Маңғыстау облысы – Ақтау қаласы: Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі
Облыс орталығындағы білім беру ұйымдарында «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен бес ұстаз, екі ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Білім беру ісінің үздігі» медалімен үш әріптесіміз марапатталған. «Үздік педагог» атағына төрт тәжірибелі тәлімгер ие. Аймақтық кезеңінде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Ақтау қаласының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2022» аталымын жеңіп алды.

Шымкент қаласында жуырда ұйымдастырылған республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытының география пәні бойынша Ф.Оңғарсынова атындағы №29 мектептің 11-сынып оқушысы Айжарық Ақберенге бірінші орынның жүлдесі табысталды. Бұл – қала үшін үлкен қуаныш, әрі мақтаныш. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жергілікті 9-11 сыныптары бойынша дарынды оқушылары он бір медальді иеленсе, 5-6 сынып білім алушылары бес жүлделі орындарға ие болды.
Өткен оқу жылында республикалық олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындаған 11 мұғалімге сыйақы тағайындалды. 2021 жылдың қазандағы PBTS (пибитиэс) зерттеуінің апробация кезеңінің қорытындысымен ІТ лицейі еліміздің үздік мектептер көшін бастаса, №9 жалпы білім беретін мектебі үздік бестікке енді. Балаларды білім нәрімен сусындататын білім беру ұйымдарында барлық педагогтер саны 4063, қырық алты педагог-шебер, 781 – педагог-зерттеуші, 573 – педагог-сарапшы, 844 – педагог-модератор, бір жүз жеті жоғары санатты, 93 – бірінші санатты, 114 – екінші санатты, 1505 – санатсыз (көпшілігі жас мамандар).
Білім беру ұйымдарының жиырма сегізі мемлекеттік, ондағы балалар саны – 51763, ал 18 жекеменшік мектептердегі білім алушылардың саны 5688-ді құрайды (он пайыз білім алушы жекеменшік мектептерде білім алуда). Орташа есеппен білім сапасы – 49,7 % -ды құраса, үлгерімі 99,9 % көрсетуде. Биылғы оқу жылында 1200 орынды жалпы білім беретін №30 мектеп пен он бір жеке білім ордасы қосылды. Алдағы жоспарда 5 жекеменшік мектеп пен екі мемлекеттік білім беру ұйымының құрылысын қолға алу көзделген. 2026 жылға дейін 6 мектеп іске қосылады деп жоспарлануда.
Осы нысандар өз жұмысын бастағаннан кейін ғана қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі боп тұрған – үш ауысымдық оқу (№№20, 12, 19, 23, 25 мектептер) нақты шешімін табары анық. Жеке меншік сектордың қаламызда қарқындап дамуы – білім саласындағы бәсекелестікті арттыруда. Бүгінде бұл көрсеткіш қала бойынша 82 %-ды құрап отыр. Жалпы білім беру ұйымдарының барлығында “Ата-аналар мектебі”, “Әжелер мектебі”, “Әкелер мектебі”, “Аналар мектебі” бастамаларымен оқушы тәрбиесін жақсарту мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда.
Шаһардағы ата-аналар мен сынып жетекшілері, мектеп директорлары, психологтері арасында «Ата-ана – ұлттың ұясы» тақырыбында форум ұйымдастырылды. «Айбын» әскери-патриоттық республикалық байқауында оқушымыз 1 орын иеленсе, облыстық «Алау» әскери патриоттық сайысында №28 жалпы білім беретін мектептің оқушылары І орынға ие болды. Бұл соңғы жылдағы жетістік. Білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық есебінде 182 мәртебесі анықталған бала тұр.
Оның ішінде 175 бала қорғаншылық пен қамқоршылықта, 7 бала патронаттық тәрбиеге берілді. Облыстық отбасы үлгідегі балалар ауылында 27 бала тәрбиеленуде (9 – ұл, 18 – қыз). Сонымен бірге, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін білім беру ұйымдарының сексен пайызында қолайлы жағдай жасалған. Аталған санаттағы балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында қаладағы білім беру ұйымдарында 1 ресурстық орталық, 5 инклюзивтік кабинеттер жұмыс жасайды. Олардың материалдық-техникалық базалары жарақтандырылып, арнайы мамандармен толықтырылды.

Білім мен шығармашылықты қатар дамыту мақсатында балаларды қызығушылықтарына қарай үйірмелер мен спорттық секциялардың (ұлттық) жаңа түрлеріне, ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелерге көптеп тарту назардан тыс қалған емес. Осы орайда, облыста білім саласында үш мың баланы қосымша біліммен қамтуға мемлекеттік тапсырыс қаралып, Ақтау қаласынан 1200 оқушы тегін қосымша біліммен қамтылуда. Қаладағы қазақ балалар өнер мектебі мен «Оқушы» орталығы қарқынды жұмыс жасау нәтижесінде, бірнеше дүркін халықаралық, республикалық байқаулар жеңімпаздарын тәрбиелеуде.
Тұрғындар үшін жағымды жаңалықтардың бірі – биыл ел игілігі үшін пайдалануға берілетін заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының салынуы. Ғимарат аумағы 6540 шаршы метрді құрайтын қосымша білім беру ордасы күніне 1000-нан астам баланы қабылдайды деп жоспарлануда. Үш қабатты сарайда оқушылар үшін барлық жағдай жасалады. Жаратылыстану пәндері бойынша толыққанды эксперименттер жүргізуге, киберспортты дамытуға, коворкинг кеңістігі мен көпшілікке арналған кітапхана пунктінде жасөспірімдер клубын ұйымдастыруға, концерттер мен спорт жарыстарын өткізуге үлкен мүмкіндік туғалы тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп кітапханаларының базасында “Оқуға құштар мектеп” жобасы мен “BookCrossing” жобасы барлық білім беру ұйымдарында іске қосылып, әртүрлі кездесулер, пікірталастар және басқа да іс-шаралар өткізілуде. Мектеп оқушыларының кітапқа, көркем әдебиетке құштарлығын арттыру үшін Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханасында да жергілікті ғалым, ақын-жазушыларымен кездесу кеші өтіп тұрады.
Филология ғылымының докторы, профессор, академик Кәкен Ахановтың 95 жылдығына орай, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ә.Қабыловпен «Тіл – ел байлығы» тақырыбында танымдық-сұхбат өткізілді. “Оқуға құштар мектеп” жобасын іске асыру білім алушылардың оқу сауаттылығының жоғарылауына көп септігі тиері анық.

Атап айтар болсақ, №19, 21, 29, 16 мектеп ата-аналармен бірлесе отырып, сыныпаралық кітап оқу жарысы бір жолға койылған. Ғылыми ортаның бәсекеге қабілеттілігі жыл сайын жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. “Балдаурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өткізілген “Зерде” байқауына облыстан барған он екі үміткердің ақтаулық алтауы да марапатпен оралды. Жалпыға міндетті білім қорынан әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларына 40 мың теңге көлемінде тиісті көмек көрсетілді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша «Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі индикаторы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен қамту болып табылады. Осы көрсеткішті көтеру, кезектіліктіктің айқындығын, реттілігін сақтау, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында қаламызда мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру қызметі автоматтандырылды. Балабақшаларда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделіне негізделген Bilimland платформасының BilimKids ақпараттық ресурсы енгізілді.
Осы орайда, балабақша кезегіне тұруды электронды басқару мәселесі өз шешімін тапты. Жарқын болашақтың негізі – балалар. Жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Қазіргі заман талабы – жаңа педогогикалық технологиялардың негізгі идеясын әр оқушының жүрегіне жеткізе білу, жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Осы бағытта жасалып жатқан игі істердің ілгерілеуіне педагогтердің қосар үлесі мол. Өлкемізде жыл сайын, дәстүрлі түрде
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы, жерлесіміз Әбіш Кекілбаев атындағы «Әбіш оқулары» республикалық байқауы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Былтырғы оқу жылы бойынша «Әбіш оқулары» байқауының «сахналық қойылым» бөлімінен С.Қондыбай атындағы №22 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары бірінші орынның жүлдесін алды. Шығармашыл оқушыларды анықтау, дайындау бағытында еңбегі сіңген ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Алар асуымыз бен шығар шыңымыз биік болғай!
Бағдат Сырымқызы ТҰРҒАНБАЕВА,
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы, Маңғыстау облысы