Абай ілімі: Толық адам негізіндегі мерейлі ұстаз бейнесі

Абай – күллі адамзаттың ақылшысы, шамшырағы, алыбы. Қазақ руханиятының өзегі саналатын Абайдың «Толық адам» ілімі – келешек Қазақстанның адамгершілік кодексінің іргетасы. Абайша айтқанда, адамның «толық адам» бола білуі – басты шарт екен де, ол үшін адамға ақыл, қайрат, жүрек – үшеуі қатарынан көмекке келеді екен. Абайдың толық адам ілімінен ұстаздық, ғылым-білімді игеру, өнерге ұмтылу мәселелері де көрініс табады.

Абай облысы білім басқармасының «Инновациялық әдістемелік-орталығы» Абайдың «Толық адам» іліміне сүйене отырып жұмыс жасауда. Әдістемелік орталық педагогтің құзіреттілігін көтеру мақсатында «Мерейлі ұстаз» жобасын ұсынады. Бұл мақсаттың туындауына қоғамның педагогтің кәсіптік мінездемесіне қанағаттанбауы; оқушы, педагог, ата-ана  бірлескен әрекетінің үйлеспеуі; педагог құзіреттілігінде олқылықтардың болуы; білім ордасындағы эмоционалды интеллектің төмендігі; ұлттық шеңбердегі бағалау, мәдени және білім беру сапасының төмендеуі негізгі мәселе болып отыр.

Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл  еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті маманды білімді мұға­лімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәр­биелеп шыға алады.

Сондықтан да біздің бүгінгі жылдан-жылға алға басқан қоғамы­мыз­дың ең  көкейкесті мұратының бірі – білімді педагог кадрларды әзірлеу және қалыптастыру мәселелері, соның ішінде ұстаздар біліктілігін жүйелі арттырып отыру жолдары жан-жақты талқылануда. Осы талқылаулар барысында ендігі уақытта істің жаңа жүйесі енгізіліп, қалыптастыры­латындығы белгілі болды. Ал бұл дегеніңіз, ұзақ жылдардан бері бірте-бірте жүргізіліп келе жатқан еліміздің білім саласындағы реформалық шараларды одан әрі тереңдете түсу деген сөз.

Бұл жоба оқытушылар құрамының арнайы теориялық құзыреттілігін  қамтымақ. Бүгінгі таңдағы өткір мәселе жаңартылған білім мазмұны аясында мектеп бағдарламасындағы мақсаттардың күрделенуі педагогтердің теориялық білімдерін жетілдіруді талап етіп отыр. Білім саласында педагогтер 3-5 жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Өкінішке қарай, бұл курстар тек аттестаттаудан өту үшін жүргізілетін шара негізінде қалып отыр.

Әдіскерлер алған сауалнама негізіне сүйенсек, ұстаздардың сұранысы әр сала бойынша жоғары оқу орындары мамандарының дәрістеріне сұраныс жасауда. Әрине күрделі тақырыпты меңгертуде қолданылатын әдіс – тәсілдер өте маңызды, дегенмен теория, ғылымилықтың қалыс қалуы білім сапасына кері әсерін тигізуде. Ғылымда орын алып жатқан жаңалықтар легі қарқынды дамуда, сол себепті үнемі ғылыми тұрғыда жоғары оқу орындарындағы мамандардан дәріс алып, дөңгелек столдар өтіп тұрғаны өте маңызды.

Оқушылардың оқу–танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын дамыту мақсатында өтетін олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлерін дайындауда педагогтер үшін бұндай шаралардың берері мол. Ұстаз үшін қай кезең, қай дәуірде болсын адамға білім мен тәрбие беруден асқан мұрат жоқ. Толық адамды тәрбиелеуде педагогтің өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері, яғни этикалық тұрғыда жоғары деңгейде болуы керек. Қазіргі таңдағы әлеуметтік желі ақпарат алаңында сауаттылықтың  төмендігі, қақтығыс көрініс табатын кері, анайы сөздер қоғамды бұзуда.

Ал сол қоғамды құраушы, тәрбиелеуші – педагог. Аталмыш жобада осы жағдаяттар ескерілген бағыттар қарастырылған. Жоба орталық қызметі негізінде басталып, облыс көлемінде семинар, вебинарлар өткізіліп жатыр. Сауалнама негізінде пәндер бойынша күрделі тақырыптар анықталды, осы тақырыптар негізінде «Үздік педагог» жеңімпаздары, педагог-шеберлер бейнесабақтар түсіріп, іс-тәжірибелерін бөлісуде. YouTube желісінде ашылған арналарға бейнесабақтар, подкасттар жүктелуде.

Дайындалған әзірлемелер әдістемелік орталық порталына орналастырылып, өңірдегі педагогтерге қолжетімді болады. Елімізде педагогтің құқығын қорғау негізінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жүзеге асты, ендігі әр педагог өз мәртебесіне лайықты жұмыс жүргізуі тиіс. 

Гаухар ТОЛЕУБАЕВА,
білім басқармасындағы инновациялық
білім беру бөлімінің басшысы,
Абай облысының Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий