Ғани Мұратбаевтың есімін ұлықтаған қазалылық жастардың үлгісі
Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің бастамасымен Шығыстың жарық жұлдызы, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды ұйымдастырушысы, Қазалы топырағының даңқты перзенті, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өмірден өткен күніне орай «Мәңгілік жас Ғани» атты тағылымды шара ұйымдастырылды.

«Мен Ғанимын» атты Ғанидың өміржолына арналған компазициялық көрініспен басталған шарада «Нұралы» мешітінің имамы Бақтияр Жармедетұлы Ғани рухына бағыштап құран оқыды. Шараны Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Тлеумбетов Дәурен Оңғарбайұлы ашып, қамшының сабындай ғұмыр кешсе де, артында өшпестей із қалдырған Шығыстың жарық жұлдызының өмірі мен қызметіне, ауданымызда Ғани Мұратбаевты насихаттау, ұлықтау мақсатында өткізіліп жүрген іс – шараларға тоқталып, Ғанидың жолын жалғап келе жатқан «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегерлерін атап, үлгі етті.
Мұнан кейін, Қазалы қаласындағы Әйелдер кеңесінің төрайымы, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық мұражайының директоры қызметін атқарған ардагер Дана Сабырбаева, Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Күнділда Төлегенов, Ғанидың туыстары Мұхарап Табынбаев пен Төлепберген Тілеуқабылов ағалар Ғани Мұратбаевтың өмірі, балалық шағы, өскен ортасы туралы естелік айтса, Ғанидың ұрпағы, жастардың көшбасшысы Бақытбек Мдуар аудан жастарын Ғанидың ізбасары екенімізді мақтан тұтып, Ғанидың жолын жалғар азаматтар болуға шақырды.

Мәдениет Үйінің фойесінде музей қызметкерлері әзірлеген «Ғани Мұратбаев – Алаш ардақтысы» атты жылжымалы көрме қойылды. Көрмені музейдің ғылыми қызметкері Әлібек Сералы таныстырды. Шарада Алматы қаласының тұрғыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының көркем академиясының академигі, композитор Шәміл Әбілтайдың «Ғани Мұратбаев» атты күйінің тұсауы кесілді.
Күйді Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің домбырашы мұғалімі Айқожаұлы Рамазан орындады. Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің оқушысы Дәрібай Амандық ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жетіскен Мәкеналының «Мен Ғанимын» атты монологын оқыды. Шараның бірінші бөлімін жиналған қауым 2022 жылы Жетісу телеарнасы дайындаған «Ғибратты Ғани ғұмыр» атты фильмімен қорытындылады.

Екінші бөлімінде жуырда ғана Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Экспозициялық-көрмелік ұйымдастыру бөлімі қызметкерлері облыстық музей басшысының қолдауымен Мұратбаевтың мемориалдық музейіндегі төрт экспозициялық залдан тұратын музейге ішінара реэкспозициялық жұмыстар жүргізілген Ғани Мұратбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған залдарды тамашалады.
Шәрбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА,
Қызылорда облысы, Қазалы қаласы