Көктемді жырлаған ақын ұстаз

Қазақ қоғамында ақын әйелдер аз емес. Фариза Оңғарсынова, Күлаш Ахметова, Қанипа Бұғыбаева, Шәмшия Жұбатова, Гүлнар Салықбаева және тағы да басқа поэзия падишаларын білмейтіндер аз емес. Сырбойылық жыр сүйер оқырмандары туған жердің топырағынан нәр алған Алмагүл Қаржаубаева, Ғалия Орынбасарова, Сәлия Дүзбай, Сағыныш Мұхитқызы сынды ақындардың өлеңдерінен сусындап жүрміз.

Мен біздің арнаулы оқу орнының ардагері, ұстаз, ақын, ана Дүзбай Сәлия Шарападинқызының өлеңдеріндегі көктем тақырыбына байланысты өлеңдеріне назар аудармақпын. Өйткенді көктемде туған ақын, көктемге мәңгі ғашық. Алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жазылған Сәлия қыздың көгілдір көктемі оны ақындыққа жетеледі. Алғашқы өлеңдерінің бірі 1974 жылы жазылған «Көктем» өлеңі.

«Көктем келсе, жерім менің түлеген,
Көкірегімде туындайды бір өлең.
Шетсіз шексіз ақ күрішті алқаптың,
Көкжиегі көк аспанды тіреген.
Жүріп келем өмір атты кемемен,
Әрбір күнім бақытты едің не деген!
Сұлу көктем келіп қапты тағы да,
Туған жерді мерекеге бөлеген.
Туған жерді берекеге бөлеген., – деп жырласа, «Он көктемнің отауы» атты өлеңінде:

«Өзіңде ұзатып он көктемімді,
Еске алам өмір жолын өткенімді.
Жырлаймын, ұмытпаймын аялаған,
Сүйікті алтын ұя мектебімді.
Ерекше жас жанымды шаттандырып,
Албырап арайлы таң атқан күліп.
Арманның асқарына қанат қақ деп,
Жіберді бізді кеше аттандырып.
Сөзімді жатсынбашы, тыңдап далам,
Мен оның аманатын шыңға ап барам.
Жүрегімде өшпестей із қалдырған,
Есімің, алтын ұям, қымбат маған!» – деп көктем мен мектеп бітіріп жатқан бойжеткен қыздың көктемдей көгілдір көңілінен сырт шертті.

Ақын шығармашылығының даралығын танытатын басты белгі – ол ақын өлеңдеріндегі Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерді қадірлеу мен сүю. Қай өлеңін алсақ та сыршыл ақынның ішкі сезімі мен көңілі жырмен егілген. Өлеңдері табиғаттың өзінен туған тіршілік  иесіндей ішкі сарайыңды кеңейтіп, тынысыңды ашқандай. Ақынның қай өлеңін алсақ та лирикалық толғаныстарға толы. «Қуанышын күттіріп» өлеңінде:

«Жасымнан сүйіп өстім дала таңын,
Ұшырып қиялымның балапанын.
Жырларын жүрегімнің тереңдегі,
Ізгілік әлеміне таратамын.
Ойландырып, кезінен жас ұқтырып,
Өмір мені өзіне ғашық қылып.
Қуанышын күттіріп күндерінен,
Барады тым ілгері асықтырып.

Жеткізбес көрінгенмен сағым қырдан,
Жүдейді жаза алмаған жаным жырдан.
Жетелеп қиял толы күндеріме,
Өзіне өмір тезі бағындырған.
Тасытып көңілімнің көктем селін,
Көлбеңдеп өте шығар көктемдерім.
Ақтамасам ақындық парызымды,
Ақын қызың боп өмір, қайтем сенің?», – көңілдің ішкі сарайын ақтарады. Осындай өлеңдері бар ақын кім? Ұстаз, ақын, ана Сәлия Шарападинқызының өмір жолына тоқталсам.

Дүзбай Сәлия 1957 жылғы сәуір айының 4-інде біздің аудандағы Абай ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітіріп, 1975 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетін «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Бала кезден серігі – өлең жазу. 1975 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен  жас-ақын жазушылардың республикалық кеңесіне қатысып, ақын М.Мақатаевпен кездесіп, 1978 жылы “Балауса” жыр жинағына бір топ өлеңдері енді.

Ұстаздық жолын 1979-1980 оқу жылында  Қазалы ауданындағы «Өркендеу» совхозындағы №104 орта мектепте физика және математика пәндерінің мұғалімі болып бастаған. 1980 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік- техникалық училищесінде 1995 жылға дейін математика пәнінің оқытушысы, 1995 жылдан бастап директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, 2006-2015 жылдары директордың оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

1986 жылы Пермь қаласында өткен математикадан бүкілодақтық семинар кеңеске Қызылорда  облысы  атынан қатысып қайтты. Ұстаздық еңбек жолында «Аға оқытушы», «Әдіскер мұғалім» атақтарына ие болды. 1990 жылы «Қазақстан Республикасының кәсіптік білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Туған жер, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік тақырыптарында жазуды ұнатады. Отбасында жолдасы Жайқалсын екеуі екі ұл мен бір қыз өсіріп, немерелер тәрбиелеп отырған аяулы ана.

«Көктем деп көкте сыр тұнған,
Жер беті көкке боянсын.
Сезімдер сел боп жыр туған,
Көңілді қайда қоярсың?
Керемет неткен ауылда,
Гүл терген қырат қуалап.
Қосыл да балғын қауымға,
Қызықта бір сәт тұра қап.

Бүр жарар ағаш мәуелі,
Мезгілі жетіп көктемде.
Құстардың шулы әуені,
Ой салар сонау өткенге.
Көктемнің көркем қойнында,
Жастығым тұнып тұрғандай.
Осынау өткен жолымда,
Өмірім гүлдеп тұрғандай.

Туған жер қайда барсам да,
Жеткенше саған асықтым.
Самалы өбіп қарсы алған,
Көктеміңе сондай ғашықпын.
Сынаптай сырғып әй тегін!
Қырық жыл жылжып өткердім.
Көктемді сүймей қайтейін,
Перзенті болсам көктемнің, – «Көктемде туған екенмін» өлеңі ақынның өзінің табиғатқа, Туған жерге деген сағынышын суреттегендей.

Шәрбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі
директорының оқу жұмыстары жөніндегі
орынбасары, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий