Жас ұстаз: табысқа апарар жол
2023 жылдың 19 сәуір күні Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылы, Абыхан Жексембеков атындағы орта мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласы филиалы мен Алматы облысы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жас мамандарды қолдау, әдістемелік көмек көрсету мақсатында «ЖАС ҰСТАЗ: ТАБЫСҚА АПАРАР ЖОЛ» атты аймақтық жас ұстаздарға арналған форум өткізілді. Форумға облыстың білім беру мекемелерінің 100-ден астам жас мамандары арнайы шақырылды.
Форум қонағы Алматы облысы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Иманхатова Гульжихан Жалғасбекқызы «Бірлескен жұмыс жетістіктерге жетелейтін күш» тақырыбында әңгіме өрбітсе, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалы директоры Асубаев Берік Құттыбайұлы «Үздіксіз кәсіби даму: педагогтерге арналған тиімді шешімдер» тақырыбында таныстырылым жасап, тұрақты кәсіби даму мәселесін талқыға ұсынды.
«Мектепті басқарудағы инновациялық менеджмент» тақырыбы бойынша сертификатталған Еңбекшіқазақ ауданы мектептерінің директорлары «Тәрбие жобасының шеберханасы», “Логикалық есептер әлемі”, «Зерттеу сабақтары – даму формуласы» және тағы да басқа тақырыптарда жас мамандарға арналған шеберлік сыныптар өткізді. Педагогикалық шеберлік орталығы аға менеджері А.Х.Әлімов «Сабақты қалайша қызықты ұйымдастыруға болады?», К.Баекешева, Г.Толыкбаева және М. Мухамедьярова М.К. «Insight шеберхана: жанама тәжірибеден өз іс-әрекетіне дейін» тақырыптарында тақырыптық алаңдар өткізді.
Жас мамандар тақырыптық алаңдар мен шеберлік сыныптарында топпен жұмыс атқарды. Форумның екінші бөлімін мектеп директоры Қасымжанова Гүлбақыт Бекбосынқызы білім ордасының ашылу тарихы, қазіргі тыныс-тіршілігімен туралы мағлұмат беріп, “Мектепке саяхат» таныстырылымымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 2021 жылдан қолға алған «30 бастама» жобасы аясында атқарған жұмыстары бойынша «Білімді ұрпақ-елдің дәулеті»-атты жобалар шеруімен оқушылар дайындаған шағын концерттік бағдарламамен жалғасты.
Мектеп оқушыларының, әсіресе ұл балалардың патриоттық рухта көрсеткен көріністері, нақышына келтіріп оқыған өлеңдері форумға келген жастарға ой салғаны сөзсіз. «Табыс траекториясы» жобасы аясындағы жетістіктердің фото-көрмесі бойынша мектеп басшыларының қатысушылармен кәсіби әңгімелесу алаңының ұйымдастырылуы қызықты болды. Форум соңында жас мамандар алған білімдерін қорытындылау мақсатында шығармашылық алаңда «Өнер жобасын» қорғап, іс шараны аяқтады. Педагогикалық шеберлік орталығы мамандары форумға қатысушы жастарға білім айдынына сәт-сапар тілей отырып, қимастықпен шығарып салды.
Р. ШАЛҒЫМБАЕВА,
А.Жексембеков атындағы орта
мектеп директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары, Алматы
облысының Еңбекшіқазақ ауданы
Загрузка...