Алматы қаласы: Халқын сүйген, салтын сүйер

Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Ұлжан-1 ықшамауданында орналасқан №152 мектеп – гимназия  наурыз мерекесін атап өтуде оның  оқушыға беретін салт – дәстүр бойынша тәрбиелік мәніне баса көңіл бөледі. «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту», – деген  әлемге әйгілі ойшылпәлсапашы Әл – Фараби бабамыздың ойынан түйіп, жетекшілік жасайтын  9 “Д” сыныбыммен  “Халқын сүйген, салтын сүйер” тақырыбында тамаша сазды, сахналанған кеш өткіздік.

«Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бойжеткен мен  бозбаланы рухани тәрбиелеуде алға қойған мақсатым ерекше. Олардың бір -біріне деген құрметі, адамгершілігі мен сыпайылығын бойларына сіңіру мақсатында «Бастаңғы» жасаудың не екенін түсіндіре отырып, «Ақсүйек»  ойнаудың мәні мен «Селтеткізер» жасаудың сыры неде? – деген сұрақтарға жауап іздеуде, осындай әдеби – сазды музыкалық кеш өткізудің тәрбиелік мәнінің жоғары   екендігін өз тәжірибемнен байқадым.

Бұл сынып оқушылары арасында ынтымақтастық пен жауапкершіліктің маңызын танытты.  Қойылым барысында әрбір бозбала өз образын бойынан өткізе отырып, тамаша аша білді. Сахналанған қойылымда бізге ұмыт болып бара жатқан «Көрісу», «Қыз бен жігіт айтысы», «Бастаңғы», «Селтеткізер», ғашықтардың махаббат белгісі ретінде берілген «Кестелі орамалы», серілердің «Арнауы» тамаша бейнеленді. Сыңғырлаған қыздардың әсем дауысы мен биязылықтарына үндескен    бозбалалардың саңқ еткен жігерлі дауыстары мен ойлы сөздері тартымды шығып, көрермендерге ерекше әсер ете білді.

“Тәрбие – тал бесіктен”- демекші, ананың рөлін сомдаған мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шайхина Күлшара Тлекбергенқызының актерлік шеберлігі мен шығармашылық қатынастағы ептілігі  оқушыларды одан сайын қанаттандырды. Оқушылармен етене араласып шынайы аналық жүрегін сыйлай  білген   әріптесімнің сахналық ойымды шынайы жеткізудегі қолдауына  алғысым шексіз. Мектепішілік сыныбыммен өткізген әдеби – музыкалық сахналық кешке қатысқан оқушылар мен ата – аналары, әріптестерім мен мектеп әкімшілігі  тарапынан   жоғары дәрежеде берілген пікірлер мен құттықтау  сөздер мені де сынып оқушыларын да шабыттандыра түсті.

Кешімізге арнайы кетіп бара жатқан жолынан ат басын кері бұрып  әкелік парызын ерекше бағалап, ұлы мен сыныптастарының еңбегін көруге келген  тележурналист, ақын Серік Әбікенұлы Сарыбаевтың раизашылықпен айтқан тәрбиелік қанаттандырар сөздері мен сынып жетекшілік еңбегіме берген бағасы оқушылармен қатар Мені де жігерлендіріп жіберді. Жетекші  ретінде көкейдегі дүниенің сахнадан көрініс тауып, көп ықыласына  бөленгенін көрудің өзі арман мен мақсатқа жетудегі тамаша сезім,  керемет бақыт екенін сезінгендеймін. Қазақ баласына рухани тәрбие мен сапалы білім беру менің басты мақсатым. Олай болса мен бақытты  ұстаздардың бірімін. 

Абай Садыкбекович ДУЛАТБЕКОВ,
ұйымдастырушы, 9 “Д” сыныбының
жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий