Ана-аналар мен оқушыларға үндеу: Қатыгездікке жол бермеу керек
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен аптаның сенбі күні балалар қауіпсіздігі мәселесіне қатысты үндеу жолдады, – деп хабарлайды осы салалық құрылымның баспасөз қызметі. – Бүгін сіздермен елімізде кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында болған резонансты оқиғалар бойынша жиналып отырмыз. Баршаңыз Қызылорда, Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдайды естідіңіздер. Енді міне, Алматы облысында жантүршігерлік оқиға болды. Министрлік бұл жағдайды кейбір жасөспірімдер арасындағы шектен тыс зұлымдықтың, қатыгездікдің көрінісі деп есептейді. Мұндай оқиғалар ешбір жерде, ешбір уақытта болмауы тиіс, қайталанбауы қажет! Бұл жағдайға қатысты қылмыс жасағандар заң тәртібінде қатаң жауапкершілікке тартылуы керек! Біз мұны қадағалаймыз, – деді бейіндік ведомстваның жетекшісі балалардың қауіпсіздігі мәселесіне арналған басқосуда.
Шұғыл шақырылған жиналысқа барлық аймақтардың білім беру басқармаларының, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Жиын бырасында министр Алматы және Түркістан облыстарында мерт болған оқушылардың ата-аналарына, туған-туыстарына көңіл айтты.
– Министрлік бірден балалардың құқығын қорғау уәкілдері, аймақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттері, психологтер, полиция және денсаулық сақтау саласының өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрып, жедел әрекеттер жасады. Қазіргі кезде комиссия өзінің жұмысын жалғастырып жатыр. Ішкі істер министрімен сөйлестім, құқық құрғау органдары жағынан да жедел әрекет ету жұмыстары жүргізіледі, – деді ведомство басшысы. Осы орайда ол, білім беру саласындағы негізгі міндет балаларға қауіпсіз және қолайлы ортаны құру үшін қажет әрекеттерді қамтамасыз ету екенін айтты.
– Бала құқығының бұзылуына жол бермеуіміз керек. Осыған орай, білім басқармасы, аудандық және қалалық білім беру бөлімдері басшылары тәрбие жұмысы бойынша жеке жауапкершіліктерін күшейтуі тиіс. Барлық білім беру ұйымдарында сабақ уақытында, сабақтан тыс уақытта оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке, қамқоршылыққа, бірлікке, бірін-бірі қолдауға шақыратын іс-шаралар өтуі қажет.
Барлық өңірлерде ата-аналармен жұмысты жүйелі түрде күшейтуді, сондай-ақ балалар арасында қандай да құқықбұзушылықты алдын алуда ведомствоаралық, оның ішінше құқық қорғау, халықты әлеуметтік қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары арасында өзара байланысты нығайтуды тапсырамын, – деді Ғани Бектайұлы. Жүздесу аясында министр республика аумағындағы барлық ата-аналар мен балаларға қатысты үндеу жасады.
– Құрметті балалар, келесі сөзімді сендерге арнағым келеді. Барлығыңды ата-аналарың әлпештеп өсіріп жатыр. Бір-бірлеріңе қатыгездік жасауға жол бермеу керек. Егер жәбір көріп немесе жәбірлеудің куәгері болсаңдар, бірден көмекке шақырындар. Әр өңірде біз бала құқықтарын қорғайтын өкілдерді тағайындадық. Министрліктің Бала құқықтарын қорғау комитеті тәулік бойы сендерге қызмет атқарады. Тиісті байланыс нөмерлерін білесіңдер, – деді ол.
Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова осы жиналыста Кеген ауданында оқушылар арасындағы әлімжеттік салдарынан көз жұмған екі балаға қатысты мәліметті жариялады. – Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында жәбірлеу жағдайлары жиілеп отыр. Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған оқиғалар ешкімді бей-жай қалдырмағаны белгілі. Алматы облысындағы екі баланың өліміне себеп болған қайғылы оқиға жаныма қатты батып отыр. Балалардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын, – деді министр Ғани Бейсембаев еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін ұсынған ресми мәлімдемесінде.
Бір өкініштісі жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жан түршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы ақылға сыймайтын дүние. Бізге – педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналар – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр.
Бүгін білім басқармаларының, аумақтық департаменттердің, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен шұғыл кеңес өткіздім. Тәрбие жұмысы және ата-аналар жұртшылығымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар бердім. Ішкі істер министрімен және әкімдікпен байланыстамыз. Жергілікті жерде құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде, комиссия жұмыс істеуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы кешенді жоспар әзірлеу жөнінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Ол үшін Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, Мектептердің психология қызметтің жұмыс ережесі, Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды.
Еліміздің әр өңірінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде. Олардың байланыс нөмірлері @oqu_agartu_ministrligi парақшасында жарияланған. Балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істеп тұр. Осы шаралардың бәрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруды көздейді. Балалардың қауіпсіздігі ҚР Оқу-ағарту министрлігі жұмысының ең маңызды бағыты әрі басты назарында болып қала береді, – деп қорытындылаған сөзінің соңын ведомства басшысы.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...