт жылға жуық уақыттың тәжірибесіне сүйенсек осы оқыту жүйесін енгізу теориялық материалды жақсы игеруге ықпал етіп, кәсіби білім мен тәжірибе жинақталады, кеңейтіледі және тереңдетіледі.

Ең негізгі ерекшелігі таңдаған мамандығы бойынша диплом алған жас түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғары деңгейге биіктей береді. “Құрылыс бұйымдары” мамандығы бойынша дуальды оқытудан өткен колледж студенттерінің толық жүз пайызы осы орайда тұрақты еңбекпен қамтылғанын айрықша атап айтқанымыз абзал. Қазіргі уақытта колледжде мақсатты тапсырыс бойынша қабылданған 1 және 2 курстің студенттері дуальды оқытумен қамтылған. Дуальды оқыту шеңберінде 6 дуальды оқыту бағдарламасы бойынша жергілікті бірнеше әлеуетті кәсіпорындармен үш тарапты шарттар жасалды.

“Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру” мамандығы бойынша “Әділет ҚұрылысLTD” ЖШС-мен, “машина жасау технологиясы” мамандығы бойынша “Ай Сервис” ЖШС-мен және “Электромонтаж бұйымдары” ЖШС-мен, “электрмен жабдықтау” мамандығы бойынша “Батыс Пауэр Сервис” ЖШС-мен, “түсті металдар металлургиясы” мамандығы бойынша “Shymkent Temir” ЖШС-мен және “АSIAGREENTECH” ЖШС-мен, “киімді тігін өндірісі және модельдеу” және “трикотаж, тоқыма технологиясы” мамандықтары бойынша-“AZALA Textile”ЖШС, “Балтестиль” ЖШС.

Оқу жұмыс жоспарлары мен білім беру үдерісінің кестесі жұмыс берушілермен арадағы уағдаластықтарға сай өзара келісілген. ҚР бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан, Эстония, Германия және Австрия (CEENQA, ACQUIN және NAOKO) университеттері, колледждері мен сапаны қамтамасыз ету мекемелері “KAZDUAL Қазақстанда дуальды жүйені енгізу” халықаралық жобасын іске қосты.

Бұл жобаға М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрамындағы колледж де қатысады. Осы жоба аясында былтырғы маусым айының 13-23 күндері аралығында Otto-von-Guericke-Universitat Magdeburg (OvGU) университетінің шақыруымен колледж оқытушылары тренингтік семинарға қатысып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, біздің колледж базасында оқу процесінде дуальды оқыту жүйесін қолдану мәселелері бойынша практикалық семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

“KAZDUAL” жобасы аясында 2023 жылдың қыркүйегінде ACQUIN аккредиттеу агенттігіне “электрмен жабдықтау” мамандығы бойынша колледжді аккредиттеуге өтінім берілді. Сондықтан өндірістің нақты жағдайларына бейімделген, жұмыс орнындағы дағдылар мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқу бағдарламасымен барынша үйлесімді білікті мамандарды даярлау мақсатында студенттердің эксперименттік тобы құрылды.

Дуальды білім берудің құндылығы әрбір студент үшін оқу үдерісінің алғашқы кезеңдерінде өндірістегі жұмыстарға қызметкер ретінде қосылу мүмкіндігімен анықталады. Білім берудің бұл түрі студенттерге болашақ маманның сәтті кәсіби және әлеуметтік бейімделуінің кепілі болып табылатын оқу орнының қабырғасында теориялық қана емес, сонымен қатар практикалық білім алуға тамаша мүмкіндік болып табылады.

Баян Карсибаевна МАРКАБАЕВА,
колледж директорының оқу-өндірістік
ісі жөніндегі орынбасары,
Кульбала Агабековна ТАСТАНБЕКОВА,
колледж оқытушысы, педагог-шебер, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий