Атырау облысы: Ясауитанушы үздік оқушылар
Таланттарды анықтау және қолдау бағытындағы жергілікті орталықтың бастамасымен жалпы білім беру ұйымдарының 6-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану – 2023» байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Басты мақсат – қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру. «Ясауитану-2023» дәстүрлі байқауының облыстық кезеңіне аудандық, қалалық кезеңде жеңімпаз атанған 17 оқушы қатысты. Байқау «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бекіткен Қағида негізінде екі кезеңнен тұрды.
Оқушылар бірінші кезеңде www.azretsultan.kz веб-сайтында жарияланған 40 хикметті жаттау арқылы бақ сынаса, екінші кезеңде Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге, жерленген тұлғаларға қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы ұпай жинады. Қазылар алқасының қорытындысына сәйкес бірінші дәрежелі дипломмен 1 оқушы, II дәрежелі дипломмен екі оқушы, үшінші дәрежелі дипломмен 2 оқушы, Алғыс хатпен 12 оқушы марапатталды.
Жүлделі бірінші орынды облыс орталығындағы №36 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Дүйсен Асылай, екінші орынды Индер аудандық Қ. Есқалиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Набиден Аннела, Атырау қаласындағы Ж. Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейдің 10 – сынып оқушысы Курметов Мансур, үшінші орынды облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның оқушылары Идаятова Ұлжан (7-сынып) мен Зайыр Әли (8-сынып) иеленді.
Загрузка...